Basty bet

ардагерлер Оқушылармен кездесті

Көктөбе ауылындағы №30 Көктөбе орта мектебінде Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған ақиқаты» тақырыбында кездесу өткізілді. Кездесудің мақсаты – оқушыларға патриоттық тәрбие бере отырып, елін, жерін және Отанын қорғауға, туған елін қадірлеуге, бағалауға үйрету. Ауған соғысы туралы тереңірек деректермен таныстыру, ардагерлерді құрметтеуге тәрбиелеу.
Кездесуге Ауған соғысының ардагерлері – Ғалым Қылышбаев, Кенжехан Раздықов, Қази Тасымбетов және Пердебай Оспанов қатысты. Кездесуді директордың құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары А.Бурулбаев ашып, ардагерлерді атаулы күнмен құттықтады.
Кездесу барысында ардагерлерге сөз беріліп, олар сол соғыс кезеңдеріндегі оқиғаларымен бөлісті. Оқушылар ардагерлерге сұрақтар қойып, пікір алмасты. 5-7 сынып оқушылары «Атамекен» әнін хормен орындап, сахналық көрініс қойды. Ал 2 сынып оқушылары ардагерлерге арнауларын айтса, Н.Керімбай «Біргеміз» әнін, З.Торланбай, А.Асылбек, А.Асан домбырамен халық күйлерін, А.Алтынбай «Бір жұлдызым болармын» әнін, Д.Ноғай, Н.Сман «Туған өлкем» әнін шырқап, Б.Байұзақ «Қазақ елім-байтағым» әнін орындап, жағымды көңіл-күй сыйлады.
«Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті» деген. Өмірінің өлшеулі бір бөлігін жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от ортасында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағалармен кездесіп, сұхбаттасумен бірге, олардың естелік әңгімелерін тыңдау – оқушылар үшін патриоттық тәрбиенің бастауы.

Бақытгүл Балқыбекова,
№30 Көктөбе орта мектебі
директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close