Basty bet

Ұлттық құндылық пен ұлттық рухты асқақтатқан айтулы шара

Биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Осыдан 85 жыл бұрын қасиетті Әулиеата өңірінің аумағында облыстың әкімшілік орталығы ретінде Жамбыл облысы құрылғаны белгілі.

Жамбыл облысының құрамындағы Жуалы ауданының қасиетті Әулиеата өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында алатын орны зор. Облыстың батысында орналасқан осынау қасиетті өңірде есімі мен ерлігі әлемге танылған бірегей тұлға, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлы дүниеге келген.

Батыр Баукеңнен кейін қасиетті Жуалы жерінің даңқын құдіретті қаламның рухымен асқақтатқан белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы, әскери қайраткер Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерінің иегері, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова, одан бөлек, әртүрлі құрылымдардың 13 генералы, мәдениет пен өнерде, білім мен ғылымда, спортта және тағы да басқа салаларда орасан зор биік жетістіктерге жеткен танымал тұлғаларға алтын бесік болған қасиетті өңір бұл. Жуалы жұртшылығы айдай әлемге батырлық және биік рухымен танылған тұлғалы азаматтарымен мақтанады.
Бабалар даңқын асқақтатып, қасиетті Отанды және өңірді жан-жақты дамыту ісінде жуалылықтардың қосып отырған еңбегі мен үлесін ерекше мақтанышпен айтуға тиіспіз.
Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толуына орай кеше Жуалы ауданының орталығы Б.Момышұлы ауылында «Мәдениет – асыл қазынам!» атты мерейтойға орай аудан күндеріне арналған мерекелік шара ұйымдастырылды. Орталық стадионда өткен мерекелік іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын оның жан-жақты дайындығынан анық көруге болады.
Айта кету керек, мерекелік іс-шара басталмас бұрын орталық стадионның әр алаңында тақырыптық көрмелер жасақталып, келген қонақтардың назарына ұсынылды. Мысалы, стадионның кіреберісінде «Ертегілер әлемі» балалар ойын алаңы орналасқан. Онымен бірге, «Ұлттық ойын жас ұрпақты шыңдайды» алаңында ұлттық ойындардан – тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, бес тас, тағы басқа ойын түрлері келушілердің назарынан тыс қалған жоқ. Одан бөлек, мерекелік іс-шара облыстың 85 жылдығына арналып өткізілгендіктен, мерейтойдың ас мәзірін ұлттық тағамдарсыз көзге елестету де мүмкін емес. Осыған сәйкес, «Тойға шашу» алаңында қазақ халқының ұлттық тағам түрлері дайындалып, онымен бірге, ұлттық салт-дәстүрлер де осында кеңінен көрініс тапқан. Мысалы, қыз ұзату мен келін түсіріп беташар рәсімін жасау да көрерменнің көңілінен шықты. Одан арырақта Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласының тарихына, оның тарихи және көрнекті орындарына арналған тақырыптық көрме назарға ұсынылды. Сондай-ақ, «Жуалылықтар тұғыр биігінде» көрмесінде де қасиетті өңірден шыққан танымал тұлғалардың фотосуреттері қойылып, олардың өмір және еңбек жолдары жазылған.
Мерейтойдың негізгі бөлімі басталмас бұрын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, тағы да басқа ресми кісілер бастаған топ 91678 әскери бөлімі сарбаздарының өнерін, осында жасақталған тақырыптық көрмелерді, сонымен қатар, аудандық тарихи-өлкетану музейінің, Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің және Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалдық музей үйінің жәдігерлерін қызыға тамашалады. Айта кетсек, Жуалы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейінің экспозиясында қасиетті өңірдің ежелгі тарихына, одан бергідегі тарихи оқиғалар, өңір халқының тұрмыс-тіршілігі, одан басқа да айтулы даталарға, генералдардың еңбек жолдарына байланысты жинақталған құнды жәдігерлер бар. Б.Момышұлы мемориалдық музейі мен Ш.Мұртазаның әдеби-мемориалдық үйінен әкелінген жәдігерлер де келушілердің қызығушылығын тудырды.
Сүйіншілеп айта кететін тағы бір дүниеге тоқталсақ, Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына орай Жуалы ауданына қатысты «Жуалы» тарихи-танымдық энциклопедия кітабы жарық көргелі отыр. Танымдық жинақ кітаптың құрастырушысы, танымал жазушы Доқтырхан Тұрлыбек оның алғашқы сүйінші данасымен таныстырды. Жинақтың тұсауын кескен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев, жинақ авторы Д.Тұрлыбек ізгі тілектерін білдіріп, аталған кітапты құрастыру кезінде ауданның тарихына қатысты және еңбегі еленбей жүрген бірқатар ғалымдарды іздеп тауып, кітапқа енгізгендерін айтты.
Стадионның бір шетінде орын тепкен ұлттық құндылықтар, оның ішінде, күнделікті тұрмыста қолданылатын еңбек құралдарынан бастап, ұлттық еңбек салт-дәстүрлеріне арналған, оның ішінде, жүн түту, иіру, сабау, одан текемет, тағы да басқа тұрмыстық бұйымдар жасау сияқты ұлттық құндылықтарды ұлықтауға негізделген дәстүрлер де көрермен көңілінен шықты деуге болады. Одан бөлек, ісмер Төлебала Сүңгібаева бастаған құрақшылардың да өнері назардан тыс қалған жоқ. Алаңның бір шетінде ұлттық тағамдар мен сусындарға орын берілген. Қонақтардың ұлттық тағамдардан дәм татуы да өте әсерлі болды. Одан беріректе «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының қорындағы жануарлар мен құстардың тұлыптары, тордағы құстар, онымен бірге, қорықтың тарихына қатысты дүниелер ерекше қызығушылық тудырды.
Алаңның орта тұсында сүт зауытының өнімдеріне, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне және ұлттық мәдени орталықтардың көрмесіне де орын қарастырылған екен. Онда «Мехрибан» әзірбайжан ұлттық орталығынан бастап, өзбек, шешен, славян ұлттық мәдени орталықтарының күнделікті тыныс-тіршілігіне арналған, оның ішінде, ұлттық тағамдар және салт-дәстүрлерге де орын берілген. Онда әрбір орталықтың жетекшілері көрмемен таныстырды. Атап айтқанда, әзірбайжан ұлттық орталығы қыз ұзату салтын көрсетсе, өзбек, шешен және славян орталықтары ұлттық билерін көрсетті.
Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шараның «Мәдениет – асыл қазынам» аталатын негізгі бөлімі де басталды. Мерейтойлық шараны аудан әкімі Жалғас Мұртаза құттықтау сөзбен ашты.
-Құрметті жиналған қауым. Ең алдымен Сіздерді Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған «Мәдениет – асыл қазынам» атты ауданның мәдениет күндерінің өтуімен құттықтаймын.
Қасиетті Әулиеата өңірінде орын тепкен Жуалы ауданы да қасиетті өлке. Осыған сәйкес, қасиетті өңірдің өткені мен бүгіні, өнері мен мәдениеті бір-бірімен өте тығыз байланысып жатыр. Өңір мәдениетінің де тарихы терең. Ауданда барлығы 50-ге жуық мәдени ошақ тұрғындарға қызмет көрсетеді. Жыл санап мәдениет саласына бөлінетін қаражат та ұлғайтылып, қызметкерлердің айлық жалақысы арттырылып келеді. Осыған сәйкес, өңірдегі бірқатар мәдениет нысандарында орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, бірқатарында жаңа құрылыстар бой көтеру үстінде.
Биыл барлығы екі мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланып, осыған орай мерейтойлық іс-шаралар, еске алу кештері, тағы да басқа тұрғындардың мәдени танымын арттыратын пайдалы кездесулер өткізілу үстінде. Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстарға аудан кітапханашыларының да қосып отырған үлесін айтуға тиіспіз. Мәдениет күні бұл – елді ортақ құндылықтарға біріктіретіні даусыз. Сондықтан, Сіздерді ауданның мәдениет күндерімен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық пен жақсылық тілеймін,- деді Жалғас Әлижанұлы.
«Мәдениет – асыл қазынам» аталатын мәдениет күндері ары қарай ауданның және ауданнан шыққан танымал өнер жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Онда алғаш болып «Қызғалдақ» ән-би ансамблі мен «Бөкейтау» вокальды-инструменталды ансамблі бірлесіп халық күйлерінен поппури орындаса, ары қарай айтыскер ақын Қанат Мырзахан «Атыңнан айналайын, Әулиеата!» арнау өлеңін қара домбырамен орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Одан бөлек, танымал өнерпаздардан «Музарт-Лайф» тобының әншілері, облыстық филармонияның әншілері Жанна Асанқұлова мен Әскербек Досанов, Жазира Сметова «Ұлы дала», «Қызғанамын», «Өмір, өмір!», тағы басқа әуезді әндерді әуелетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлағандары анық.
Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған Жуалы ауданының мәдениет күндері ары қарай ат спорты ойындарымен, басқа да танымдық іс-шаралармен өз жалғасын тапты. Бір сөзбен айтқанда, облыстың мерейтойына арналған мерекелік іс-шара батыр бабалардың рухын асқақтатып, онымен бірге, аудан тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлаған айтулы шараның бірі болғаны анық.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close