Basty bet
“Шын пейілмен атқарылған тірлік нәтижелі болады”
Ардагер мал дәрігері Қарымсақов Бескемпір 1944 жылы Сіргелі деген ауылда өмірге келген. Ауылдағы төрт жылдық мектепті бітіріп, әрі қарай Қайрат ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы орта мектебінде білім алады.
1961-1964 жылдары Жамбыл мал дәрігерлік техникумын тамамдап, үш жыл әскер қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді.
Еңбек жолын “Большевик” шаруашылығында мал дәрігері болып бастайды. 47 жыл еңбек өтілімен зейнет демалысына шыққан ардагер сауынды сиыр, қой фермаларының меңгерушісі, бас мал дәрігері болып жұмыс істеген. Мамандығының ыстық-суығын көріп, мол тәжірибе жинаған ардагер мал дәрігерін ауылдағы ағайын әлі де көмекке шақырып тұрады. Ардагер елге көмек беруден, жастарға тәжірибесін бөлісуден жалыққан емес.
Кісінің еңсесін көтеріп, мәртебесін асыратын қашан да адал еңбек қана. Бескемпір Қарымсақұлы алты жасында асқар тау әкесінен айырылып, отбасында әпкелері мен қарындастарына тірек, анасына сүйеу болып, еңбекке де ерте араласады.
Әкесі жылқышы болып жұмыс істесе, анасы Халиша шаруашылықтың қызылша алқабында еңбек еткен.
-Біздің әке-шешеміз өте еңбекқор жандар еді. Біз де, жалпы біздің замандастарымыз да еңбекпен шыңдалдық. Еңбекпен шыңдалған адам төзімді, ішкі рухы мықты болады.
Біздің жас кезімізде қай сала болсын мамандар тапшы еді. Есімде бала кезімізде көрші ауылда бір дәрігер әйел кісі бар еді. Сол кісі күн демей, түн демей осы ауылдарды атпен аралап жүріп қызмет ететін. Мал дәрігерлерден бір кәріс жігіт бар еді. Бір жолы біздің сиырымыз ауырып, сол мал дәрігері сиырдың ішіндегі өлі бұзауын алып, сиырымыз аман қалғаны бар. Осы оқиға маған қатты әсер етті ме, әйтеуір мал дәрігері мамандығын оқығым келді. Әрі десе ауылдағы халықтың негізгі күн көріс көзі мал ғой. Мал да тірі жан болғандықтан ауырады. Ал, оларды емдейтін мал дәрігері тапшы. Бұл жағдай да менің мамандық таңдауыма үлкен әсер етті.
Біздің заманда барлық жұмыс қазіргідей оңай атқарылмайтын. Күн-түн демей малшыларды атпен аралап жүріп жұмыс істейміз. Малдың диагнозын дәл қойып, дұрыс ем жасау үлкен жауапкершілік. Жұмыс барысында қиын сәттер көп болды. Жылқының, сиырдың амандығы үшін ішіндегі өлі төлді кескілеп алу қажет болған жағдайлар кездесті. Жалпы “Медицина адамды емдесе, ветеринария адамзатты емдейді” демекші, мал сау болса, адамзат та сау болады.
Біздің заманда қай маман иесі болсын өз жұмысын бар ынтасымен атқарушы еді. Шын пейілмен атқарылған тірлік нәтижелі болады.
Қазір қай сала болсын қолында дипломы бар жастар көп. Бірақ сапалы мамандар жоқтың қасы. Мысалы, қазір малға дәрі еге алмайтын мал дәрігерлері бар. Сонда олар не оқыды? Неге олар дұрыстап оқып, білікті мамандардан тәжірибе алмайды? Ата-ана, мұғалімдер неге қадағаламайды? Жауапкершілік қайда? Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз қалай болады?
Ата-анамыз бізді еңбекке ерте баулыды. Сабақтан келе салып үйдің тірлігіне көмектестік. Қиын-оңай демей жұмыс істедік. Қанша қиын тұрмыс кешсек те кісінің ала жібін аттамадық. Қулар мен сұмдар, жемқорлар ол заманда да болды. Бірақ қазір олар көбейіп кеткендей. Адамдар жұмысын немқұрайдылықпен атқарады. Қиналмай, мүмкін болса жұмыс істемей-ақ жақсы өмір сүргісі келетіндер аз емес. Біздің елді, қоғамды қинап тұрған осы жайттар.
Адалдық, адал еңбек кісіні мұратына жеткізеді, елдің еңсесін көтереді,- дейді ардагер мал дәрігері.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстанның экономикалық бағдары” атты жаңа Жолдауында адалдық, адал еңбек, әділеттілік туралы айта келіп, берекелі бірлігімізді сақтап, табандылықпен еңбек етсек, Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекетті табыстасақ деген ұлы мақсатты жеткізді. Иә, ардагер айтқандай, барлығымыздың ұстанымымыз, мақсатымыз – ұрпағымыз алғыс айтатындай дәрежеде еңбек ету болса, нұр үстіне нұр болар еді.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”