Basty bet

Құрбандық шалу және Құрбан айт

Құрбан мерекесі хижра жыл санауы бойынша Зульхиджа айының оныншы жұлдызынан бастап қатарынан төрт күн аталып өтіледі. Осы күндерде құрбан шалынады. Соған байланысты бұл мереке Құрбан мерекесі деп аталған.
Құрбан сөзі «Аллаға жақындау, Алланың разылығын табу» деген мағынаны білдіреді. Негізінде бұл мерекенің тарихы Ибарһим пайғамбар мен ұлы Исмайлдан бастау алады. Алла тағалаға деген бағыныштылығымен сыналған Ибраһим пайғамбар Жаратушысын разы ету үшін, ұлы Исмайлды құрбандыққа шалмақшы болады. Алла тағала оған Исмайлдың орнына көктен түсірген қошқарды құрбан етуін бұйырады. Осындай үлкен сынақты бастарынан өткерген әкелі-балалы қос пайғамбардың тағылымы бүгінде мұсылман қауымы үшін ғибрат-өнеге болып келеді.
Құрбандық шалу мал-мүлік арқылы атқарылатын ғибадат түріне жатады. Бұл күндері Алла разылығы үшін құрбандық шалған кісілерге көптеген сауап уәде етілген. Мұхаммед пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп бұйырған: «Ешбір құл құрбан күні Алланың құзырында құрбандық қанын ағызғаннан артық жақсы амал жасай алмайды. Өйткені, шалынған мал қиямет күні мүйіздерімен, қылдарымен және тұяқтарымен келеді. Шалынған құрбандықтың қаны жерге ақпастан бұрын Алланың құзырында жоғары мәртебеге жетеді. Олай болса, шын көңілмен құрбан шалыңыз».
Алла разылығы үшін шалынған құрбандық ақыретте өтуі өте қиын «Сырат» көпірінде иесі үшін мініс құралы ретінде көмекке келеді. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл жайында былай деген: «Малдың жақсысы мен тәуірін құрбандық ретінде таңдаңыз. Өйткені, ол «Сырат» көпірінде сізге көлік болады».
Құрбан шалудың әлеуметтік тұрғыдан да бірқатар пайдалары бар. Атап айтсақ, құрбандық шалу – қоғамда бауырластық, өзгеге көмек беру, жанқиярлық және ынтымақтастық сынды жақсы қасиеттердің пайда болуына және одан ары нығая түсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ қоғамда әділеттіліктің күшеюіне өзіндік септігін тигізеді. Әлеуметтік топтар арасындағы белгілі бір алшақтықтың жойылуына және әр түрлі деңгейдегі адамдардың бір-бірінің жағдайын білісіп, тұрмыс-тіршілігін жақыннан тануға және етене араласуына едәуір ықпал етеді.
Кедей, ет сатып ала алмайтын немесе қаражаты жетіңкіремей аз ғана мөлшерде ет алып жүрген адамдардың өмірінде құрбандықтың қаншалықты берекетті екендігіне көз жеткізу аса қиын емес.
Құрбандық дәулетті кісіні Алланың разылығына бөлену үшін, мал-мүлкін беруге үйретеді. Қол ұшын созып, көмектесуге ынталандырады және өзгеге жәрдем беруден алған рахат сезімін ар-ұжданымен сезіндіреді. Осылайша оны сараңдық дертінен, дүниелік мал-мүлікке деген тәуелділіктен құтқарады.
Құрбан шалу кедей-кепшіктердің бай кісілер арқылы Алла тағалаға шүкіршілік етуіне себепші болады. Кедей кісі құрбандық арқылы дүние нығметтерінің жер бетіндегі таралымы жайындағы орынсыз ойдан және өшпенділіктен өзін құтқарады. Сонымен қатар, өмір сүріп жатқан қоғам тарапынан өзінің еленіп-ескерілгендігін сезінеді.
Мұнымен қатар құрбанның бізге беймәлім көптеген пайдалары бар. Дегенмен ғибадаттар пайдасынан бұрын, әуелі тек жаратқан Алланың разылығы үшін ғана жасалуы қажет. Сондықтан, құрбандық шалу – түрлі өзіндік және қоғамдық пайдаларын бір шетке қойғанда, бірінші кезекте Алланың разылығы көзделіп жасалатын ғибадат. Құран Кәрімде Хаж сүресінің 37-ші аятында Алла тағала бұл жайында: «Олардың (шалынған малдардың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың (ниеттерің) ғана жетеді» деп бұйырады. Яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниет, Алла разылығы үшін бе әлде басқа мүдде ме? Міне, сондықтан шалынған құрбандықтың Алла тағала құзырында қабыл болуының ең басты шарты – Алла разылығы үшін шалыну қажет.
Құрбан мерекесінің бірінші күні дүние жүзінің әр тарапынан қажылық ғибадаты үшін қасиетті Меккеге қарай ағылған қалың мұсылман жұрты қажылық парыздарын өтеп, Жаратқанға мінәжат етіп, дұға-тілектерін арнайды.
Асыл дініміз Исламда екі айт мерекесі де намаз оқумен басталады. Бұл жөнінде Пайғамбарымыздан (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жеткен бір хадисте былай делінеді: «Бұл күндерде (яғни айт күндерінде) ең бірінші атқаратын ісіміз – намаз оқу». Осыған орай ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған әрбір мұсылман үшін айт намаздарын оқу – уәжіп болып табылады.
Айт күндері жақындағанда, алдын ала дайындық жүргізіледі, дәмді тағамдар әзірленеді. Мұсылман қауым мереке күні жуынып-тазаланып, таза және әдемі киімдерін киіп, хош иіс сеуіп, айт намазына жөнеледі. Намаз оқылған соң мұсылмандар бірін-бірі құттықтап, жақсы тілектер айтады. Жағдайы төмен кісілерге көмек ретінде садақа беріледі. Айт күндері жеңіл-желпі ойын-сауыққа тыйым салынбайды, бірақ шариғат шеңберінен шыққан дарақылыққа да жол берілмейді.
Ораза айт пен құрбан айт арасында кейбір өзгешеліктер бар. Мысалы, ораза айтында таңертеңгісін айт намазына құрма секілді жеңіл тағамдардан дәм татып шығу дұрыс боп есептелсе, құрбан айтта нәр татпай шыққан абзалырақ. Арапа – құрбан айтқа байланысты күн. Өйткені, қажылар сол күні қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін, Арафат тауында белгілі бір уақыт тұрады. Арапа күні таңғы намаздан бастап, құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады.
Мың жарым жылға жуық уақыттан бері қазақ елі де бұл мейрамдарды аса зор қуанышты ықыласпен мерекелеп келеді. Құрбан айт мерекелеріңіз құтты болсын!

Асхат АҚМАМБЕТОВ,
Жуалы ауданының бас имамы

Таңдаулы материалдар

Close