Basty bet
Отанды сүю, оны қорғау – қасиетті борыш!
Отан қорғаушы! Бұл сөздің астарында Отанды сүю, елді қорғау деген үлкен мағына жатыр. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет те осы.
Аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімінің жастардың бойындағы патриоттық сезімді шыңдауға, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруда қосып отырған үлесі зор. Осында қатардағы сарбаз Жүніс Текенов Отан алдындағы борышын өтеу үстінде. Жүніс өткен жылы күзде әскер қатарына алынып, бүгінгі күні ол әскери өмірдің қыр-сырына машықтануда. Батырлар мен генералдарды түлеткен қасиетті Жуалы жерінде борышын өтеп жүрген жас сарбаз Алматы қаласында дүниеге келген. Қаладағы №193 орта мектепте 9 сыныпқа дейін оқып, Алматы автомобиль-жол колледжін автомеханик мамандығымен тамамдаған.
«Әкеге қарап ұл өсер» демекші, Жүніс әкесінің әр азамат Отан алдындағы борышын өтеуі керек деген ұстанымымен тәлім-тәрбие алып өскен. Төтенше жағдайлар саласының қызметкері ретінде еліне адал қызмет етіп, абыройлы еңбегімен зейнетке шыққан Рашид Текенов ұлдарының да Отан алдындағы борышын өтеуіне күш салған. Әрбір азаматтың қасиетті борышы – Отанға адал қызмет ету екенін де жиі естеріне салып отырған. Содан болар, отбасында ағасы Олжас та әкесінің жол көрсетуімен әскери борышын өтеген. Жүніс те әкесінің ақылына құлақ түріп, өткен жылдың күзгі шақырылымынан қалмай, борышын өтеуге шешім қабылдаған. Ал, балаларының амандығын тілейтін аяулы анасы Айнаш Текенова мемлекеттік қызметші болып жұмыс істейді.
-Әкем әскери қызметкер болды. Оның өмірлік ұстанымы, әскери тәртібі, айтқан ақылы бізді өзіне қарап бой түзеуге жетеледі. Әскери киім киіп, өз еліне адал қызмет етуі де біз үшін үлгі-өнеге. Ол үнемі өз-өзіңе сенімді, ұстамды, таза, қызметіңе адал бол, қай кезде де арақашықты ұстай біл деп ақыл-кеңесін айтып отырады. Ер азамат болған соң, Отан алдындағы борышыңды өтеу – міндет екенін де жастайымыздан санамызға сіңіріп өсірді. Сондықтан болар, борышымды өтеуден жалтармай, қазіргі таңда Батыр Бауыржан атамыздың туған жерінде әскери өмірге машықтанудамын. Табиғаты, ауасы ерекше елді мекен екен. Қасиетті Жуалы жерінен бойыма патриоттық рух жинап, жауынгер достарыммен бірге әскери өмірде шыңдалатыныма сенімдімін, – дейді жас сарбаз.
Жас сарбаздың әскери өмірге, тәртіпке машықтанғанын оның жүріс-тұрысынан, қойған сұрағымызға берген жауабынан бірден байқауға болады. Әр сұраққа «Дәл солай!» деп жауап беруінен және рұқсат сұрауынан әскери қатал тәртіпке бойы үйренгенін аңғарған болатынбыз. Жүніс мұнда аға буын әскери қызметкерлерден көп нәрсе үйреніп, білімін шыңдап, спортпен шұғылдануда.
Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Дәл тауып айтылған батырдың сөзіне әскери бөлімге барғанда тағы да бір көзіміз анық жетті. Бөлім ауласының тазалығынан бөлек, тәртіптің орнағаны мұнда кіреберістен-ақ байқалады. Жүніс те мұндағы тәртіпті және өзіне қояр талапты да жақсы біледі. Әскери қызметкерлерге құрмет көрсетіп, жауынгерлік достарымен де жақсы қарым-қатынас орнатқан. Еліміздің әр өңірінен жиналған сарбаздармен ортақ тіл табысып, әскери борышын бірге өтеуде.
Жүніс бос уақытында кітапханаға бас сұғып, көбірек кітап оқуға тырысады. Ол орыс халқының жазушысы Анна Литинованың «Я вижу звезду», жапон жазушысы Харуки Мурукамидің өмірлік кітаптарын оқуда.
Әскери өмір жігітті шыңдайды. «Батыр болып туылмайды, қалыптасады» деген сөз де бар. Әскерде жүріп-ақ жеке бастың рухани байлығын байытамын деген жанға мүмкіндік мол. Тіпті, ұйымшылдықпен ұжымдасып атқарар тірліктің өзі жас сарбаз үшін қызық. Мұндағы Жүніспен бірге борышын өтеп жүрген сарбаздар жақсы командирлер қарамағына түсіп, бір-бірлерінен қалыспай, әр күндерін мағыналы әрі пайдалы өткізуде.
-Әскери өмірдің ыстық-суығына көніп жүрген қарулас достарыма ризамын. Кез келген әскери орта өзіне жүктелген міндетті атқаруымен бірге, олардың өзіне тән тыныс-тіршілігі бар. Біз қызмет атқаратын әскери бөлімде әр күніміз бір-біріне ұқсамайды. Әскери өмірді қай жағынан алып қарасақ та, өзіндік мән-мағынаға ие. Бастысы, мұнда сөзіңнің беріктігіне, ісіңнің тиянақтылығына, жауапкершілікке және Отанға деген сүйіспеншілікке баулуда, – дейді Жүніс.
Жас сарбаздың қазіргі басты мақсаты – Отан алдындағы борышын аман-есен атқарып, отбасына нағыз патриот азамат болып оралу. Ата-ананың артқан үмітін ақтап, әскери өмірден шыңдалып, ер жігітке тән қасиеттерді бойына сіңіру. Ал, әскери өмірден кейінгі алға қойған мақсаттары мен жоспарларының рет-ретімен орындалатынына сенімі мол.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»