Basty bet

Жазғы демалыс балалар игілігі үшін

Жаз – балалар үшін асыға күтетін демалыс мезгілі. Оқу жылының аяқталуымен бірге аудан көлемінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған жазғы сауықтыру науқаны басталады. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, биылғы жылдың 1 маусымынан бастап барлық білім беру ұйымдарында мектеп жанындағы жазғы лагерьлер өз жұмысын бастайды.
Жазғы лагерь – баланың тек демалып қана қоймай, жаңа орта тауып, шығармашылық қабілетін шыңдайтын, қызығушылығын дамытатын ерекше алаң. Мұнда оқушылар түрлі танымдық, спорттық және мәдени шараларға қатысып, уақыттарын пайдалы өткізеді.
Биыл аудан бойынша 39 білім беру мекемесінде мектеп жанындағы лагерьлердің алғашқы кезеңі 1-12 маусым аралығында ұйымдастырылады. Жоспарға сәйкес, лагерьлерде 1 142 оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, 5 065-ке жуық бала түрлі үйірмелерге, спорттық секцияларға және мектептің өндірістік бригадаларына тартылмақ.
Әсіресе, әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға басымдық берілуде. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар бірінші кезекте сауықтыру шараларымен қамтылады.
Мемлекеттік емтихан тапсыратын 9 және 11-сынып оқушыларынан басқа, 1-4, 5-8 және 10-сынып оқушылары үшін мазмұнды бағдарлама әзірленген. Балалар «Футбол», «Дебат» үйірмелеріне қатысып, еңбек және көгалдандыру жасақтарының жұмысына араласады. Бұл олардың дене шынықтырумен қатар еңбекке баулуына және көшбасшылық қабілеттерін дамытуына мүмкіндік береді.
Жазғы сауықтыру жұмыстары мектеп жанындағы лагерлермен ғана шектелмейді. Биыл ауданнан 350 оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерінде демалады. Балалар екі кезең бойынша Билікөл өңірінде орналасқан «Тау самалы» сауықтыру лагерінде 10 күндік демалыспен қамтылады.
Қала сыртындағы лагерьлерге негізінен әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балалар жіберіледі. Олардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушылар, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушылар бар.
Білім беру ұйымдарының мәліметтеріне сүйенсек, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 11 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде, 7 оқушы қала сыртындағы лагерьде демалады. Жартылай жетім отбасылардан шыққан 111 оқушы мектеп жанындағы, 48 оқушы қала сыртындағы лагерьлермен қамтылады. Толық емес отбасылардағы 162 оқушы мектеп жанындағы, 44 оқушы қала сыртындағы лагерьлерге жолданады деп күтілуде.
Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардан шыққан 818 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 79 оқушы қала сыртындағы лагерьлерге барады. Жайсыз отбасылардан шыққан 12 оқушы мектеп жанындағы, 5 оқушы қала сыртындағы лагерьлермен қамтылады. Ал, көпбалалы отбасылардан шыққан 1 287 оқушы мектеп жанындағы лагерьлерде демалып, 168 оқушы қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жолдама алады деп жоспарлануда.
Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру – олардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жаңа достар тауып, пайдалы дағдылар қалыптастыруына мүмкіндік береді. Сондықтан аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар өскелең ұрпақтың жарқын болашағына жасалған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close