Basty bet

Мемлекеттік қызметші болу – абыройлы міндет

«Ұлтыңа, жұртыңа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек-ақ. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы, әділдігі және өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түгел түркінің темірқазығы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбымен өткен екінші отырысында: «Мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық» деп атап өтті.
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап қашанда жоғары. Сол талап үдесінен шығып жүрген қызметкерлердің бірі, Шақпақ ауылдық округінің бас маман-есепшісі Шолпан Құттыбаева.
Ол Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында туған. 2004 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ның Тараз институтын (ТИГУ) экономика мамандығымен тамамдаған.
Алғашқы еңбек жолын Тараз қаласындағы «Білім» колледжінде іс-қағаздарын жүргізуші болып бастаған ол аз уақыттың ішінде бас есепші лауазымына ауысады. Араға бір жыл салып туған ауылындағы әскери бөлімде материалдық есепші болып жұмысқа орналасып, кейіннен Шақпақата ауылында «Қазақстан-Жуалы» ӨК-де есепші болып қызмет атқарып, 2016 жылдан бері Шақпақ ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман-есепші ретінде жемісті еңбек етуде. Жалпы еңбек өтілі – 17 жыл.
Қарапайым отбасынан шыққан Шолпан Құттыбаевның еңбекқорлық қасиеті ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыса керек. Әкесі сауда саласында еңбек етсе, ал анасы медбике болып қызмет еткен, төрт қыздың анасы.
Шолпан Бақытқызы өз мамандығына ерекше ықыласпен қарайтын іскер, өз ісіне жауапты, адал және біліктілігін арттырып, ізденісте жүретін жан. Сонымен қоса, жоғары адамгершілік қасиет иесі ретінде ұжымда сый-құрметке ие. Әріптестерімен жақсы тіл табысып жұмыс атқаруда.
Бүгінде Әділет Шаханов екеуі екі бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Аяулы ана, іскер маман әрі бір шаңырақтың ұйытқысы болған Шолпан Бақытқызы халыққа қызмет көрсетудің қажетті де өзекті саласын дамыту мен жетілдіру ісінде аянбай еңбек етуде. Ол жас мамандарға тәлімгер болуға да лайықты. Себебі, қызметкерлер және азаматтармен қарым-қатынас орнату барысында сөйлеу этикасын, сондай-ақ еңбек және орындаушылық тәртібін сақтап келеді.
«Мемлекеттік қызметті алып жүру – абыройлы міндет. Бізге жүктелген сенімді ақтау үшін жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, қызметті сапалы атқаруға жұмыс жасаудамын. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы өңір үшін маңызды» дейді бас маман Шолпан Құттыбаева.
Сонымен қатар, өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Алғысхаттарымен марапатталған.
Қоғамның мемлекеттік қызметке сенімінің қалыптасуына алдымен мемлекеттік қызметшінің рөлі ерекше. Мемлекеттік қызметшілер әкімшілік-құқықтық субъектілері ретінде қоғамдағы түрлі салаларда, атап айтқанда, экономика, әкімшілік-саяси басқару ісінде, мемлекеттілікті нығайту секілді сұрақтарды шешуде маңызды орын алады.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close