Basty bet

Қоныс той құтты болсын!

Б.Момышұлы ауылындағы 18 пәтерлі тұрғын үйдің кілті иелеріне табыс етілді

Баспанасы жоқ отбасылар тұрмысының қаншалықты деңгейде болатынын айтпай-ақ түсінуге болады. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Халықтың тұрмысындағы маңызды көрсеткіш – тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Тұрғын үйге қол жеткізу мәселесі бұрын да болған, өкінішке қарай, бұл мәселе қазір де өзектілігін жойған жоқ. Өйткені, тұрғын үй адамдардың ең басты мұқтажы болып отыр.

Қалың жұртшылықтың жадында болса, еліміз тәуелсіздігін алған 1990-шы жылдары республикада тұрғын үй салу деңгейі төмендеп кетті. Тек 2000 жылдан бастап Қазақстан экономикасының ілгерілеуімен байланысты тиісінше, тұрғын үй құрылысы да соңғы жылдары қайтадан көтерілді. 2002 жылы үй құрылысына 29,4 млрд. тенге инвестициялық қаржы жұмсалып, көрсеткіш 2001 жылмен салыстырғанда 7,9%-ке артқан. Тұрғын үй құрылысы, урбанизациялық үдерістері артқан өңірлерде, әсіресе, Алматы мен Астана қалаларында кең өріс алды. Қазіргі таңда аталған мәселеге мемлекет деңгейінде көңіл бөлініп, бүгінде жекелеген мемлекеттік бағдарламалар арқылы бұл мәселенің түйінін тарқатуға мүмкіндік туып отыр.
Халықтың осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қай кезде де ел билігінің күн тәртібінен түспейді. Тиісінше, аталған маңызды мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында кеңінен көрініс тауып отыр.
Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды»,- деп атап өтілгені белгілі. Ал ұлт саулығының артуы дәл осы тұрғын үймен қамту мәселесімен тікелей байланысты.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да тұрғын үймен қамту мәселесіне баса назар аударылды.
«Мен сайлау алдындағы бағдарламамда бірыңғай тұрғын үй саясатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатынмын. Негізгі қағидат – тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру.
Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет.
Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады»,- деді Президент.
Иә, Президенттің пәрменіне сәйкес, Үкімет бағдарламаға қатысуға арналған айқын критерийлерді белгілеп, шын мәнінде көмекке мұқтаж жандарға ғана қолдау көрсетуге тиіс.
«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, қара шаңырағында ел қатарлы ұрпақ өрбітіп, толыққанды өмір сүруді кім армандамайды дейсіз?! Әсіресе урбанизация үдерісі белең алған өңірлерде баспана проблемасының өте өзекті болуы бір жағынан түсінікті де. 2016 жылдың соңында Үкіметте «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын бекітудегі басты мақсат та сол, халықтың баспаналы болсам деген арманын ақиқатқа айналдыру болатын.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бүгінде Жуалы ауданында да табысты жүзеге асырыла бастады. Бағдарламаның аясында осыдан бірер жыл бұрын ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылының шығыс жақ бетіндегі «Көктөбе» тұрғын үй алқабынан жер алу кезегінде тұрған азаматтарға үй салу үшін 170 жер телімі берілсе, содан іле-шала аудан орталығынан көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Бағдарламаның аясында 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, міне, бүгін пайдалануға берілді.
Айта кетуіміз керек, еліміз тәуелсіздік алған 32 жылдың ішінде Жуалы ауданында мұндай бірде-бір тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген жоқ. Бұл – өңірде тұңғыш рет құрылысы жүргізіліп, пайдалануға беріліп отырған тұрғын үй. Баспанаға қол жеткізген жекелеген тұрғындардың қуанышында әсте шек жоқ. Ал кейбірі үйлі болғанын сөзбен айтып жеткізе алмады. Мұның бәрі ең біріншіден мемлекеттік қолдаудың жекелеген тұрғындарға сыйлаған қуанышы екені анық.
«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында салынған 18 пәтерлі тұрғын үйдің ашылу салтанатына аудан әкімі Жалғас Мұртаза, аудандық ардагерлер кеңесі және қоғамдық кеңестің төрағалары Сейітхан Жұмашев, Әбдікерім Уркумбаев, «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры Шора Ысқақов, аудандық әкімдіктің тиісті бөлім басшылары және Б.Момышұлы ауылының әкімі Керімхан Төреқұлов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов қатысты.
Ал қоныс тойдың қуанышына баспанаға ие болған тұрғындар және олардың туған-туыстары, сонымен бірге, ауыл тұрғындары көптеп жиналды.
Алғашқы құттықтау сөз аудан басшысы Жалғас Мұртазаға берілді.
-Құрметті ауыл тұрғындары және қоныс той иелері! Сіздерді ең алдымен мына жаңа баспананың қолданысқа берілуімен байланысты болып жатқан қоныс тоймен шын жүректен құттықтаймын. Аудан орталығындағы 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттің қаржылай қолдауымен жүргізіліп, қолданысқа беріліп отыр. Халықтың белгілі бір бөлігін тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттің басым саясатының негізгісі болып табылады. Бұл тұрғын үйге инфрақұрылым жүйелері толықтай тартылған. Көгілдір отын, ауызсу және электр жарығы келіп тұр.
Жуалы ауданында тұрғын үйдің қолданысқа берілуі үлкен қуаныш. Пәтерлер өңірдегі әлеуметтік осал топтарға және көпбалалы отбасыларға, шын мәнінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға беріліп отыр. Бұл – Сіздерге мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен көмек-қолдау. Өңірде тұрғын үй құрылысын жүргізу жұмыстары алдағы жылдары да өз жалғасын таба береді.
Қоныстарыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деді Жалғас Әлижанұлы. Өңір басшысы осылай тілегін білдіре келе, қоныс той иелеріне пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.
Келесі кезекте жиналған жұртшылықты Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Кемелбек Дәуренов құттықтап, ақ батасын берді. Ал тұрғын үйдің кілтіне ие болған отбасылардың арасынан Амантай Бақбергеннің әжесі, ақ жаулықты ардақты ана Ләйла Сапарқызы және көпбалалы ана Күлзахира Әлімбаева сөз сөйлеп, баспананың құрылысын жүргізуге қолдау көрсеткен ел Үкіметіне және облыстың, ауданның басшылығына аналық алғыстарын жаудырды.
Айта кету керек, тұрғын үйдің құрылысын «Бином» ЖШС жүргізді. Тұрғын үйді қолданысқа беру салтанатында аталған серіктестіктің атқарушы директоры Мұхамед Қарынбай да сөз сөйлеп, қоныс той иелеріне құтты болсын айтты.
Тұрғын үйдің ашылуынан кейін жиналған жұртшылық пәтерлерді аралап көрді. Үш қабаттан, екі кіреберістен (подъезд), 18 пәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері екі бөлмеден тұрады. Ас пісіретін бөлмесі, жуынатын т.б. бөлмелері қарастырылған.
Ұзақ жылдан бері ауданның тұрғын үй кезегінде тұрып, баспананың таршылығын көрген жанның бірі – Нұрбибі Дәулеталиева. Нұрбибі отбасында үш бала тәрбиелеп отырған осал топқа жататын жалғызбасты ана. Ол пәтер кезегін ұзақ жыл күткенін айтып, енді міне, баспанаға ие болғанына қуанышты екенін жасырмады.
-Осы күнге дейін басты мәселеміз – басымызда баспанамыздың жоқтығы болатын. Үйі жоқ адамның жайы да белгілі ғой. Ұзақ жылдар туған-туысты сағалап, пәтер жалдап тұрып келдік. Шыны керек, бұлай күн көру мен сияқты қорғаны жоқ жалғызбасты аналарға өте қиын. Оның үстіне, жұмыс істеп, балаларды асырап жеткізуің қажет. Басқа да проблемалар бар. Мұның бәрін атқару жалғыз адамға оңай емес. Ұзақ жыл сарғайып күткен арманымыз бүгін ақиқатқа айналып отыр. Ел басшыларына алғысымды айтамын. Өте қуаныштымын. Енді біздің өз үйіміз бар. Бүгін үйлі болған барлық ауылдастарыма құтты болсын айтамын!- дейді ол.
Б.Момышұлы ауылында салынған көпқабатты тұрғын үйден баспана бұйырған отбасының бірі – Замира Аймаханованың отбасы. Замира апай отбасында сегіз бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Екі баласының мүмкіндігі шектеулі. Енді бұл отбасының да басында баспанасы бар. Қоныс той күні бұл отбасы екі бөлмелі пәтерінің бір бөлмесінде ақ дастарқан жайып, көрші-қолаңға дәм татқызды. Дастарқан басында ауыл қариялары мен көпті көрген ақ жаулықты, ардақты ана Ләйла Сапарқызы көпбалалы бұл отбасына игі тілектерін айтып, қонысының құтты болуына тілектерін білдірді.
Мемлекеттік қолдаудың негізгі шаралары халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету дейтін болсақ, алдағы жылдары бұл бағытта өңірімізден облыс басшылығының қолдауымен көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіле беретін болады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close