Basty bet
Негізгі міндет – әділ, ашық мемлекеттік аппарат қалыптастыру
Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетіктерінің бірі. Бүгінгі қоғамда мемлекеттік қызметшілерге үлкен міндеттер жүктелген. Мемлекеттік қызметшінің жұмысы терең білімділік пен іскерлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті де талап етеді. Сондықтан, адам құндылығына қызмет ету қашанда мерейлі екенін ойласақ, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберліктері мен біліктіліктеріне сенім артқан жандардың көңілінен шығу қашанда парыз болмақ.
Мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесі қарсаңында тәуелсіз елімізді өркендету жолында еселі еңбек етіп жатқан қызметшілерге ризашылығымызды білдіреміз.
Мерекеге орай Жуалы ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Еркебұлан Қамбарбековпен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында мемлекеттік қызметшілердің рөлі төңірегіндегі мәселелер бойынша сұхбаттасқан едік.
-Еркебұлан Бекұлы, төл мерекелеріңіз құтты болсын!
-Рақмет!
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты халыққа арнаған Жолдауында ел дамуының жаңа кезеңге қадам басқанын айта келіп, қоғам игілігіне арналған қызметтер сапасының жоғары болуына баса назар аударды. Осы тұрғыда мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталып өтсеңіз.
-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуды ел дамуының жаңа кезеңіндегі басым бағыттың бірі ретінде айқындады. Бұл өз кезегінде халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, сервистік сипаттағы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту, мемлекеттік қызметке орналасуды және одан шығуды жеңілдету, дарынды басқарушыларды және жеке сектордан кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, стратегиялық адам ресурстарын дамыту шараларын қамтиды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылғы желтоқсан айында мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету бойынша қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден (В+) жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке орналасуды жеңілдетеді. Мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыру мақсатында «Е-қызмет» жүйесі жаңғыртылды және оның базасында биылдан бастап жаңа іріктеу жүйесі пилоттық жоба ретінде іске қосылды.
Заңнамаға енгізілген өзге де толықтыруларға сәйкес, бұдан былай екі тоқсан бойы тиімсіз деп бағаланған қызметшілердің лауазымы төмендетіледі, ал төменгі бос лауазым болмаған жағдайда қызметтен шығарылады. Бұл мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетеді.
Осы айтылғандармен қатар, мемлекеттік басқару академиясына оқуға түскен мемлекеттік органның қызметшісі оқудан кейін міндетті түрде сол органда жұмыс өтеуі тиіс деген талап алынып тасталды. Бірақ академия түлегінің жалпы мемлекеттік қызметте үш жыл жұмыс өтеуіне қатысты талап сақталады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агентігінің тарапынан Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру бағытында мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу, оның ішінде, кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке тарту, меритократия қағидаттарын ілгерілету, мемлекеттік қызметке қабылдау мен іріктеуді цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.
-Ауданда қанша мемлекеттік қызметші бар? Олардың ішінде жастар мен әйелдердің үлесі қандай? Білім деңгейі қандай? ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына құжат тапсырушы үміткерлер бар ма? Жалпы мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіру жұмыстары туралы айтып берсеңіз?
-Қазіргі таңда Жуалы ауданының әкімдігінде барлығы 151 мемлекеттік қызметші табысты еңбек етіп жүрсе, 1 қызметші бала күтіміне байланысты демалыста. Әкімдік қызметкерлерінің 96%-ы жоғары білімді болса, 4% орта білімділердің үлесіне тиеді.
Мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесі 34%, жастардың үлесі 47% (35 жасқа дейін).
2 жылдан артық еңбек өтілі бар әкімдіктің мемлекеттік қызметшілері арасында ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясына магистратура білім беру бағдарламасына 2023 жылға құжат тапсыру ағымдағы жылы қарқынды жүруде. Алдағы айларда нәтижесі белгілі болады. Академияға оқуға құжат өткізуге ниет білдіруші мемлекеттік қызметшілер мен өзге де тұлғаларға 2023 жылдың 30 маусымына дейін құжат тапсыруға мүмкіндіктері бар.
Мемлекеттік қызметшілерді оқыту Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 15 наурыздағы №125 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру қағидаларын, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын білім беру ұйымдарына қойылатын талаптарды бекіту туралы» қағидасына сәйкес жүзеге асырылады. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді. 2022 жылы 44 қызметші біліктілін арттыру курсынан өтсе, 2023 жылға 62 қызметшінің біліктілігін арттыру курсына қатысуы жоспарланған. 2022 жылы мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш кірген 5 қызметші қайта даярлау курсынан өтсе, 2023 жылға 8 қызметшінің қайта даярлау курсына қатысуы жоспарланып отыр. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру семинарларында мемлекеттік қызмет саласындағы маңызды тақырыптар қамтылады.
-Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этиканы сақтауы, азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қатысты шағымдары қаншалықты бақылауда?
-Қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін бұзушылықтардың профилактикасын қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыру, сондай-ақ өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультация беру аудан әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкіліне жүктелген. Яғни, Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерінің әрекеттеріне қатысты заңбұзушылықтарға жол бермеу шаралары қатаң бақылауда.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығына сәйкес, «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» жаңа редакцияда бекітілген болатын. Аталған кодекс талаптары барлық мемлекеттік қызметшілерге таныстырылып, кодекстің мәтіні мемлекеттік органдардың ғимараттарында көпшіліктің қарауына қолжетімді жерлерде орналастырылды. Бүгінгі күнде аудан әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері арасында әдеп нормаларын бұзып, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар жоқ.
Мемлекеттік қызметшілердің әрекеттеріне қатысты БАҚ-та, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде жарияланған материалдарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады.
-Барлық салада мәселенің түйінін білікті маман шешеді. Мемлекеттік қызметте кадрларды даярлау, ЖОО үздік бітірген жас мамандарды қызметке тарту, маманды дұрыс таңдай білу мәселелері өз деңгейінде болмауының салдарынан бүгінгі қоғамда көптеген кемшіліктер орын алуда. Осы мәселе тұрғысынан алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
-Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады. Яғни кандидаттар арнайы қалыптыптастырылған комиссия мүшелерімен қызметкерлерді жұмысқа қабылдау барысында оның қабілетіне, жұмысқа деген талпынысына қарай іріктеледі. Бұл ретте, бүгінгі таңда ауданымызда білім деңгейі төмен қызметкер жоқ деп айтуға негіз бар.
Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткенімдей, биылдан бастап заңнамаға енгізілген өзгеріске сәйкес, жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген, оқуда жоғары көрсеткіштерге (GPA 3,33-ден (В+) жоғары) жеткен түлектер аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындала алады.Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға тұрақталуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек. Ол үшін тек білімді және құзыретті болу жеткіліксіз. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Бұл жерде мінез деп адамның ішкі рухын, адамдардың игілігі үшін елге қызмет етсем деген жүрек қалауын айтып отыр емес пе?! Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Осы қағиданы әрбір мемлекеттік қызметші қаперінде ұстауы керек. Түйіндей айтқанда, біздің негізгі міндетіміз – халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін мемлекеттік аппарат қалыптастыру.
-Мемлекеттік қызметшілерге деген игі тілегіңіз.
-Құрметті әріптестер! Сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ауданымыздың әлеуметтік- экономикалық дамуы жолындағы және мемлекеттік қызметтегі қажырлы еңбектеріңіз жемісті болсын. Барлық бастамаларыңызға сәттілік, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке және қызметтеріңізге табыс тілеймін.
-Әңгімеңізге рақмет! Қызметте абыройлы болуларыңызға тілектеспін!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”