Basty bet

Тұрғындардың өтініші – басты назарда

Аудан әкімі Жалғас Мұртаза апта басында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, тұрғындардың тарапынан көтерілген мәселелерді жан-жақты қарастырды.

Жеке қабылдауға алғаш болып Б.Момышұлы ауылының тұрғыны кірді. Ол Жамбыл көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде ауызсу мәселесі әлі күнге дейін толық шешімін таппай отырғанын айтып, бұл мәселені дер кезінде шешуге ықпал етуді сұрады. Аудан әкімі мәселенің мән-жайын жауапты сала мамандарымен талқылап, оны заң талаптарына сәйкес зерделеп, нақты шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Келесі болып қабылдауға Көлбастау ауылының тұрғыны келді. Ол қызын аудан орталығында орналасқан мектептердің біріне тұрақты жұмыспен қамтуға қолдау көрсетуді өтінді. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы тиісті бөлім басшысына заң аясында көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
Қабылдауға келген Амангелді ауылының тұрғындары Т.Дүйсебайұлы ауылында салынып жатқан Ардагерлер аллеясының құрылысын аяқтау үшін қосымша қаржы қарастыру мәселесін көтерді. Айта кетерлік жайт, қазіргі таңда бұл жерде сыртқы қоршаулар орнатылып, суару жүйесі жүргізіліп және ескерткіш тақтайшаларды орнату үшін орындар дайындалып қойылған. Бұл жерде ендігі жетпей тұрған қаражат аталған аллеяның артқы қоршауын орнату және жерге бурсчатка төсенішін жүргізу қажет. Тұрғындардың ұсынысын мұқият тыңдаған аудан әкімі аталған нысанның елді мекен үшін маңызы зор екенін атап өтіп, қаржыландыру мүмкіндіктерін жан-жақты зерделейтінін жеткізді.
Жеке қабылдау барысында көтерілген барлық өтініш-тілектер назардан тыс қалмай, әрбір мәселе бойынша заңнама аясында түсіндірме берілді. Бірқатар өтініштер бақылауға алынып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Азаматтарды жеке қабылдау – тұрғындармен кері байланысты нығайтып, оларды толғандырған мәселелерді дер кезінде шешуге бағытталған маңызды жұмыс. Осы орайда, аудан әкімдігі алдағы уақытта да мұндай қабылдауларды тұрақты өткізіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өтініштерінің оң шешім табуына басымдық бермек.

Таңдаулы материалдар

Close