Basty bet
Ауылдың ажары – оның тазалығында
Бауыржан Момышұлы ауылында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жұмыстарын «Жуалы Тазалығы» жеке кәсіпкерлігі атқарып келеді. Кәсіпкерлік нысанның негізгі міндеті – тұрғындардан жиналған тұрмыстық қалдықтарды белгіленген кестеге сәйкес уақтылы шығарып, елді мекеннің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету.
Аталған кәсіпкерлікті жеке кәсіпкер Насиба Байгелбаева басқарады. Ол бұл салада 2017 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2017 жылдан бастап «Арсенал» жеке кәсіпкерлігінде жұмыс істеген кәсіпкер 2025 жылдан бері «Жуалы Тазалығы» жеке кәсіпкерлігі арқылы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.
Бүгінде Бауыржан Момышұлы ауылында 3 090 аула болса, оның 1 542-сі тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметіне тіркелген. Қалған тұрғындармен келісімшарт жасау жұмыстары әлі де жүргізілуде. Сонымен қатар кәсіпкерлік ауылдағы 87 көшеге және базар мен өзге де мекемелерге қызмет көрсетеді.
Қалдықтарды шығару жұмыстары алдын ала жасалған кесте бойынша жүзеге асырылады. Әр көшеге аптасына бір рет арнайы техника жіберіліп, осылайша бір айда төрт рет тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Қызмет көрсету бағыттары екі жүк көлігіне бөлінген. Мұнда екі жүргізуші, төрт жүк тиеуші, есепші және бақылаушы еңбек етеді.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметінің белгіленген тарифі аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 17 тамыздағы №6-4 шешімімен бекітілген. Қолданыстағы тариф бойынша жайлы үйлерде тұратындар үшін ай сайын бір адамға 108,87 теңге, жайлы емес үйлер үшін 131,73 теңге белгіленген. Ал, жеке және заңды тұлғалар үшін тариф 1 текше метрге 1306,39 теңгені құрайды. 2025 жылдан бастап тұрғындар үшін қолданылатын тариф бір адамға 131,73 теңге болып бекітілген.
Алайда соңғы жылдары нарықтағы бағаның өсуі бұл салаға да салмақ түсіріп отыр. Жанар-жағармай құнының қымбаттауы, арнайы техниканың қосалқы бөлшектері мен жөндеу шығындарының артуы, жұмысшылардың еңбекақысы және қалдықтарды арнайы полигонға орналастыруға байланысты төлемдер қызметтің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Сондықтан тұрғындардың қызмет ақысын уақтылы төлеуі – кәсіпорын жұмысының тұрақты жүруі үшін маңызды. Төленген әрбір төлем техниканың жанармайына, оны жөндеуге, жұмысшылардың еңбекақысына және қалдықтарды үздіксіз шығаруға жұмсалады.
Қоқыс шығару қызметінің сапасы кәсіпорынның техникалық мүмкіндігіне ғана емес, тұрғындардың жауапкершілігіне де байланысты. Қызмет көрсету барысында кездесетін негізгі мәселелердің бірі – келісімшартта көрсетілген тұрмыстық қатты қалдықтардың орнына басқа қалдықтардың шығарылуы. Бұл мәселе бойынша кәсіпкер тұрғындардың арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Ауылдық WhatsApp топтарында да тазалықты сақтау, қоқысты дұрыс шығару және белгіленген талаптарды орындау жөнінде ақпараттар беріліп отырады.
– Тұрғындарға айтарым, бұл – үнемі айтып келе жатқан мәселе. Қызмет көрсету барысында тұрмыстық қатты қалдықтардың орнына малдың қиы, тас, құм, құрылыс қалдықтары сияқты ауыр әрі көлемді заттар шығарылады. Жүк көлігіне қоқыс тиеп жүрген жұмысшылар да адам. Мұндай ауыр заттарды көтеру олардың денсаулығына кері әсер етеді. Соның салдарынан жұмысшылар тұрақтамай, бізге де маман табу қиынға соғады, – дейді жеке кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша, тағы бір өзекті мәселе – кейбір тұрғындардың қоқысты белгіленген уақытта шығармай, контейнердің сыртына тастап кетуі. Мұндай жағдайлар әсіресе тұрғындар көп шоғырланған аумақтарда жиі кездеседі. Мәселен, Мал базары маңындағы жаңа тұрғын үй аумағында екі контейнер орнатылған. Алайда кей жағдайда контейнерлерге сыймаған қоқыс жерге тасталады. Сол сияқты С.Бейбарыс көшесіндегі екі көпқабатты үйдің маңында да контейнерлер болғанымен, кей тұрғындар қалдықтарды контейнердің ішіне емес, сыртына қалдырып кетеді. Соның салдарынан айнала ластанып, тұрғындарға қолайсыздық туындайды.
Ауыл тазалығын сақтау тек қоқыс шығару қызметінің міндеті емес. Оның негізінде тұрғындардың экологиялық мәдениеті қалыптасуы тиіс. Әсіресе, бұл мәдениетті жас ұрпақтың бойына ерте жастан сіңіру маңызды. Баланың қолындағы қажетсіз затты көшеге тастамай, арнайы жәшікке салуы – қарапайым әрекет болғанымен, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің алғашқы қадамы. Сондықтан ата-ана баласына қоқысты кез келген жерге тастамауды, табиғатты қорғауды және тазалықты сақтауды күнделікті өмірде үйретуі керек.
– Тұрғындар тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптап тастау мәдениетін қалыптастырса, құба-құп. Сонымен қатар, біздің жұмысымызға түсіністікпен қарап, еңбегімізді бағаласа екен деймін. Қоқыс шығаратын жұмысшыларға сыйластық танытса деген ұсынысым бар. Тазалықты тек арнайы қызметтен талап ету жеткіліксіз. Әрқайсымыз өз ауламыздың, өз көшіміздің тазалығына жауапкершілікпен қарасақ, ауылдың көркі де арта түседі, – дейді Насиба Байгелбаева.
Шын мәнінде, тазалық – бір күндік науқан емес, күнделікті қалыптасатын мәдениет. Арнайы қызмет өз жұмысын сапалы атқарғанымен, тұрғындар қоқысты белгіленбеген жерге тастап, контейнерлерді дұрыс пайдаланбаса, еңбектің нәтижесі толық көрінбейді. Сондықтан, ауылдың тазалығы – кәсіпкердің ғана емес, әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Айналаны ластамау арқылы әр адам туған жерінің көркеюіне өз үлесін қоса алады. Таза ауыл – жайлы орта, таза ауа тұрғындардың жақсы көңіл-күйі мен денсаулығының кепілі. Ендеше, ауылдың ажарын арттыру өз қолымызда екенін ұмытпайық!.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”