Basty bet

Отанды қорғау – абыройлы міндет

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы төл тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары болған маңызды оқиғалардың бірі. 1992 жылы құрылған еліміздің Қарулы Күштері әр жылдары уақыт талабына сай қарқынды дамып, өз әлеуетін арттыра түскенін ерекше атап өтуіміз керек. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның ең алғаш қолға алған маңызды шаруасының бірі ел шекарасын шегендеу болатын. Өйткені, еліміздің ұлан-ғайыр даласы барда, оның асты мен үстіндегі телегей-теңіз табиғи байлығы кім-кімнің де болсын «көзқұртына» айналары даусыз. Сондықтан, Отанның шекарасын бекемдеу ісі уақыт күттірмейтін шаруа еді. Қазір жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орынды алатын қасиетті Қазақ елінің тәуелсіздігіне ешқандай сырт мемлекет көз аларта алмайды. Өйткені, Отанымыздың жел жағына қалқан болар Қарулы Күштеріміз бар.

Жалпы, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде өзінің дербес әскерін құру ісі 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қорғаныс комитетін Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі етіп қайта құру туралы», «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлықтары шыққаннан кейін жедел басталып кетті. Бүгінде еліміздің қорғаныс саласы аяғынан нық тұрған іргелі құрылымға айналып отыр.
Еліміздің айбыны, халқымыздың қорғаны болып табылатын Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Осы отыз жылдың ішінде еліміздің Қарулы күштері барлық жағынан күшейіп, біліктілігі нығайды.
Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан отыз жыл бұрын 1992 жылы 7 мамырда сол кездегі ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен әскеріміз құрылған болатын. Міне, содан бері 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні болып белгіленді. Жыл сайын бұл күнді атап өтіп, рухтанып, елдің қорғаушылары бар екенін сезіне түсетін болдық. Ең бастысы, ел тәуелсіздігін, аймақтың тұтастығын, мемлекеттің маңызды мүдделерін қамтамасыз етіп, қорғау жолында Қарулы Күштеріміздің аса маңыздылығын мойындауға тиіспіз.
Атап өтер жайт, Кеңес Одағынан бөліне сала еліміздің әскери жүйесін өз мүддемізге сай бұру оңай болмады. Сондықтан Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аталған жүйе күрделі өзгерістерден өткені анық. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің бұл бағыттағы жұмыстары ауыз толтырып айтарлықтай. Осылайша еліміздің Қарулы Күштерінің алғашқы заңдық құжаты пайда болып, 1992 жылдың 22 желтоқсанында Қазақстан Республикасы қорғанысын ұйымдастыратын негіздемені белгілейтін, мемлекеттік билік пен басқарушы органдарға өкілеттілік беретін «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Аталған құжат осы жылдар ішінде еліміздің әскери жүйесіне бағдаршам болды десек, артық айтқандық емес. Өйткені ол Заң Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жалпы жүйе бойынша еліміздің Қарулы Күштерінің рөлін, орны мен міндеттерін белгіледі, еліміздің қауіпсіздік саласын бекемдеді. Тіпті еліміздегі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің Әскери антының мәтіні жасалып, сарбаздарымыз өз еліне, Отан алдында ант беретін болды. Бүгінде Ант қабылдау рәсімі жақсы дәстүрге айналып, әскери бөлім үшін мерекеге айналған. Тіпті осы күні ата-аналар балаларының ант беру рәсіміне қатысып, салтанатты шараның куәгері болу да қарастырылған.
Қазіргі таңда статистика азаматтық борышын өтеу үшін әскерге шақырушылар қатарының жыл өткен сайын сапалық тұрғыдан жоғарылап келе жатқанын, жоғары оқу орнын бітірген мамандармен толығып жатқанын жиі айтады. Бұл да болса қорғаныс саласының сапалық тұрғыдан жақсарып келе жатқанының бір айғағы болса керек. Сала жұмысы жолға қойыла келе, «Жалпы әскери міндет және әскери қызмет» Заңы, «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» заңдары қабылданып, қолданысқа енгізілді. Бұл заңдар аясында әскерилеріміздің әскери борышын өтеудің негізгі ережелері, сарбаздарымыздың әскери борышын өтеу кезіндегі міндеттері мен жауапкершілігі және құқықтары нақтыланған. Осылайша сарбаздарымыздың азаматтық борышын өтеп қана қоймай, ес жиып, етек жауып, әскери-патриоттық тәрбиеден өту жолындағы үлкен өмір мектебі ретінде қалыптасуына барынша жағдай жасалуда.
Бүгінгі күні ел әскерінің құрылымын жетілдіру, оларды заманауи сапалы қару-жарақ пен әскери техниканың талапқа сай үлгілерімен қамтамасыз ету, әскеріміздің ұдайы жауынгерлік әзірлігін қолдау, қорғаныс базасын дамыту саланың басты мақсаттарының бірі болып отыр. Осы мақсатта бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, көптеген жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ әскери өмірді таңдаған кадрларға қолайлы жағдай туғызу, жалақысын көтеріп, ынталандыру, оларды әлеуметтік қолдау, баспанамен қамту жұмыстары да қолға алынуда. Осы орайда әскери кадрларымыз сапалық тұрғыдан жақсарып қана қоймай, санының да артып келе жатқаны, әскери өмірді қалаған жастарымыздың көбеюі көңіл қуантады.
Бейбіт өмірде де, ел басына қауіп-қатер төнген қиын сәтте де Отанын қорғауға дайын тұратын сарбаздар дайындау, жалпы әскери патриоттық тәрбие көбінде орта білім беретін мектептерде берілетіні белгілі. Сол үшін біз мектептердегі әскери патриоттық, Отаншылдық тәрбиені нығайтуды арттыруымыз қажет.
Өзім басшылық ететін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің атқарып отырған жұмысына келсем, 2021 жылы кәмелеттік жасқа толған 160-тай азаматты әскер қатарына жіберген болатынбыз. Олар негізінен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ұлттық Ұлан, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінде Отан алдындағы міндеттерін атқарып жатыр. Ал биылғы көктемгі және күзгі әскерге шақырылымда жоспарды толығымен орындауға барынша күш салудамыз.
Атап айтқанда, биылғы көктемгі шақырылымда біздің ауданнан 78 азамат әскерге шақырылып, қазіргі таңда оның ішінен 33 азамат Қазақстанның Қарулы Күштер қатарында және Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне қарасты Шекара қызметінде азаматтық борышын өтеуде.
Отанды қорғау ер азамат үшін абыройлы іс болып саналады. Бөлім қызметкерлері азаматтарды әскер қатарына жіберердің алдында міндетті түрде зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Себебі, олар әскерге Отанды қорғауға дайын болып барулары қажет. Бұл ретте бөлім мамандары ауылдық округтерге барып, әскерге шақырылушы әрбір азаматпен, олардың ата-аналарымен жеке-жеке сөйлеседі. Онымен қоса, мамандар азаматтарды әскери тіркеуге алу жұмыстарын атқарады. Бір қуантарлығы, кейбір ата-аналар балаларын қорғаныс бөліміне өздері әкеліп, әскерге баруға жағдай жасайды. Бұл әрине, ер азаматтарға ата-анасының да, туған Отанының да алдында үлкен жауапкершілік жүктейді.
Патриоттық тәрбие кез келген азамат үшін маңызды тәрбие болып саналуға тиіс. Патриоттық тәрбиемен тек мектеп мұғалімдері айналысады деген түсінік болмауы керек. Оны орта білім беретін мектептерге артып қоюға болмайды. Онымен бүкіл қоғам болып айналысуымыз қажет. Мектептегі оқу-тәрбие жұмыстары өз алдына. Мысалы, біздің бөлімде әскерге баратын азаматтардың алдында Ауған соғысының ардагерлері, сонымен бірге, Қарулы Күштер, Чернобыль-Семей полигонының ардагерлері болашақ сарбаздардың алдында сөз сөйлеп, Отанды қорғап, оған адал қызмет етуге шақыратын түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бұл біздің бөлімде бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүр. Осыны ары қарай жалғастыра беретін боламыз.
Иә, Отанды қорғау, қасиетті атамекенннің әрбір құндылығын, тіпті, бір түйір тасына дейін көздің қарашығындай сақтауға атсалысу – еліміздің кез келген азаматының қасиетті борышы. Еліміздің ертеңгі тұтқасы да, оның қорғаушысы да – қазіргі өскелең ұрпақ, жастар. Ал оларды Отанды қорғауға ынталандыру, елжанды азаматтар етіп тәрбиелеу жұмыстары жүйелеуді қажет етеді. Себебі, Отанға деген шынайы сүйіспеншілік әрбір азаматтың бойынан табыла бермейді. Тиісінше, сын сағатта ерлік көрсету де тек ердің ерінің ғана қолынан келетін іс.
Біздің бөлім қызметкерлері патриоттық тәрбиені әрі қарай ширата түсу үшін, сонымен қоса, болашақ сарбаздар дайындау мақсатында аудандағы мектептермен және әскери құрылымдар ардагерлерімен, аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімімен бірлескен бірқатар іс-шараларды атқаруда. Осыған сәйкес, мектептердегі жоғары сыныптың оқушылары әскери бөлім мен әскери заставаларға барып, ондағы әскери өмірмен танысуға мүмкіндік алып отыр. Сонымен бірге, жастарды әскери оқу орындарына түсуге ынталандыру жұмыстары да мектептермен бірлесіп атқарылып жатыр. Осыдан да болу керек, облыстың басқа аудандарына қарағанда, біздің қорғаныс бөліміне берілетін әскерге шақырылымның жылдық жоспарлары толығымен орындалуда.
Әскери патриоттық тәрбиені нығайту, жастардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен оны қорғауға деген ынтасын арттыру мақсатында қазір аудан мектептерінде «Жас сарбаз» патриоттық клубтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, биылдан бастап «Смарт сарбаз» үйірмесі іске қосылды. Бұл жұмыстарды аудандық білім бөлімінің алғашқы әскери дайындық пәнінің әдіскері, білікті маман Руслан Тірібосынов үйлестіріп отырады. Аталған клубтың жұмысын жолға қойып, шын мәнінде болашақ сарбаздар дайындау ісіне аса жанашырлықпен атсалысып жүрген мектептердегі әскери жетекші мұғалімдерге алғысымды білдіргім келеді. Олар шын мәнінде Отанымызды қорғайтын рухы мықты сарбаздар дайындауда.
Отан үшін күрес – ерге тиген үлес. Отанды қорғау – абыройлы міндет. Бұл бағытта біз көбінесе Қарулы Күштердің сарбаздары мен сардарларына сенім артатынымыз ақиқат. Биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ауданда тұратын аталған құрылымның 13 ардагеріне аудан басшылығы тарапынан және қорғаныс бөлімінен Құрмет грамоталарын беріп, сый-сияпат жасауды жоспарлап отырмыз.
«Отан үшін отқа түскін, күймейсің», деген даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының нақылы бар. Сондықтан қай кезеңде де елге қызмет ету, Отанды қорғау абыройлы міндет болып қала береді.

Асылбек АХМЕТОВ,
Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы,
подполковник

Таңдаулы материалдар

Close