Basty bet
Жемісті әрі жеңісті жаңа реформалар жүзеге асуда
Егемендік – біздің мәңгілік рухани құндылығымыз, халқымыздың бағы мен бақыты. Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқан жылдар аралығында қоғамның барлық салаларында дерлік ілгерілеу байқалды. Оның ішінде қоғам өмірінің маңызды бөлшегі, ел болашағының тірегі болып отырған білім және ғылым саласы.
Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші. Сондықтан да Тәуелсіз Ел атанған алғашқы күннен бастап білім, біздің алдымызда ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту мақсаты тұрған болатын. Бүгінде осы талап биігінен көрініп, елімізде білім, ғылым салалары айрықша даму жолына түсті. Білім беру саласында жүргізілген нәтижелі реформаларға сәйкес, бірқатар өзгерістерге қол жеткіздік.
Білім беру мекемелерінің құзіреті кеңейді, жалпы орта білім мен мемлекеттік оқу орындарында кәсіби білімді тегін оқытуға мемлекет кепілдігі берілді, үш тілде оқыту жүйесі енгізілді, шет ел азаматтарына Қазақстан Республикасында білім алуға рұқсат берілді, көптеп білім беру гранты бөлінді, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарына кәсіби білім алу мен академиялық еркіндік беру арқылы бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берілді. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап білім саласында қабылданған реформалар жемісті әрі жеңісті болды. Білім берудің жаңа деңгейге көтерілуі, жылдар бойы жеткен жетістіктеріміз ұстаздарымыздың нәтижелі еңбегінің арқасында жүзеге асты. Алда әлі талай асу, биік белестер бар.
“Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек”, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қаңтарға дейін тәрбиешілердің жалақысы жыл сайын 25%-ға көтерілді. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап тағы 30%-ға өсті. Осылайша, 97 мыңнан астам педагогтың жалақысы 2,5 есеге артты.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында 20390 педагог өзінің кәсіби біліктілігін арттырады. Сонымен қатар, Үкімет балабақшаларда жаңа орындар ашу бойынша шаралар қабылдауда. Жыл басынан бері 29620 орындық 307 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жыл соңына дейін балабақшаларда барлығы 81 мың жаңа орын, ал 2025 жылға дейін 223 мың жаңа орын ашу жоспарлануда.
Данагөй бабаларымыз: «Бір жылын ойлаған халық бидай егеді. Жүз жылын ойлаған халық ағаш отырғызады. Мың жылдығын ойлаған халық ұрпақ тәрбиелеп өсіреді» демекші, былтырғы жылы қасиетті Жуалы өңірінде №27 Диқан орта мектебі, №31 Ақтасты бастауыш мектебі, №23 Алатау орта мектептеріне жаңа ғимараттар салынды. Сонымен қатар, бірқатар мектеп күрделі жөндеуден өткен болатын. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылы Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілді және жаңа модульдік қазандық орнатылды.
Ауыл мен қала мектептері арасындағы оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты жою – басты мәселе. Осы орайда, «Ауылдық жердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы жүзеге асуда десек, оның игілігін Жуалы халқы да сезінуде. Жуалы ауданындағы Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейі де тірек мектебі ретінде өз жұмысын бастады. Оқу ордасы ағымдағы жылы «ауылдық жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында материалдық-техникалық базасы толығымен жаңғыртылған. Күрделі жөндеуден өткен мектепте бүгінде оқушылардың жан-жақты, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалды.
Осы ретте қаншама түлектерді ұшырып шығарған, бірнеше жылдық тарихы бар №30 Көктөбе орта мектебін қалың оқырманға таныстыруды жөн көрдік. Аталған мектепте білім нәрімен сусындап, жаңа өмірге жолдама алғандар – бүгінгі күнде ел тұтқасын ұстаған беделді азаматтар. №30 Көктөбе орта мектебі ел мерейін асқақтатып, дарабоз тұлғаларды баптайтын құтты мекен, алтын ұя болып табылады.
Мектеп 250 орындық, екі ауысымда жұмыс жасайды, кабинеттер заманауи талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Компьютер сыныбы, робототехника сыныбы, инклюзивті сынып, химия-биология кабинеттері, шеберхана, дәрігер кабинеті және спорт зал, акт залы және асхана бар. Нақты айтар болсақ, мектепте 85 компьютер, интербелсенді кабинет саны – 6.
Қазіргі таңда ұжымда 55 мұғалім, 23 кіші қызметкер жұмыс жасауда. Бүгінгі күні мектепте 3 педагог-шебер, 8 педагог-зерттеуші, 24 педагог-сарапшы, 12 педагог-модератор біліктілігімен жұмыс атқаруда. Педагог санатымен жұмыс істеп жатқан ұстаздар саны – 8. Сонымен қатар 1 педагог биология пәнін үштілділік бойынша ағылшын тілінде жүргізеді. Оқушы саны – 312.
Соңғы 3 жылда 4 шәкірт «Алтын белгі» иегері атанса, 8 шәкірт «Үздік аттестат» иегері. Былтырғы оқу жылында мектеп аудандық «Үздік ұйым» байқауында 2 орын иеленді. Білім сапасы 68% -ды құрайды. Былтырғы ҰБТ-ның қорытындысы – 67% құрады. 9 сыныптарда 12 оқушы «Үздік» куәлікке аяқтаса, 11 сыныптар бойынша 5 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Жас ұрпақты сәулетті қоғамымыздың жан-жақты жетілген, жарасымды азамат етіп қалыптастыру – мектеп ұжымының мақсаты, шын жүректі тілегі.
Мектеп ұстаздары мен педагог кадрларының аудан және облыс көлеміндегі жетістіктері көңіл қуантарлық. Биылғы оқу жылында олар облыстық пән олимпиадасынан қазақ тілі, география және информатика пәндері бойынша жүлделі орындарға ие болды. Биылғы оқу жылында биология пәнінің мұғалімі Айшат Қалдасбекова облыстық «Үздік педагог» байқауында І орын иеленіп, қараша айында өтетін Республикалық байқауға жолдама алды. Сонымен қатар Республикалық «Директордың үздік орынбасары» байқауынан Гүлжан Әбіқай І орынды иеленіп мектеп абыройын асқақтатты.
2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен мектеп басшысы орынбасары Марат Сәдібекұлы марапатталса, ал Бақытгүл Асанқызы Алғысхатпен марапатталды.
Оқушылар спортпен айналысуына, саламатты өмір салтын қалыптастыруда мектептен үйірмелер жұмыс жасауда. Шахмат, тоғызқұмалақ, волейбол, баскетбол және футбол үйірмелері аудан көлемінде жарыстарға оқушылары қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Жаңашыл да, жігерлі басшы Марат Сармановтың тікелей жетекшілігімен мектепте заман талабына сай жаңа технологиямен сабақ беретін ұстаздар қатары көбейіп, білім сапасы жақсы көрсеткішке жетіп отыр.
Ұстаз еңбегінің мәні мен сәні тәрбиелеген шәкірттерге байланысты. Егер ол өмір мұхитынан өзіне лайықты орын тауып, халқына, Отанына адал азамат болса, Ұстаз да бұтағы көп, жапырағы қалың, көлеңкесі мол бәйтерек тәрізді сәнденіп, гүлдене бермек.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»