Basty bet
Тазалық – көпке ортақ шаруа
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясында ел өңірлерінде санитарлық-тазалық жұмыстары өз жалғасын табуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен 2024 жылдың сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Акция аясында аудан көлемінде көптеген тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілу үстінде.
Қазіргі таңда бұл акция еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды. Бүгінде бұл шараға ерікті жастар мен аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары және аудандық мекеме қызметкерлері де атсалысуда. Басты мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Акция аясында аудан көлемінде бірқатар тазалық жұмыстары жүргізілді. Осыған сәйкес өткен сенбіде Б.Момышұлы ауылының төмен бөлігінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік жұмыстары өтті.
Қоғамда қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» акциясына аудан әкімдігіне қарасты бөлім және мекеме қызметкерлері қатысып, белсенділік танытты.
Сенбілік барысында мекеме қызметкерлері «Бәйтерек» монументінен бастап, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізіне дейінгі автожолдың бойындағы егілген ағаштардың айналасын ретке келтіріп, әрлеу және әктеу, көгалдарды қоқыстан, жапырақтан және сынған бұтақтардан тазартты.
Сенбілікте әр мекеме ұйымшылдықпен өздеріне тиесілі аумақты қоқыстардан тазартты. Жалпы сенбілікте 100-ден аса адам және 2 техника қамтылды.
Әр мекеме жұмыстарының қарбаластығына қарамастан аудан тазалығына өз үлестерін қосты. Осындай тазалық акциялары аудан, ауылдық округтерде жиі-жиі ұйымдастырылса, бұл – ең алдымен ел бірлігін сақтай отырып, туған жерімізді таза ұстауға тәрбиелейтін рухани күш болар еді. Дана халқымыз «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп текке айтпаған. Өйткені, ауданды, әр ауылды көркейту жұмысына атсалысатын болсақ, біз болашақ ұрпаққа жақсы із қалдырамыз.
Еркеназ Сейітқалиқызы,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті филология және гуманитарлық ғылымдар факультетінің конвергенттік журналистика мамандығының
1-ші курс студенті