Basty bet
Татулықты тұмар еткен отбасы
Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. Дана халқымыз «Бірлік болмай, тірлік болмас» деп те бекер айтпаса керек.
Ал, көп ұлтты ел болу – біздің басты байлығымыз, мақтанышымыз. Тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін де, елімізді жаңа белестерге жетелейтін де біздің ауызбіршілігіміз, татулығымыз.
«Түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» демекші, біздің ауданымызда да түрлі ұлт өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бейбітшілік пен бірліктің берекелі ордасына айналған ел іргесінің берік болуы ондағы өмір сүрген әр шаңыраққа байланысты. Өңірімізде тәуелсіз еліміздің тірлігіне тілеулес болып, Қазақстанды туған Отанындай санайтын түрлі ұлт өкілдерінен құралған отбасылар жетерлік. Бір шаңырақтың астында бір ұлттың баласындай болған олар өзара түсіністікпен, сыйластықта өмір сүруде. Солардың бірі – Чаковтар отбасы. Отағасы Владимир Чаков 1985 жылы Жамбыл облысына қарасты Қаратау қаласында дүниеге келді. 1995 жылы Тасбастау ауылына қоныс аударады. Әке-шешесінің ұлты орыс болғанына қарамастан, қазақшаға судай азамат оның сырын былай деп түсіндіреді: «Тоғызыншы сыныпқа дейін қазақ сыныбында білім алдым, мемлекеттік тілді жетік білуім сондықтан».
Қазақстанда әр ұлт өкілдерінің кәсіппен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Бізден басқа мемлекетте дәл біздегідей терезесі тең еңбек етіп, кәсіп жасап, қалаған ісімен айналысып жатқан диаспоралар жоқ. Сондықтан олар Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатыр. Міне, бұл отбасының отағасы да шөп науқаны кезінде шөп жинап, қалған уақытта көлік жөндейді. Ал,отанасы Халипа Чакова 1995 жылы Қырғызстан Республикасында дүниеге келген. 2007 жылы Қазақстанға қоныс аударады. 2015 жылы Владимир Чаковпен танысып шаңырақ көтереді. Владимир Юрьевич екеуі отбасында үш қыз, екі ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған бақытты жандар.
Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Біз әңгіме еткен отбасында да ұлт тізгінін ұстайтын ұлықты ұл мен ел болашағына елеулі үлес қосатын қылықты қыз өсіп келе жатқанына қуанамыз. Ана болу – бір бақыт. Ал көп балалы ана атану – нағыз ерлік. Себебі қазіргі уақытта шиеттей бала-шағаны бағып-қағу да оңай емес. Әрине, қазақ «бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегенді санаға сіңіріп өскен халық. «Әр баланың өз несібесі бар» деген сөздің қаншама отбасыға күш пен жігер сыйлайтыны тағы анық. Чаковтар отбасының ортақ арманы да осы еді. Ұлдары Расул және Ярослав таэквонда және шахмат үйірмесіне барады. Қызы Виктория шахмат үйірмесіне қатысады. Болашақтағы арманы шахматтан әлем чемпионы атану. Кенже қыздары Милана мен Карина балабақшаға барады.
– Біздің шаңырақта береке мен бірлік бұлжымас қағида. Түрлі ұлттан болсақ та ешқандай түсінбеушілік болған емес. Дәстүрлерімізде айырмашылық бар. Бөліп-жармай барлығын да атап өтеміз. Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық болса болғаны, – дейді отанасы Халипа Чакова.
Отандарын Қазақстан деп білетін олар мемлекеттік тілді білу елімізде тұратын әрбір азаматтың міндеті деп санайды.
Өзге ұлт болса да қазақылықты бойларына сіңіріп, тіліміздің шұрайлылығын сөз еткен отбасының бүгінгі келбетін көргенде бір марқайып қаласың. Қалай десек те, қазақ халқы секілді кеңпейіл шаңырақтың татулығы көпке үлгі боларлықтай.
Жанұя – қоғамның ең маңызды құрылымы екені баршамызға белгілі. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсінік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз. Ендеше, жұптары жазылмай келе жатқан Владимир Чаков пен Халипа Чакова шаңырағынан шаттық кетпесін дейміз.
Анар ТІЛЕНШИЕВА
«Жаңа өмір»