Basty bet

Баға жетпес байлық, ол – баламалы энергия көзін игеру

Шерхан Мұртазаның шығармаларына арқау болған Ақсай мен Көксай каналына су электр стансаларын салу көзделген. Бүгінге дейін Көксай каналында су электр стансасының бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Ендігі кезеңде, Ақсай каналындағы су электр стансасын жүзеге асыру жоспарлануда.
Ғарыштық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан қазіргідей уақытта электр қуатының қажеттілігі орасан зор. Атап айтқанда, экономикамыздың өрлеуі де осы қуат көзіне тәуелді. Бұл ретте баға жетпес әрі сарқылмас байлық, ол – баламалы энергия екені белгілі.
– Мемлекет басшысы баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бұл бағытта өңірімізде жүзеге асып жатқан жобалар бар. Бірақ ол әлі де болса жеткіліксіз. Қазіргі таңда Қазақстанға 1 миллиард 200 мегаватт электр энергиясы жетіспейді. Әсіресе, қысқы мезгілде энергияны басқа мемлекеттерден алуға мәжбүр. Экономика дамыған сайын электр энергия жетіспеушілігі көбейе бастайды. Сондықтан біз өзіміздегі күннің, судың, желдің мүмкіндігін пайдаланып, алатын энергия көздерін көбейтуіміз керек. Бұл әсіресе, алыс елді мекендер үшін тиімді. Шалғайдағы ауылдарға электр энергиясын тартудың қажеті жоқ. Сол жердегі мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. Сонда ғана мәселе оң шешімін табады, – дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев.
Басқарма басшысы айтқандай, бүгінге дейін Жуалы ауданында жүзеге асырылған қуаттылығы 100 мегаватты құрайтын «Burnoe Solar-1» және «Burnoe Solar-2» ЖШС-ның күн электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі нысан болып табылады. Одан кейін су көзінен қуат өндіру мақсатында екі инвестициялық жоба қолға алынған болатын. Оның бірі Көксай каналының бойынан қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы болса, екіншісі «Ақсай» каналының бойынан соғылатын қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасы.
Атап айтсақ, Көксай каналының бойынан салынатын жобалық құны 5 миллиард теңгені құрайды. Оның құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. Серіктестік тарапынан стансаның бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Өкінішке орай, бүгінгі таңда оның қалған кезеңдерінің құрылыс жұмысы тоқтап тұр.
Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марат Қасымбековтың айтуынша, Көксай каналынан бөлек, сол сияқты «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын салу жоспарланған. Оның инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны 21 миллион АҚШ долларын құрайды. Іске қосылу уақыты алдағы жыл деп белгіленген. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі бастала қоймаған.
Бұдан бөлек, алдағы уақытта Жуалы ауданында Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» компаниясы жалпы қуаты 1 гигаватты жел электр стансасын салмақ ниетте. «Бұл жобалар жүзеге асқан сәтте аудан экономикасының дамуына, өркендеуі мен көркеюіне өз үлестерін қосады деген сенімдеміз. Бастысы, қандай жоба, бағдарлама болсын, барлығы да елдің игілігі үшін атқарылуда»,- дейді бөлім басшысы.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close