Basty bet

Тілге құрмет – елге құрмет!

жас ұстаз Ангелина Гинцтің қазақ тіліне деген құрметі ерекше

Құшағы кең қазақ елі қиын-қыстау кезеңдерде көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басқаны тарихтан белгілі. Қазіргі таңда Қазақстанда бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі, ынтымағы басқа мемлекеттерге үлгі. Елімізде соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені де басты жетістігіміз. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жері мен мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді.

Осы орайда, өз тілін өгейсітіп жүрген кейбір қандастарға үлгі болар деген ниетпен қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілін оқырмандарға таныстыруды жөн көрдік. Ангелина Гинц неміс ұлтының өкілі. Ол Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында дүниеге келген. Балалық шағында Қазақстанға отбасымен біржолата қоныс аударады. Нақтырақ айтар болсақ, Батыр Баукең мен Шерағаның кіндік қаны тамған қасиет Жуалы мекеніне көшіп келеді. Табаны қасиеті дарыған топыраққа тиген бала Ангелинаның қазақ тілге, қазақ халқына деген құрметі осы кезден бастап қалыптаса бастайды. Ол қазақ елінде тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарын танып, халық мәдениетіне сусындап өседі. Міне, бала Ангелинаның қазақ тілі мен қазақ халқына деген құрметінің қалыптасуының алғашқы баспалдағы десек, ал оның одан ары қарай қалыптасып, нығая түсуіне ата-анасы мен әжесі жол ашады. Батыр Баукеңнің кез келген ұлттың тiлiн, дәстүрiн бiлмей, оның жанын, арманын бiлу, сенiм, құрметiне бөлену мүмкiн емес деген ұлағатты сөзін ешқашан жадынан шығарған емес.
Сөзімізді ары қарай сабақтасақ, жаны қазақ неміс қызы өңірге қарасты Қарасаз ауылындағы №6 А.С.Пушкин атындағы орта мектепті аяқтайды. Өмір жолы бір орында тұрған ба? Ангелина мектепті үздік үлгеріммен аяқтай салып, Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, биология пәнінің мұғалімі мамандығын тамамдайды. Бір қызығы, университет қабырғасында бірінші қурста оқып жүргенде, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Ғылым әлемі» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық конференциясында «Мемлекеттік тіл – бәсекеге қабілеттіліктің негізі» секциясына белсенді қатысқаны үшін грантқа ауысып, мемлекеттен шәкіртақы алып, оқуын аяқтаған. “Мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрметімнің арқасында болар, ата-анама салмақ салмай, мемлекеттен жоғары шәкіртақы алып, үздік аяқтадым” деп ой бөлісті ол. Кейіннен М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түсіп, екінші дипломын алуды ұйғарады.
Жас маман өзінің ең алғашқы еңбек жолын Қарасаз ауылындағы өзі білім алған мектепте орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Осында бала оқытып, тәжірибе жинақтап жүр.
-Қазақ тілінде еркін сөйлегенімді көрген жергілікті тұрғындар жылы қабылдады. Бұрын мұндайға қатты таңғалатын. Қазір өзге ұлттардың қазақ тілінде сөйлегеніне адамдардың бойы үйренген. Бірақ бейтаныс кісілер қазақша сөйлегенімді көргенде маған жылы жүзбен қарап, құрмет көрсетеді. Тіл білгеннің ешқандай артықшылығы жоқ,- дейді біздің кейіпкеріміз.
«Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға», – деген ұлы Абайдың даналығын өзінің өмірлік қағидасы еткен жас маман осылайша ұстаздық қызметке біржолата келді. Мұғалім болуды басты мақсат тұтқан Ангелина оған еш өкінбейтінін айтады. Балаларды білім мен тәрбиеге үйретіп жатқанына өте қуанышты.
-Жұмыстың оңайы жоқ. Әр мамандықтың өз қиыншылығы бар. Ұстаз мамандығын таңдағанда қалай болар екен деп қиналғаным бар. «Баламен тіл табыса алам ба? Сұрақтарына өзі күткендей жауап бере алам ба? Ата-анамен жұмыс істей алар ма екенмін?», деген сияқты сұрақтар мазалады. Алғашқыда қиналғаным рас. Бірақ өзімді жігерлендіру және жетілдіру арқылы ұстаздықтың шыңына жетемін деп алдыма айқын мақсат қойып отырмын,- дейді жас ұстаз.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close