Basty bet
Талантты жастар – тәуелсіз елдің болашағы!
«Аула клубы» мекемесі тәлім мен тәрбиенің орталығына айналып, талантты балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында елордасы Астана қаласында өткен «Жаңа адамдар» республикалық жастар форумында сөйлеген сөзінде: «Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын», деп атап өткені белгілі.
Шынында, Тәуелсіз Қазақстан жаңа тарихи бетбұрысты кезеңге аяқ басқан қазіргідей аса жоғары жауапты кезеңде ел жастарының жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, сонымен қоса, қолайлы жағдайдың жасалуы, оларға жауапкершілік жүгінің артылуы да жайдан жай емес. Қазір елімізде түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастардың оқып, білім алуына, кәсіп пен заманауи мамандық игеруіне, тіпті, халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына оқуға түсуіне қажетті жағдайлар жасалғанын жақсы білеміз.
ХХІ ғасыр – мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры. Қазіргі таңда баланың қызығушылығына септігін тигізіп, олардың қабілеті мен икеміне қарай жаңа қырынан танылуына, өмірлік жолынан адаспай, болашақ мамандығын анықтауда қосымша білім беруге арналған «Аула клубы» мекемелері жұмысының маңызы өте зор. «Аула клубы» дегеніміз – жастар мен жасөспірім, сондай-ақ, балаларға арналған мектептен тыс уақытта мәдени тәрбие мен қосымша әртүрлі саладағы үйірмелерге баулитын тәрбие беретін ұйымның түрі. Бұл ұйым түрі талантты балалардың болашақта жан-жақты, білімді, мәдениетті, ең бастысы, көреген әрі тәрбиелі болып қалыптасуына өзінің оң ықпалын тигізеді. Клубта балалар тек жан-жақты білім алып, өнер дағдыларын үйреніп қана қоймай, рухани тұрғыдан демалып, сонымен қоса, қоғамдық іс-шараларға да өз үлестерін қосуға мүмкіндік алады.
«Аула клубы» мекемесі жұмысының басты мақсаты – оқушылардың мектептен тыс бос уақытын тиімді пайдаланып, мектепте оқитын бірқатар пәнді тереңдетіп оқыту арқылы жалпы баланың талантын жан-жақты дамытып, ынта-ықыласын арттырумен бірге, бейімін жетілдіру болып табылады. Өйткені, өз ортасын тапқан баланың білім мен өнер үйренуге деген қызығушылығы мен жауапкершілігі артады. «Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, баланың бойында жасырынып, ашылмай жатқан түрлі өнердің ұшқынын жағып, оны жарқырата көрсету де үлкен өнер. «Аула клубында» балалар мен жасөспірімдерді жан-жақты білімді, қазіргі жаңа заманға сай бәсекелестікке қабілетті етіп дамыту, қызықты көпшілік-мәдени, қоғамдық шараларға тарту арқылы белсенділігін арттыру жұмыстарының жүйелі түрде қолға алынғанын баса айтқан жөн.
Жамбыл облысы Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты «Аула клубы» КММ-ында бірнеше бағыттармен жұмыстар атқарылып, онда баларды дамытуға бағытталған түрлі үйірмелердің жұмысы жүйелі түрде қолға алынған. Мекеме жұмысының сан қарлы әрі жоғары жетістікке толы екенін ескерсек, мұнда келуге ниетті оқушылардың саны жылдан жылға еселеп артып келеді. Қазіргі таңда аталған мекемеде орта есеппен 2 500-ден астам оқушы білім алып, өнер түрін үйрену үстінде. Бұл – атқарылған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.
2013 жылы ашылып, коммуналдық мекеме ретінде өз жұмысын бастаған «Аула клубы» қазіргі таңда барлығы жеті бағытпен жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жеті бағытта барлығы – 21 үйірме оқушыларға тұрақты қызмет көрсету үстінде. Атап айтқанда, ең бірінші – көркем-эстетикалық бағытта (қолөнер, қылқалам-сурет және хореография үйірмелері) бар. Клуб басшылығы аудан орталығындағы мектеп, мекемелермен тығыз қарым-қатынас орнатылып, үйірме жұмыстары көбінесе осындағы мектеп, мекеме базаларында өтеді. Екінші – ғылыми-техникалық бағытта робототехника, т.б. үйірмелер тұрақты өткізілуде. Мекемеде спорт-сауықтыру бағытына да көп көңіл бөлініп, онда бокс, таеквондо үйірмелерінде білікті бапкерлер – Бауыржан Сатаров, Бақытжан Дәуітов және Ғабиден Елшібаев спортқа құмар жас дарындарды жаттықтырып, жан-жақты баулу үстінде. Бұл бағытта одан бөлек, шахмат, футбол, баскетбол, үстел теннисі және қол күресі үйірмелері бар. Оларға Айнұр Нұрхожаева, Ерлік Наурызбаев, Жасұлан Арзымбетов жетекшілік етеді. Тілтанымдық бағыт та мекеме назарынан тыс қалмай, сөз өнеріне қызығатын оқушылар «Сөз зергері», «Все знайка», т.б. үйірмелерімен тұрақты қамтылған деуге әбден болады. Жаратылыстану, математика бағытында да мекемеге тұрақты келетін оқушыларға аталған пәндерді терең меңгеруге мүмкіндік мол. Оқушыларды тарихы терең, топырағы қасиетті өлке Жуалы өңірінің тарихымен және табиғаттың тылсым сырларымен және өлкетану ісімен кеңінен таныстыру мақсатында мекемеде туристік-өлкетану бағыты қолға алынып, аудандық тарихи-өлкетану музейімен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Әлбетте, мұның барлығы оқушыларды жан-жақты дамытып қана қоймай, олардың ел мен жер, Отан, туған өлке туралы таным-түсінігін қалыптастыратынын жақсы білеміз.
Үйірме жұмысына қайта оралсақ, мұнда «Қызықты математика» үйірмесіне Әлия Сауырбаева жетекшілік етіп, балаларға аталған пәннің қыр-сырын үйретіп жүрсе, бастауыш-гуманитарлық бағытта Самал Бақтыбекова, қолөнер үйірмесіне тәжірибелі әрі білікті педагог-маман Эльмира Болтаева, сөз зергері үйірмесіне Диана Жайшыбекова, хореографиядан Жазира Әбделиева, вокал үйірмесіне Әсем Жұбандықова, қылқалам-сурет үйірмесіне Пердеғали Тәжімұратов, ағылшын тілі пәнінен Шолпан Нұрымбетова, ал сөз өнері үйірмесіне мекеме директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрбану Қаржаубаева жетекшілік етіп, оқушылар талантының толыққанды ашылып, республикалық өнер-білім бәйгелерінде де жүлде алып, байқауларда алдыңғы қатардан көрінулеріне ерекше еңбек сіңіріп келеді.
Осы тұста «Аула клубы» мекемесінің Нұрлыкент ауылындағы №1 филиалында ұзақ жылдан бері жемісті қызмет атқарып, қолөнерге жақын оқушыларды аталған өнердің түріне баулып, мүсін өнерінің де қыр-сырын жан-жақты үйретуден шаршамай, шығармашылық жолда талмай ізденіс үстінде келе жатқан қолөнерші-мүсінші, білікті маман Мұзафар Өтеновтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Оның аталған мекемеде ұстаздық етумен қатар, суретші-безендіруші ретінде де қолтаңбасы айқын көрінеді.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халқымыздың ұлағатты сөзі бар. Оқушылардың жан-жақты дамып, елжанды азаматтар болып қалыптасуы білікті мамандардың жүйелі жұмысына тікелей байланысты екені дау тудырмайды. Бұл ретте «Аула клубы» мекемесінде білікті мамандар уақытпен санаспай жүйелі жұмыс атқару үстінде. Барлығы 80 педагог талантты оқушылардың шығармашылығын жан-жақты шыңдап қана қоймай, тәлім-тәрбиемен қатар, болашаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп келеді. Мекеме мұғалімдерінің 12-сі педагог-зерттеуші болса, 11-і педагог-сарапшы, модератор – 16, ал санаты жоқ – 39 педагог бар.
Айта кету керек, «Аула клубы» мекемесінің әкімшілігі ғимараттың тарлығына байланысты қазіргі таңда аталған мекеменің Диқан ауылындағы №2 филиалында орналасқан. Онда барлығы 10 қызметкер жұмыс атқарады. №2 филиал 2022 жылы қаңтар айында өз жұмысын бастап, қазіргі таңда Диқан ауылындағы №27 Диқан орта мектебінен және ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейін қоса есептегенде барлығы 300-ге жуық оқушыны түрлі үйірмелерге қамтып, шығармашылығын шыңдау үстінде. Клубқа келетін оқушы балалардың дені спорт үйірмелеріне қызығушылықпен қатысатынын айтады мекеме қызметкерлері. «Спорт – денсаулық кепілі» дейтін болсақ, жасөспірімдердің саламатты өмір салтын таңдауы – көңіл қуантарлық жағдай. Оқушылардың пәндерге деген қызығушылығының да өте жоғары екенін қуанышпен атап өткен жөн.
«Аула клубы» мекемесінің педагогикалық ұжымы білікті мамандар мен талантты оқушылардың түрлі өнер-білім, спорт, т.б. бәйгелерде топ жарып, осы жолда жеткен жарқын жетістіктерімен мақтанады. Алдыңғы жылдарды айтпағанда, 2024-2025 оқу жылында оқушылар халықаралық байқауларда – 20, республикалық байқауда – 54, ал, облыстық деңгейдегі байқауларда алдыңғы қатардан көрініп, барлығы – 59 жүлдеге қол жеткізген.
Талантты да білімді жастар – Тәуелсіз елдің болашағы. Ел болшағының дұрыс қалыптасуына елеулі еңбек сіңіріп, жүйелі жұмыстарымен қоғамға үлгі болып жүрген «Аула клубы» мекемесінің іргелі педагогикалық ұжымының мүшелеріне шығармашылық табыс тілейміз!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
