Basty bet
Темекінің адам ағзасына зияны
Темекіні тұтатқаннан кейін, оның құрамындағы улы заттар, шылым шегу арқылы өкпеге енгеннен кейін денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіреді. Ол улы заттар, ауыз және өкпе арқылы қанның құрамына өтеді. Бұл заттарды үш топқа бөледі: никотин, смола заттары және ысты газ. Сонымен қатар темекі түтінінде синилдік қышқыл, канцерогенді және радиоактивті изотоптар бар.
Заттардың ішіндегі бәріне белгілісі – никотин. Ол өкпеден қанайналым мүшелеріне өтеді де басқа әртүрлі органдарға жағымсыз әсерін тигізеді. Никотин – у, оны үлкен мөлшерде қолданғанда: тамыр соғуын жиілетеді, басты айналдырады, вестибулярлық аппараттың жұмысын бұзады, салқын тер шығып, құсықты тудырады және адам бозарып кетеді.
Никотин темекі өсімдігінен шыбын-шіркейлерден қорғалу үшін синтезделеді, сондықтан оны табиғи инсектицид деп те атауға болады. Егерде құстың (торғайлар немесе көгершіндердің) тек тұмсығына ғана никотинмен суланған шыбықты апарсаңыз-ақ болғаны олар өліп қалады. Үй қояны ¼ никотин тамшысынан, ал ит ½ никотин тамшысынан өліп кетеді. Адамды өлтіруге никотин мөлшері 50-100 мг болса-ақ жетіп жатыр немесе 2-3 тамшысы да жеткілікті. Бұндай мөлшердегі никотин 20-25 сигаретті тартқаннан кейін-ақ адамның қанының құрамында жиналады. Шылым шегіп жүрген адам не себептен бірден өліп кетпейді, себебі, ол сигаретті біртіндеп, ұзақ уақыт шеккендіктен тез өлуге душар болмайды. Оның тағы бір себебі, темекінің құрамындағы никотиннің бір бөлігін басқа бір улы зат формальдегид нейтралдайды.
Шылымды ылғи тартудың салдарынан, өлімге апармайтын мөлшері, никотинге деген әдетті тудырып, шылым шегуге құмарлықты тудырады. Никотин адамның дене мүшелеріндегі зат алмасу құбылысына қатысып, бөлінбес бір бөлігі болып қалыптасады. Бірақ, егер бір реттік шылым шеккенде адам никотиннің көп мөлшерін алса, ол өлімге себеп болады. Улы заттар қан арқылы адам организмінде бар-жоғы 21-23 секундта айналып өтеді. Егер шылым шегетін адам сигаретті ұзақ сорып тұрмаса, онда никотин тіл және жақтың шырышты қабығы арқылы қанға өтеді.
Жыл сайын дүние жүзінде темекі шегудің салдарынан 4 млн. адам қайтыс болады екен. Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, 2020 жылы темекіден 4 млн адам қайтыс болған. Қазақстанда қазіргі уақытта 5 миллионға жуық адам темекі шегеді екен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінсек, егер жағдай өзгермесе, онда таяу жылдарда жарты миллиард адамның түбіне темекі жетуі мүмкін көрінеді.
Темекі тартатын адам күніне орта есеппен 200 рет, айына 6 мың рет, жылына 72 мың рет ішке түтін сорады. Қызығы сол, темекі шегуді о баста «ойнап» бастаған 100 адамның 80-і біртіндеп тұрақты шылымқорға айналады. Қазір темекінің мыңнан артық зияны бар екені мәлім болып отыр. Сондықтан, темекі шекпейтіндер оған жоламай-ақ қойсын, шылымқорлар одан құтылудың жолын қарастырсын.
Темекіде смола заттарының көп мөлшері болады. Ол заттар шылым шеккенде дене мүшелеріне жеңіл түрде өтіп кетеді. Егерде адам күніне бір қорап сигарет тартатын болса, оның өкпесіне 700 грамм смола түседі, оның құрамында 100-ге жуық әртүрлі канцерогендік заттар бары анықталған. Ол канцерогендік заттардың (қатерлі ісік тудыратын заттар) ішіндегі ең қауіптісі бензпирен болып есептеледі.
Темекі түтінінің радиоактивті заттары өкпе талшығында, сүйек мүжігінде, лимфа түйіршіктерінде, ішкі бездерде жинақталады да айлап жылдап, ұзақ уақыт бойына сыртқа түзіліп шықпай, өздеріне сай зиянды әсерлерін жалғастыра береді. Темекі радиоизотоптарынан әсіресе полоний-210 және қорғасын-210 қатерлі ісіктерді тудыратын ең басты улы заттар болып табылып отыр. Бұл заттар темекі шегушілердің генетикасын зақымдайтын ең негізгі себептер. Адамды 200 рет рентгенге түсіргенде денеге өтетін радиациялық мөлшерді, адам күніне 20 сигарет тарту арқылы-ақ қабылдап жатады.
Шылым шегудің зияны туралы бірнеше қызықты оқиғалар:
• Темекінің түтіні автомобильдердің шығаратын зиянды заттарынан да 4 есе көп зиянды болады.
• Бір куб миллиметр темекі түтіні 3 млн. ыстың бөлшектерін құрайды.
• Әрбір сигарет денедегі 25 мг С витаминін нейтрализдейді, бұл дегеніміз бір апелсиннің құрамындағы С витаминіне тең болады.
• Герман ғалымдарының зерттеуінше, бір тал сигарет адам өмірін 12 минутқа кемітеді.
• 20 сигарет тарту арқылы, адам күніне бір сигареттің түтінінен 580-1100 есе артық лас ауамен дем алғандай болады.