Basty bet
Жуалы жастарының жарқын жетістігі
Жастар – кез келген мемлекеттің болашағы мен қозғаушы күші. Қоғамның дамуы, экономиканың өсуі, ғылым мен мәдениеттің жаңаруы тікелей жастардың белсенділігіне байланысты.
Әсіресе, спорт саласында жастардың орны ерекше. Спорт жас ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың бойында тәртіп, табандылық, жауапкершілік және отансүйгіштік секілді қасиеттерді қалыптастырады. Жас спортшылардың жетістіктері елдің халықаралық беделін көтеріп, қоғамда саламатты өмір салтын насихаттайды.
Өткен жылға көз жүгіртсек, еліміздің жас спортшылары халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар әртүрлі спорт түрлерінен өткен додаларда еліміздің жас спортшылары жалпы 172 медаль жеңіп алды. Оның ішінде, жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 93 медаль, Пара Азия ойындарында 68 медаль, ал U15 санатындағы халықаралық жарыстарда 11 медаль иеленді. Бұл көрсеткіштер жастар спортының қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Жылан жылы Жуалы ауданының спорт тарихында да есте қаларлықтай белестерге толы болды. Ауданның спорт саңлақтары республикалық және халықаралық ареналарда өнер көрсетіп, көк байрағымызды биікке көтерді. Өткен жылы аудан спортшылары 160 мәрте жеңіске қол жеткізіп, өздерінің қажырлы еңбегі мен табандылығын көрсетті. Бұл – тек жекелеген спортшылардың жетістігі емес, тұтас Жуалы жұртшылығының мерейі және жас ұрпаққа үлгі болатын жарқын жол деп білеміз.
Бүгінде ауданда спорт инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңарып, жаттығу залдары қажетті құрал-жабдықтармен қамтылып келеді. Жас спортшыларға тәжірибелі бапкерлер бекітіліп, олардың жарысқа дайындалуына толық жағдай жасалды. Соның арқасында 2025 жыл жеңісті нәтижелерге толы болды.