Basty bet

Тұрғындарға құқық негіздері түсіндірілді

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Заң және тәртіп» қағидатын қоғам өміріне берік орнықтыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл – ең алдымен, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң талаптарын құрметтеуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және ел ішіндегі тұрақтылықты нығайтуға бағытталған маңызды міндет.
Осыған орай ауданға қарасты Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылдық мәдениет үйінде «Заң және тәртіп» қағидаты аясында ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдерінің, сала мамандарының қатысуымен құқықтық жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Әлімбеков, Отбасын қолдау орталығының директоры Жәмила Қалымбетова, аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұртілеу Төрен және ауыл тұрғындары мен мектеп мұғалімдері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы ашып, жүргізді.
Басқосуда қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасы құндылықтарын сақтау, жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беру, төтенше жағдайлардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.
Жиында алғашқы сөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашевқа берілді.
Сейітхан Шерелханұлы өз сөзінде, қоғамның тұрақтылығы мен елдің тыныштығын сақтауда аға буынның жауапкершілігіне тоқталды. Оның айтуынша, заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
– Қоғамда тәртіп болса, елде береке болады. Заңды сақтау – әрбір азаматтың өзінен басталуы керек. Үлкендер кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсетіп, жастарды еңбекке, отансүйгіштікке, жауапкершілікке тәрбиелеуге тиіс. Заң талаптарын орындау – жазадан қорқу емес, ел алдындағы азаматтық міндетті сезіну, – деді ол.
Шын мәнінде, құқықтық мәдениет отбасынан, мектептен және күнделікті ортадан қалыптасады. Адамның қоғамдық орында өзін-өзі ұстауы, өзгенің құқығына құрметпен қарауы, белгіленген тәртіпке бағынуы – заңға деген көзқарастың көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге бірнеше рет ерекше мән берген. Заң үстемдік ететін қоғамда әр адамның құқығы қорғалып, міндеті айқындалады. Ал, тәртіп орнаған жерде тұрақтылық пен өзара сенім қалыптасады.Президент тағы бір сөзінде «Заң және тәртіп» қағидатын жеке адамның да, тұтас қоғамның да қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басты талап ретінде атап көрсеткен.
Жиында Анар Ахметова ата-аналарға қазіргі таңда ұялы телефонның балаларға тигізетін зиянына тоқталып өтті.
Әрі қарай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы Мейірхан Әлімбеков тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтамау кей жағдайда орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан өрт қауіпсіздігі, электр құралдарын пайдалану, жылыту маусымындағы сақтық шаралары, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне әрбір тұрғын жауапкершілікпен қарауы қажет.
Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне ата-аналар ерекше көңіл бөлуі керек. Үйдегі қарапайым қауіпсіздік талаптарын түсіндіру, балаларды қараусыз қалдырмау, қауіпті заттарды олардың қолы жетпейтін жерде сақтау – қайғылы жағдайлардың алдын алатын қарапайым әрі тиімді шаралар. Ағымдағы жылы 26 өрт оқиғасы тіркеліп, оның ішінде 8 автокөлік, 18 тұрғын үй, мал қора және шөп жинау қораларында орын алған. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаңыздар. Балаларды отпен ойнауға жол бермеңіздер. Одан бөлек, су айдындарындағы қауіпсіздікті де сақтаған жөн. Суға тек арнайы жабдықталған орындарда шомылу қажет. Мас күйінде суға түспеу керек. Таныс емес және тереңдігі белгісіз жерлерге секірмеу қажет. Қайықта және жүзу құралдарында құтқару кеудешесін пайдаланған абзал. Дауылды, желді күні суға түспеу керек. Балаларды су айдындарының маңында ешқашан қараусыз қалдырмаңыз. Баланың суға жалғыз баруына жол бермеңіз. Суға түскен кезде ата-ана немесе ересек адам баланы үнемі бақылауда ұстауы қажет.
Кез келген төтенше жағдай орын алған кезде 101-Өрт сөндіру қызметі және 112 – бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызмет байланыс телефонына хабар беріңіздер. Қауіпсіздік – әр адамның жауапкершілігі!
«Заң және тәртіп» қағидатының мәні де осында. Қауіпсіздік ережелерін сақтау – адамның өз өміріне ғана емес, айналасындағы адамдардың өмірі мен денсаулығына деген құрметі,- деді Мейірхан Жартыбайұлы.
Басқосуда Отбасын қолдау орталығының директоры Жәмила Қалымбетова отбасы институтының қоғамдағы орнына тоқталды.
Оның айтуынша, қоғамдағы көптеген мәселенің шешімі ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Бала ата-ананың іс-әрекетінен үлгі алады. Сондықтан отбасындағы өзара сыйластық, жауапкершілік, мейірімділік пен түсіністік – баланың болашақ азамат ретінде қалыптасуына тікелей әсер етеді.
Жәмила Қалымбетова отбасындағы татулықты сақтау, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу және қиын жағдайға тап болған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау жөнінде түсінік берді.
Қазіргі таңда отбасы мәселесіне тек жеке шаңырақтың проблемасы ретінде қарауға болмайды. Өйткені берік отбасы – берік қоғамның негізі. Ал, отбасындағы татулық пен өзара құрмет қоғамдық тұрақтылықтың маңызды бөлігі саналады.
Жиында жастар мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудандық Жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Нұртілеу Төрен жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, спортпен және шығармашылықпен айналысуға жағдай жасау жөніндегі жұмыстарға тоқталды.
Жастардың қоғамдағы белсенділігі артқан сайын олардың жауапкершілігі де жоғары болуы тиіс. Әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сыни көзқараспен қарау, түрлі арандатушылыққа ермеу, заң талаптарын білу және құрметтеу – қазіргі жас буынға қойылатын маңызды талаптардың бірі.
Жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл бағытта ата-ана, мектеп, жергілікті атқарушы органдар, жастар ұйымдары және жалпы қоғам бірлесе жұмыс істегенде ғана оң нәтиже болады.
Мектеп қабырғасында білім алумен қатар, балаға азаматтық жауапкершілік пен құқықтық мәдениеттің маңызын түсіндіру – ұстаздар мен ата-аналардың ортақ міндеті.
Осы тұрғыдан алғанда, жиынға мектеп ұстаздарының қатысуы да маңызды болды. Себебі, ұстаз – балаға білім беріп қана қоймай, оның азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал ететін тұлға.
«Заң және тәртіп» қағидатының түпкі мәні – азамат пен мемлекеттің арасындағы өзара жауапкершілікті нығайту.
Заң талаптары баршаға ортақ. Қоғам мүшелерінің бір-бірінің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуі, қоғамдық орындарда тәртіп сақтауы, заңсыз әрекеттерге жол бермеуі – құқықтық мемлекетті қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:«Заң мен тәртіпке құрметпен қарау дегеніміз – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс», деп атап өткен болатын.
Бұл сөз әр азаматқа ой салуы тиіс. Өйткені тәртіп тек бақылау немесе жаза арқылы қалыптаспайды. Нағыз тәртіп адамның ішкі мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады.
Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау бір реттік іс-шарамен шектелмеуі керек. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталуы қажет.
Жиында ауыл тұрғындары да өз ойларын ортаға салып, сала мамандарына көкейдегі сұрақтарын қойды.
Жалпы, мұндай басқосулардың ауыл тұрғындары үшін маңызы зор. Себебі, заң талаптары мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты тұрғындарға тікелей жеткізу, мамандармен ашық пікір алмасу – өзекті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік бермек.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close