Basty bet
Еңбекпен көркейген өнегелі отбасы
Қай кезеңде де өзгелерге үлгі бола білген еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмайтыны ақиқат. Себебі, әр үздік нәтиже мен күрмеуі қиын жұмыстың астарында сол бір жанның табан ақы, маңдай тері жатыр. Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның істеген ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ.
Қарасаз ауылдық округіне қарасты Көктас ауылындағы Иманбердиевтер отбасы еңбегімен елге етене таныс жанұяның бірі. Қарапайым еңбек адамдары саналы ғұмырын еңбек етумен өткізіп, ұрпағын еңбексүйгіштікке, адалдыққа баулып отыр.
Отағасы Лесбек Тойшыбекұлы әкенің өнегелі өсиетін тыңдап өскен еңбекқор азамат. Әкесі Тойшыбек Иманбердиев Ұлы Отан соғысының ардагері ауылдағы сол тұстағы Карл Маркс совхозында малшы болып жұмыс істеген. Ал, анасы Тұмарша Сұлтанқызы дүниеге сегіз перзент әкеліп, тәрбиелеген алтын құрсақты ана. Ата-анасы ел қатарлы балалардың қамы үшін совхозда еңбек етіп, балаларына адал еңбектің үлгісін көрсетіп кеткен.
Отағасының бала күнінен спортқа жақын болып өсуі өміріне пайдасын тигізді. Спортқа жақындығы мен орыс тілін жақсы білуі әскерде де оң септігін тигізеді. Үнемі спортпен шұғылданып, сергек жүретін Лесбек Тойшыбекұлы әскерде үлгілі сарбаз, әскери жаттығуларда алдыңғы қатарлы жауынгердің бірі болды. Әлі күнге дейін ардагер спорттық шараларға қалмай қатысып, футбол ойнағанды жаны сүйеді. Лесбек атаның қимылының ширақ, тың болуының бір себебі де осы спортпен байланысты болса керек.
Ол әскерден ауылға келген соң алты ай қысқа мерзімді оқудан өтіп, жүргізуші куәлігін алады. 1976 жылдан бастап бұрынғы Карл Маркс совхозында жүргізуші болып ұзақ жылдар жемісті жұмыс істейді.
Өмірлік жары Базаркүл Жапарбайқызымен отау құрып, екеуі еңбекте де, өмірде де жұптары жазылмай, бірге адал еңбекпен қалыптасады. Базаркүл апа да совхозға жұмысқа орналасып, өмір бойы есепші болып жұмыс істеген. Тәуелсіздік алған жылдары совхоз тарап, ауылда «Бірлік» өндірістік кооперативі құрылады. Ерлі-зайыпты аталған кооперативте жұмыста қалып, зейнет демалысын осы мекемеден шығады. Қазіргі таңда, бейнетінің зейнетін көріп отырған қос қария бүгінде ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосып отыр.
-Бүгінгі жемісті әрі табысты күніміз – жас күніміздегі тынымсыз жұмысымыздың нәтижесі. Біз уақытпен санаспай, өзімізге жүктелген міндетті жоғары дәрежеде орындауға тырыстық. Адал еңбекпен тапсырылған жұмыстың үдесінен шығуға тырысып, балалардың болашағы жарқын болсын деп еңбек етуден қашқан емеспіз. Балаларымызды да адал жолмен жүруге, әділдіктен аттамауға үйретіп, жастайынан еңбекке баулып өсірдік. Әкем де бізді солай тәрбиелеген. Соғыстан алған жарақаттары болмаса әкем тың әрі шымыр еді. Сол кездері жасы 80-ге келсе де белорақты шыңдап, шөпті өзі оратын. Ауылдағы трактор, комбайнды шөп орғызуға алып келсем, техниканы шарбаққа кіргізбей қоятын. Біздің ауылда үй іргесіндегі жер көлемі кең. Су мол. Шөп те жақсы шығады. Міне, сол кездері жас болсам да шөп орған кезде әкеме ілесе алмай қалатынмын. Жақсы әкенің даналығы балаға мың жылдық азық. Әкеміздің өнегелі тәрбиесі әлі күнге дейін санамызда. Әкенің берген тәрбиесін өзіміз де бала тәрбиесінде қолданып, сол өнегемен өсіп-өніп отырмыз.
Ал, қазір үйде бос қарап отырмаймыз. Ауылдағы ағайынның тіршілігі мал шаруашылығымен байланысты екені белгілі. Біз де күнделікті таңның атысымен тынымсыз тіршілікті бастап, кешке дейін еңбек етумен күнімізді өткіземіз. Немерелерім де үнемі қасымда жүріп, қолғабыс етеді. Олар да қазірден бастап кез келген дүние тек еңбекпен қана келетінін біліп өсіп келеді. Қазіргі жастар ауылда қалып, ауыр жұмыс істеуден қашатыны жасырын емес. Сол себепті де немерелерімді жастайынан ауылдың тыныс-тіршілігіне, өміріне бейімдеп, қалыптастырудамын. Ауыл – алтын қазығымыз екенін жас ұрпақ біліп, ұғынып өсуі керек. Сол кезде қайда жүрсе де ауылды аңсап, туған үйіне келуге асығып тұратын болады. Еңбек етуді, адал табыс табуды бойына сіңіріп, қалыптасады. Ұрпағымыз адал азамат болса, онда берген тәрбиеміз бен еңбегіміздің еш кетпегені, – дейді ардагер.
«Бақыттың кілті – еңбекте» деген кейіпкеріміз адал жары Базаркүл Жапарбайқызы екеуі үш ұлды тәрбиелеп, бүгінде олардан 14 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Үйдің тұңғышы Ерлан Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің 158/1 мекемесінде тіс дәрігері болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан. Ал, ортаншы ұлдары Руслан – мал шаруашылығымен айналысса, кенжелері Ермұхан – аудандық пробация қызметінің бастығы, капитан.
Бүгінде жетпіс жасқа толып, өткені мен бүгініне шүкіршілік етіп отырған ардагер Лесбек Тойшыбекұлы ауылдық округтегі қоғамдық жұмыстарға да араласып тұрады. Әлі де ат үстінен түспей, көкпардан қалмайды. Ұлы Руслан екеуі «Тойшыбек» шаруа қожалығының жұмысын алға бастырып, отбасылық шаруаны дөңгелетіп отыр. Иелігіндегі жерді игеріп, қорадағы мал басын көбейтуде. Күнделікті 16 бас сауынды сиырдан 200 литр сүт алып, оны аудандағы ірімшік зауытына өткізуде.
Бақытын балаларынан тапқан Базаркүл апай отағасы екеуінің аяққа тұрып, балаларының жақсы азамат болып өсуіне ата-енелерінің көп көмегі болғанын еске алды. Қара шаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған олар қариялардың ақ батасымен де осылай өніп-өсіп отырғандарын жасырмады. «Ата-енем адал, еңбекқор әрі жанашыр жандар еді. Анамыз түсінігі мол, тазалыққа жаны жақын кісі болатын. Менің осы әулетке сіңісіп, үй шаруасын дөңгелетіп алып кетуіме көп көмегі тиді. Аналық ақылын айтып, жол сілтеп отыратын. Үнемі қолдау білдіруді ұмытпайтын. Ұлдарымызды тазалыққа, жинақылыққа әжелері үйретті. Қариялар немерелерінің тәрбиелі азамат болуына өз үлесін молынан қосты. Ал, қазір келінім Эльмира отбасындағы шаруаны дөңгелетіп, тірлігімізді тындырып отыр. Келінімнің еңбегі адал, оған айтар алғысымыз да шексіз» дейді Базаркүл апай.
Ақсақалдық кезеңге абыроймен жетіп, әулеттің тірегі болып отырған Лесбек Тойшыбекұлы 70 жастың жемісін де, жеңісін де адал еңбекпен, алға ұмтылуды көздеген күш-жігермен байланыстырады. Өмірлік жары екеуі ұрпағының да адал еңбекпен көркейіп, абыройлы азамат болатынына сенеді.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»