Basty bet
Мемлекеттік тілге құрмет көрсету – азаматтық борышымыз
«Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл.
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға
дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл
ата-бабамызды,
тарихымызды ұмыту».
Б.Момышұлы.
Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, ұлттық болмысы.
Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталуы керек. Айналада адамдарға, өзіңнің өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқараста туған тіліңді білуден басталады.
Мемлекетіміз Тәуелсіздік алғалы бері мемлекет тарапынан мемлекеттік тілді қолдау жоспарлар, стратегиялық құжаттар, бағыттар мен мақсаттар жасалынған. Ол бойынша жетістіктер бар, алайда оған қарамастан әлі де болса атқарылатын жұмыстар жетерлік.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің дамуына жан-жақты қолдау көрсетіліп, қажеттілік артып келеді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді дамыту бойынша біршама жұмыстар жүйелі түрде атқарылып жатыр. Барлық дерлік мемлекеттік органдарында іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшіріле бастады. Қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдардың саны арта түсуде.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес. Алайда жастар арасында, кейбір мекемелерде қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Соны көріп жүрегің қан жылайды. Бір жағынан, әлі күнге дейін орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендігімізден болар.
Әлі де болса мемлекеттік мекемелерден оның әсіресе қаржы ұйымдары мен банк мекемелері тарапынан аудандық сотқа құжаттардың ресми тілде жолдануда. Оларға ай сайын мемлекеттік тілде құжаттарды жолдау жөнінде хаттар жолданады. Алайда банк секторлары сол қалпы ресми тілде жолдауды жалғастыруда.
Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз – тәуелсіздік, егемендіксіз- тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Сол кезден бастап мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жарияланды. Қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі.
Тіліміздің түп тамырымен жойылып кетпегеніне шүкіршілік етуіміз керек тәрізді. Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы – ана сүтімен санасына дарыған ана тілі ғана.
Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз, халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр.
-Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақ өз үлесін қосу керек. Еліміздің патриотты азаматары ретінде, өзгенің емес,өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық, – дейді аудандық Сот әкімшісінің жетекші маманы Берік Иманалиев!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»