Basty bet
Салық төлеу – азаматтық парыз!
жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы семинар-кеңес өтті
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексіне сәйкес, салық төлеушілерге жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған кеңес ұйымдастырылды. Жуалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы ұйытқы болған семинар-кеңеске аудандық әкімдіктің бөлім басшылары, ауылдық округтің әкімдері, салық саласына жауапты бас маман-қаржы агенттері, БАҚ өкілдері және т.б. шақырылды.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді алған Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс басқармасының басшысы Ерлан Нұрмұханбетов, жиналғандарға жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар және жеңілдіктер туралы кеңінен айтып берді.
– Жаңа Салық кодексінің негізгі мақсаты – кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға және салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге жағдай жасайтын әділ, икемді әрі цифрландырылған салық жүйесін құру болып отыр. Құжатта дифференцияланған салық мөлшерлемелерін енгізу, салықтар мен алымдар санын қысқарту, арнайы салық режимдерін реформалау және салық төлеушілермен өзара іс-қимылдың сервистік моделіне көшу көзделген,- деп атап өтті МКД-ның басқарма басшысы.
Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс басқармасының басшысы Ерлан Нұрмұханбетов ары қарай жаңа Салық кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер туралы баяндап, атап айтқанда, корпоративтік табыс салығы, инвестициялық салық преференциялары, мүгедектігі бар адамдардың ұйымдарына салық салу, аванстық төлемдер, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер туралы, жеке табыс салығының құрылымы, әлеуметтік салық және шегерімдер туралы, әлеуметтік төлемдердің салық шегерімдері, акциз туралы, меншікке салынатын салық, заңды тұлғаларға салынатын салық, жер салығы, арнаулы салық режимдері, жаңа Салық кодексіне енгізілген үш негізгі өзгеріс туралы, салықтық әкімшілендіру, тәуекелдерді басқару жүйесі, салық есептілігі, қосылған құн салығын қайтару, салықты төлеуді кейінге қалдыру, камералдық бақылау туралы, салықтық тексеру, сонымен қатар, салық берешегін мәжбүрлеп өндіру турасында кеңінен әңгіме өрбітіп, салық жүйесіне енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Семинар-кеңес барысында Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг басқармасының бас маманы Жандос Лахаев арнаулы салық режимдерінің біршама азайтылғанын атап өтіп, шаруа қожалықтардың салық есептілігі туралы айтып, жаңа кодекстегі бірқатар өзгеріске тоқталды.
Жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізген Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты мамандары қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға да тыңғылықты жауап беріп, кодекске енгізілген өзгерістерді аудан жұртшылығы арасында кеңінен түсіндіру қажеттігіне де назар аударды.