Basty bet

Командалық штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылды

Бүгінде апаттың алдын алып, жедел қызмет сапасын арттыру мақсатында елімізде арнайы мамандар түрлі жұмыстарды атқарып, қауіп-қатерді болдырмаудың әр түрлі жолдарын қарастыруда. Соған орай, 2025 жылдың 24 шілдесінде ауданға қарасты Нұрлыкент ауылында «Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында «Жер сілкінісі салдарынан туындаған төтенше жағдай кезінде басқару органдары мен азаматтық қорғау құрылымдарының әрекеттері» тақырыбында тактикалық арнайы оқу-жаттығуы өткізілді.

Оқу-жаттығу барысында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жатқанбаев қатысушы құрылымның дайындығын тексеріп, жеке құрам мен техникалардың жай-күйіне қатысты мекеме басшыларынан есеп алды.
Мақсаты – жойқын жер сілкінісі қаупі төнген және туындаған жағдайда қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру, төтенше жағдайды жою жөніндегі барлық іс-қимылдың, сондай-ақ эвакуациялық іс-шаралардың үйлесімділігін жетілдіру, айтып келмейтін табиғи-техногендік апаттарға қашан да дайын болу керектігін ескере отырып, аудандағы азаматтық құтқару топтарының дайындығын, қажетті техникалар мен құрал-саймандардың жарамдылығын пысықтау.
Оқу-жаттығуға жылу электр станциясы, Жуалы-Газ, Жуалы-Су, аудандық орталық аурухана, байланыс қызметі, полиция бөлімі, өрт сөндіру бөлімі мен құтқарушылар тобы, ТҮКШ (автокөлік), құрылыс бөлімі, ауылдық округтің әкімшілік аппараты, мектеп басшылығы, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және кәсіпкерлік бөлімі қатысты. Олардың негізгі міндеттері – төтенше жағдай туралы жедел ақпаратты алу және халыққа хабар беру, апат аймағында жедел штаб құру, құтқару және алғашқы медициналық көмек көрсету, халықты қауіпсіз орынға эвакуациялау, газ және электр жүйелерін оқшаулап, қалпына келтіру жұмыстарын ұйымдастыру, эвакуациялық пункт ашу, жергілікті билік, ТЖМ, полиция, медицина, газ және электр қызметтерінің өзара іс-қимылын пысықтау және жаттығу қорытындысын шығару.
Қатты жер сілкінісі кезіндегі күштер мен олардың іс-қимылын тексерге бағытталған арнайы жоспар бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы К.Абдраимовтың жетекшілігімен төрт оқу-жаттығу орнында шұғыл қимылдау тобының іс-әрекеті практикалық негізде тексерілді.
Оқу-жаттығу 4 бағытта жүргізілді: Нұрлыкент аймағында орын алған өрт кезінде тұрғындарды эвакуациялап, қауіпсіз орынға жеткізу, жер сілкінісі салдарынан ауыл маңындағы көпірде болған апатты жағдайды жою, ауылдағы су мұнарасы нысанының жер сілкінісінің салдарынан істен шығуы кезінде «Жуалы-Су» мекемесінің жедел әрекет ету жұмыстарын жүргізуі және аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, АҚ басшылары мен шұғыл әрекет ету тобы төтенше жағдай кезінде зардап шеккендер мен босқындарды қабылдау пунктінің іс-әрекетін пысықтау.

“Жаңа өмір”-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close