Basty bet

Қандастарға қамқорлық керек!

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Бір тұтас ұлт. Берекелі қоғам» аталатын жаңа Жолдауында қандастар мәселесіне де баса мән бергені белгілі. Өйткені, қазір елімізде қандастарға көмек пен тиісінше қамқорлық көрсету мәселе өткір тұр деп айтуымызға болады. Себебі, олардың осында орнығуымен қатар, оларды құжаттандыру мәселесі түрлі кедергілерге байланысты баяу жүргізілуде. Бұған заңнамалық тұрғыдан мән беретін уақыт жетті деп білемін.
«Қандастардың көшiп келуiне және iшкi миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек, сондай-ақ жалпы ұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды.
Қуатты Ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, бiлiмi терең болуы керек. Кәсібилік пен енбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елiмiзде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиiс, осындай азаматтар мемлекетiмiздi дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухынын» съезiнде бұған арнайы тоқталдым. Бiз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуiмiз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да оны сапалы атқару маңызды»,- деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
«Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң Жуалы ауданындағы бөлiмшесiнің ашылғанына да көп уакыт бола қойған жоқ. Қауымдастық негізінен дүниежүзi қазақтарының басын бiрiктiрiп, барша қазақ баласының мақсат-мүддесiн бiр арнаға тоғыстыруды көздейді. Осы ретте 1992 жылдан бергi аралықта төрт бірдей құрылтай өткiзiп, мезгiл жүктеген өзектi мәселелердi арқау еткені баршамызға мәлім.
Бүгiнде қауымдастық жарғыға сәйкес, өзiнiң басты мiндеттерi мен мақсаты ретiнде мына қызметтердi басты нысанаға алып отыр. Бiрiншiден, егеменді Қазақстанды қазақ халқының ұлттық кайта түлеуiне Қазақстаннан сырт жерлерде өмiр сүрiп жатқан қазақтардың еркiн әрі жан-жақты дамуына жәрдемдесу. Екіншіден, Қазақстанда және одан сырт жерлерде тұрып жатқан қазақтардын экономикалык әлеуметтiк мәдени, рухани, дiни жане басқа да өмiрлiк маңызды проблемаларын шешуге атсалысу маңызды мәселе болып табылады. Үшіншіден, қазақтардың өзiнiң тарихи отанындағы экономикалық және әлеуметтік мәдени салалардағы жетiстiктерiн, олардың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын бүкiл дүние жүзiне насихаттау. Сонымен қатар, Қазақстанға көшiп келген отандастарға көмек көрсету.
Жарғылық мақсаттары мен мiндеттерiне қол жеткiзу үшiн, қауымдастық пен оның жергiлiктi өңірлердегі филиалдары мемлекеттiк органдармен қоғамдық бiрлестiктермен, мәдени және ғылыми зерттеу орталықтарымен бiрлесе отырып, қазақ ұлтын жан-жақты дамытудың пәрменді жолдарын iздестiредi. Мамандар мен ғалымдардын қатысуымен шетелдерде тұрып жатқан қазақтардын тарихын, өмірін, мәдениетін және әлеуметтік жағдайын зерттейдi. Олардын өмiрi мен болашағын болжау iсiне талдау жасайды. Қазақтар жасаған немесе Қазақстаннан әкелінген өнер тауарларының қорғалуын және олардың тарихи-мәдени, этнографиялық көзқарас тұрғысынан Қазақстан үшiн айрықша маңыздыларының қайтарылуы ұйымдастырылатын болады.
Одан бөлек, қауымдастық Қазақстан және қазақ диаспорасы өмiр сүрiп жатқан мемлекеттер арасындағы концерттік бригадалар алмасып, халықаралық туристтік маршруттар, фестивальдар мен өнер мерекелерiн, конкурстарды ұйымдастыруды тарихи отанынан сырт жерлерде тұрып жатқан қазақ жастарын республикалық жоғары және орта оқу орындарына тартады. Түрлі себептермен Қазақстаннан жырақ кетiп қалған адамдардың, олардың ұрпақтарының туған-туыстарымен қауышуына жәрдемдеседі. Шетелдерден Қазақстанға қоныс аударған азаматтарға медициналық көмектің көрсетiлуiне жәрдемдеседі. Лотореялар, семинарлар, спорттық және баска да iс-шаралар ұйымдастырылады. Шетелдерде қазақтар жинақы орналасқан жерлерде олардың ана тiлiн үйренуiне, ата-бабаларының салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын сақтау арқылы өркендей беруiне көмек көрсету мәселесі де күн тәртібінен түспек емес.

Шора ЫСҚАҚОВ,
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ-ның
Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры

Таңдаулы материалдар

Close