Basty bet
Ауылдың дамуы – басты назарда
Ауылдың өркендеуі мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту – жергілікті атқарушы биліктің басты міндеттерінің бірі. Осы бағытта Ақсай ауылдық округінде өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарылып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды. Яғни, ауылдық округте тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары назарға алынып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Мәселен, ауылдық округте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын тұрғындардың арасында кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілді. Кездесулер барысында Жолдаудың негізгі басымдықтары түсіндіріліп, цифрлық технологиялардың қоғам өміріндегі маңызы туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында белгіленген стандарттарға сәйкес тоқсан сайын тиісті есептер уақтылы тапсырылып отырды. Тұрғындармен өткен кездесулер барысында көтерілген мәселелердің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына апаратын жолдың жағдайы болды. Тұрғындардың сұранысын ескере отырып, аталған жолға құм-шағал төселіп, көлік қатынасына қолайлы жағдай жасалды.
Жер қатынастары саласында заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және басқа да мақсаттарға арналған жер учаскелерін беру мәселелері жүйелі түрде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау сапасы тұрақты бақылауда ұсталды.
2026 жылдың бірінші тоқсанында ауылдық округте жеке тұлғалардан 9 өтініш келіп түсіп, олардың барлығы «Е-өтініш» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, заң талаптарына сәйкес қаралды. Бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында ай сайын мониторинг жүргізіліп отырды. Нәтижесінде, бөлінген қаржының игерілу көрсеткіші 99,9 пайызды құрады. Сондай-ақ, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптарына сәйкес сатып алу жоспарлары әзірленіп, веб-порталға енгізілді және барлық қажетті рәсімдер уақтылы орындалды.
Ауылдың келбетін көркейту және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Биыл округ аумағына 1 200 түп терек, 30 түп қайың және 1 300 түп қарағаш көшеті отырғызылды. Бұл игі бастама – ауылдың жасыл желегін көбейтіп, келешек ұрпаққа көрікті табиғи орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың бірі.
Елдімекенде тазалық пен санитарлық жағдайды сақтау бағытындағы жұмыстар да өз жалғасын табуда. Яғни, ауылдық округте сенбіліктер өткізілуімен қатар, жеке кәсіпкердің ұйымдастыруымен әр бейсенбі күні тұрғындардың тұрмыстық қалдықтары арнайы тасымалданып, ауыл тазалығын қамтамасыз етуге үлес қосылуда.
Әлеуметтік қолдау шараларының аясында аз қамтылған, тұрмысы төмен және көпбалалы бес отбасының өтініші қаралып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл өз кезегінде әлеуметтік осал топтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нақты көрінісі болды.
Халықты жұмыспен қамту бағытында да нәтижелі жұмыстар жүргізілді. Округ бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген 20 азамат тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, олардың табысты еңбек етуіне мүмкіндік жасалды.
Жалпы, ауылдық округте атқарылған жұмыстар ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды. Тұрғындардың сенімі мен қолдауына сүйене отырып, алдағы уақытта да ауылдың гүлденуі жолындағы жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек…
Ақсай ауылдық округі
әкімінің аппараты