Basty bet
Әлемді нұрға бөлейтін мереке
Рамазан айы – жалғалмалы ғибадат айы. Өйткені Қадір түнінен кейін мұсылмандар үшін қастерлі болып табылатын Ораза айт мерекесі де келіп қалады.
Рамазан айты мұсылман қауымының ең ұлық екі мерекесінің бірі. Ораза айт күні, яғни үстіміздегі жылы 2 мамыр күні ауданымыздың барлық мешіттерінде Айт намазы оқылады.
Әдетте намазға таза киініп, хош иісті жұпар сеуіп, жаяу жете алатын жерден жаяу келген абзал. Айт күні көпшілікпен жарқын жүзбен сәлемдесіп, бір-біріне дұғалар жасап мешітке келіп, намаздан соң, егер мүмкін болса басқа көшемен қайтады. Мұндағы мақсат, адамдармен көбірек жүздесіп, көбірек сәлемдесіп, жақсы тілектер айтуды көбейту.
Айт күні дәстүрге айналған жақсы салттарымызды жалғастыра түсіп, ағайын-тумаларды мерекемен құттықтап, отбасына кіріп, айт дастарқанынан дәм татып, еліміздің тыныштығы мен бас амандығына және о дүниелік болған марқұмдар ақысына дұғалар жасаймыз.
Жас балаларға сыйлықтар беріп қуанту да, балауса буын санасына ислам құндылықтарын сіңірудегі тәрбие сабағы болары анық.
Бұл күндер – сырқат кісілерді зиярат етіп, жүрегіне қуаныш, бойына қуат сыйлап, оларды мұсылманға тән мейірім шапағатына бөлейтін шаттық күндер.
Мереке күні отандастыққа арналған, еліміздің ауызбірлігін паш еткен, дінімізді дәріптеп, адамгершілікке, мейірбандыққа шақыратын тәрбиелік мәні бар жыр-термелерді шырқаудың ешбір қайшылығы жоқ. Шариғат шеңберінен аспай түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырып, балаларды мәз ететін түрлі қызықты ойындар ойнау да діни мерекенің шырайын аша түседі.
Биыл Ораза айт мерекесі Алла қаласа, 2 мамырға сәйкес келіп тұр.
Құрметті мұсылман қауым! Әлемді нұрға бөлеген мереке отбасымыздағы шаттықтың, Отанымыздағы тыныштықтың, ынтымақ пен ырыстың көрінісі бола бергей. Жаратушы Алла тағала баршаңызға келесі Рамазан айт күндерін де бірге мерекелеуді нәсіп етсін!
Асхат АҚМАМБЕТОВ,
ауданның бас имамы