Basty bet

Адал қоғам – жарқын болашақтың кепілі

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кері әсер ететін, халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне селкеу түсіретін күрделі әлеуметтік мәселе. Онымен күресу – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Мемлекеттің тұрақты дамуы, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы ең алдымен заңның үстемдігіне байланысты. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші өз қызметін адал атқарып, халыққа сапалы әрі ашық қызмет көрсетуі қажет.
Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, оның себептері мен жағдайларын жоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы басты қағидалардың бірі – жемқорлық фактісі орын алғаннан кейін ғана әрекет ету емес, оның алдын алу.
Ауылдық жерлерде де бұл мәселеге ерекше мән беріледі. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында заң талаптарын сақтау, азаматтардың өтінішін уақтылы қарау, мемлекеттік қаражаттың тиімді әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету – әрбір қызметкердің басты міндеті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет отбасынан, мектептен, еңбек ұжымынан басталады. Баланың бойына адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді сіңіру арқылы біз болашақта парақорлық пен тамыр-таныстыққа төзбеушілік танытатын саналы ұрпақ қалыптастыра аламыз.
Халық арасында «Адалдық – ардың ісі» деген жақсы сөз бар. Шын мәнінде, адал еңбек пен таза қызмет қана қоғамның берік негізін қалыптастырады. Әр азамат өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын құрметтеген жағдайда ғана сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Мемлекеттік қызметші үшін халықтың сенімінен асқан үлкен жауапкершілік жоқ. Сондықтан қызмет бабын жеке басының пайдасына пайдаланбай, ел игілігі үшін адал қызмет ету – әрбір азаматтың азаматтық әрі кәсіби парызы.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір күндік науқан емес. Бұл – қоғамның барлық мүшесінен тұрақты ұстаным мен жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды бағыт.
Әрқайсымыз «жемқорлыққа жол бермеу – өзімнен басталады» деген қағиданы ұстансақ, әділетті, ашық әрі адал қоғам құруға өз үлесімізді қоса аламыз.
Адал қоғам – жарқын болашақтың кепілі!

Марат Жарлықасын,
Күреңбел ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close