Basty bet
№473 сайлау учаскесінде сайлау ұйымшылдықпен өтті
Б.Момышұлы ауылындағы №15 Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицейінің ғимаратында орналасқан №473 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау жоғары деңгейде, ұйымшылдықпен өтті.
Сайлау учаскесінің жалпы сайлаушылар тізімінде 1 725 азамат бар. Таңғы сағат 07.00-де учаске өз жұмысын бастап, сайлау рәсімі салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Осылайша ел азаматтарының Конституциялық құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды саяси науқан басталды.
Сайлау учаскесіне ең алғашқылардың бірі болып аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов отбасы мүшелерімен бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Аға буын өкілдері ел өміріндегі осындай маңызды науқаннан шет қалмай, азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.
Таңғы уақыттан бастап №473 сайлау учаскесіне қарасты көшелердің тұрғындары да лек-легімен келіп жатты. Сайлаушылардың қарасы бір сәтке де үзілмей, учаскеде қалыпты жұмыс ырғағы сақталды. Әр азамат өз таңдауын жасау үшін белгіленген тәртіппен дауыс беру орнына барып, бюллетеньді алып, өз таңдауын жасады.
Сайлау учаскесіне келгендердің қатарында қоғамның әртүрлі буынының өкілдерін кездестіруге болады. Олардың арасында «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иегерлері, елге сыйлы қариялар, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен мамандары, білім беру саласының өкілдері, мектеп директорлары, спортшылар, еңбек адамдары және алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар болды.
Әсіресе, алғаш рет сайлауға қатысып, азаматтық таңдауын жасаған жастардың белсенділігі көңіл қуантты. Жас сайлаушылардың саяси науқанға жауапкершілікпен қарап, ел болашағына қатысты маңызды шешімге өз үлестерін қосуы – өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымының қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Ал, тәжірибелі аға буын өкілдері үшін сайлау – елдің ертеңіне деген жауапкершілікті сезінудің тағы бір мүмкіндігі. Ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар да таң сәріден сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасап, кейінгі буынға өнеге көрсетті.
Сайлау учаскесінде азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына, сайлау рәсімдерінің талапқа сай жүргізілуіне тиісті жағдай жасалды. Учаске комиссиясының мүшелері сайлаушыларды қарсы алып, қажетті ақпараттарды беріп, дауыс беру тәртібін түсіндіріп отырды. Сайлаушылар да белгіленген талаптарды сақтап, науқанның ұйымдасқан түрде өтуіне өз үлестерін қосты.
Жалпы, №473 сайлау учаскесіндегі саяси науқан ел тұрғындарының азаматтық белсенділігі мен жауапкершілігін айқын көрсетті. Таңғы сағат 07:00-ден басталған дауыс беру барысы қалыпты жағдайда өтіп, тұрғындар өз таңдауын жасауға белсенді қатысты.
Ел өміріндегі маңызды саяси науқанға қатысу – әр азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен бірге мемлекет болашағына деген жауапкершілігі. Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындары осы жауапкершілікті сезініп, өз таңдауын жасау арқылы елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласатынын көрсетті.
№473 сайлау учаскесіндегі сайлаудың барысы ұйымшылдықпен, жоғары азаматтық белсенділікпен өтіп, ауыл тұрғындарының ел болашағына бей-жай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»