Basty bet

Бүгін мен болашақтың алтын арқауы

Адамзат тарихында дін – тек қана сенімнің емес, өркениеттің де терең тамыры болып келеді. Ол қоғамның ар-ожданын айқындап, ұрпақ санасына ізгілік пен әділеттілік дәнін сепкен. Әр дәуірде, әр халықтың тағдырында дін рухани ұстын, адамгершілік бағдаршам қызметін атқарды. Жауапсыздық пен қатыгездікке қарсы тұрып, сабыр мен қайырымдылыққа шақырды.
Қоғамның бірлігін бекемдеп, ұлттық дәстүрлерді сақтап, мәдениеттің өрісін кеңейтті. Тарихтағы небір қиын-қыстау шақтарда да халық ең әуелі иманнан күш алып, бір-біріне сүйеу болды. Дін – мәңгілік құндылықтармен тілдесетін алтын көпір, жүректерді жалғайтын рухани арна. Бүгінгі заманда да ол қоғамдық келісім мен татулықтың сенімді тірегі, адамды адам ететін адамгершілік мектеп. Дінсіз қоғамның жаны қаңырап, жүрегі шөлдейді. Сондықтан діннің рөлі уақыт өткен сайын бәсеңдемек емес, қайта тереңдеп, маңызы арта бермек.
Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды реттеуде, бейбітшілікке үндеуде, отбасылық құндылықтарды нығайтуда және басқа да мәселелерде негізгі идеологиялық құралдардың бірегейі. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің дінмен қарым-қатынас орнатудың тиімді моделін құруға мүдделілік танытады. Мәселен, бірқатар елдер өздерінің қоғамында берік орныққан дәстүрлі дінінің мәртебесін конституцияларында атап көрсеткен.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бос­тандықтары» деп айқын көрсетілген. Бұдан біз әрбір азаматтың өзі қалаған дінді ұстануы – оның конституциялық құқығы екенін ұғамыз. Дегенмен, дін бостандығы мемлекет заңдарымен шектелмейді. Егер жекелеген діни бірлестіктер ел тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады. Демек, дін – қоғамның рухани тірегі болғанымен, ол мемлекет мүддесімен үйлескен жағдайда ғана елге игілік әкелмек.
Қорытындылай келгенде, дін – тек өткеннің емес, бүгін мен болашақтың да алтын арқауы. Ол адамзатқа ізгілік пен имандылықтың, әділдік пен сабырдың жолын нұсқайды. Қазақ халқының рухани болмысында діннің орны әрдайым айрықша болып келген, ал Тәуелсіз Қазақстан үшін ол қоғамдық келісім мен бірліктің берік негізі. Сондықтан дінге құрмет – елге құрмет, иманға ұмтылу – болашаққа ұмтылу. Ұлттың рухани қуаты да, мемлекет тұрақтылығы да осы құндылықтарды сақтай білуде.

Мәлік СЕЙТАЕВ,
Көкбастау ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close