Basty bet

Майталман маман, абыройлы азамат

Қай кезеңде де өзгелерге үлгі бола білген еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмайтыны ақиқат. Себебі, әр үздік нәтиже мен күрмеуі қиын жұмыстың астарында сол бір жанның табан ақы, маңдай тері жатыр. Әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адамды өсіретін де, өшіретін де оның істеген ісі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ.
Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында тұратын Айдар Пошқаев еңбегімен елге етене таныс жанның бірі. Қарапайым еңбек адамдары саналы ғұмырын еңбек етумен өткізіп, ұрпағын еңбексүйгіштікке, адалдыққа баулып отыр.
Ол 1957 жылы Ақбастау ауылында туып осындағы 8 жылдық мектепті бітірген соң, Қайрат ауылындағы бұрынғы “Октябрьдің 40 жылдығы” мектебін тамамдаған. Отан алдындағы әскери борышын Украинада өтеген. Әскерден ауылға келген соң Шақпақата ауылындағы СПТУ-да алты ай қысқа мерзімді оқудан өтіп, ауыл шаруашылығы куәлігін алған. Одан кейін Түркістан қаласындағы ауыл шаруашылық институтынан инженер-механик мамандығын алады. 1983 жылдан бастап №16 Жуалы колледжіне шебер болып жолдамамен жұмысқа орналасады. Заман ағымына қарай, ол оқуын сырттай бөлімде жалғастырған. 2013 жылы Шымкенттегі аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетін және 2015 жылы кәсіптік бакалаврды бітірген.
Айдар Сәрсенбайұлы ұзақ жылдар бойы табан аудармастан бір салада, бір орында қызмет жасап, майталман механизатор ретінде жемісті еңбегімен зейнетке шығады. Еңбек адамы еңбекқорлығы мен табандылығы арқылы ел дамуына үлес қосқан жан. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Түрлі марапаттардың иегері атанды.
Өмірлік жары Гүлнар Есімбекқызымен отау құрып, екеуі еңбекте де, өмірде де жұптары жазылмай, бірге адал еңбекпен қалыптасады. Гүлнар Есімбекқызы №16 Жуалы колледжінде есепші болып жұмыс жасап, зейнетке шыққан. Қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған қос қария бүгінде ұрпақ тәрбиесіне өз үлестерін қосып отыр.
-Бүгінгі жемісті әрі табысты күніміз – жас күніміздегі тынымсыз жұмыстың нәтижесі. Біз уақытпен санаспай, өзімізге жүктелген міндетті жоғары деңгейде орындауға тырыстық. Адал еңбекпен тапсырылған жұмыстың үдесінен шығып, балалардың болашағы жарқын болсын деп еңбек етуден қашқан емеспіз. Балаларды да адал жолмен жүруге, әділдіктен аттамауға үйретіп, жастайынан еңбекке баулып өсірдік.
Ал, қазір үйде бос қарап отырмаймыз. Ауылдағы ағайынның тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты екені белгілі. Біз де күнделікті таңның атысымен тынымсыз тіршілікті бастап, кешке дейін еңбек етумен күнімізді өткіземіз. Немерелерім де үнемі жанымнан табылып, тірлікке қолғабыс етуде. Олар да қазірден бастап кез келген дүние тек еңбекпен қана келетінін біліп өсіп келеді. Қазіргі жастар ауылда қалып, ауыр жұмыс істеуден қашатыны жасырын емес. Сол себепті де немерелерімді жастайынан ауылдың тыныс-тіршілігіне, өміріне бейімдеп, қалыптастырудамын. Ауыл – алтын қазығымыз екенін жас ұрпақ біліп, ұғынып өсуі керек. Сол кезде қайда жүрсе де ауылды аңсап, туған үйіне келуге асығып тұратын болады. Еңбек етуді, адал табыс табуды бойына сіңіріп, қалыптасатыны анық. Ұрпағымыз адал азамат болса, онда берген тәрбиеміз бен еңбегіміздің еш кетпегені, – дейді Айдар Пошқаев.
«Бақыттың кілті – еңбекте» деген кейіпкеріміз адал жары Гүлнар Есімбекқызы екеуі отбасында бір ұл, төрт қызды тәрбиелеп, олардан 12 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Бүгінде өмірлік жары екеуі ұрпағының да адал еңбекпен көркейіп, абыройлы азамат болатынына сенеді.
Бетті әзірлеген
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close