Basty bet

Ұстаздық етіп, ұлағатты шәкірт тәрбиелеген

Қай кәсіптің болсын көзін тауып, сол арқылы отбасының табысын еселеу адам баласы үшін бұлжымас қағида. Қарапайым еңбек адамы сапында жүріп, мамандығына адалдық таныту арқылы көптің ықыласына кенелген азаматтарды кейінгі жастар үлгі тұтуы керек.
Ел егемендігі ұлт дәстүрі мен құндылықтарына жіті, жүйелі, қастерлеп қарауға мүмкіндік берді. Шынында да халқымыз қаншама қиындық көрсе де ғасырлар сынынан өткен салт-сана, әдет-ғұрып бізді жарқын күндерге жетеледі.
“Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі” дейді халық даналығы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нағыз еңбек адамы дегеніміз кім екенін пайымдап, «бұл, ең алдымен, өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман.
Нағыз еңбек адамы – бұл істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат» деген болатын.
Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана еңбек адамы деп қарайтын секілдіміз.
Ал, шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында қаншама жандар бар. Олардың да істеп жүргені еңбегі ұшан теңіз. Осындай еңбегімен елге, өзінің ортасына сыйлы болып жүрген азаматтың бірі – Бауыржан Әлжанов. Ол 1963 жылы қазіргі Түркістан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы) көпбалалы отбасында туған. 1980 жылы Түлкібас ауданының Мичурин ауылындағы Ю.Гагарин атындағы 10 жылдық мектепті аяқтаған. Ал ата-анасы ақ халатты абзал жандар болған.
Бауыржан Исқақұлы мектепті аяқтаған соң Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы училищесіне механик мамандығымен оқуға түседі. Оқып жүріп Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келеді. Әскерден келген соң оқуын қайтып жалғастырады. 1986 жылы кейіпкеріміз қолына дипломын алып, ауданға қарасты Ақбастау ауылындағы №15 кәсіптік-техникалық училищеге жұмысқа орналасады. Бұл оқу орны ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар бойынша балаларға сабақ береді. Одан бөлек, сол уақытта ол жерде аспаз, балабақша тәрбиешісі және медбике мамандықтары да ашылып, оқытылып жатқан. Бауыржан Әлжанов сабақ берген білімгерлер қазіргі таңда Қазақстанның әр бұрышында табысты еңбек етуде.
– Өмірде адам еңбектен бақ табады деп жатамыз. Бұл шын мәнінде солай. Менің өмірлік қағидама айналған табысқа жету – табандылықтан деген сөзді іспен дәлелдеп келемін.
Училищенің оқушыларымен жұмыс жасап мен көптеген тәжірибе жинақтадым. Сол уақытта мұғалімдікпен қатар, комсомол қызметін атқардым. Әрі қарай білімімді шыңдау үшін Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша оқыдым. Әрі қарай училище директорының орынбасары болып 6 жыл қызмет атқардым. Училищеде жұмыс істеп жүргенде көптеген қызықты оқиға басымыздан өтті. Ол уақытта жаспыз. Жас шәкірттермен өткізген әр уақытым маған күш-қуат беретін. Мен оларға білмеген жерлерін түсіндіретінмін. Өйткені олардың болашақта мықты маман болып қалыптасқанын қаладым.
1999 жылы Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебіне еңбек пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Мектепке ауысуымның бір себебі, мектеп оқушыларына училищеде жинақтаған тәжірибемді, соның ішінде ауыл шаруашылығы мамандығының қыр-сырын тереңдеп үйретіп, еңбекке баулу еді. Өйткені еңбектің арқасында көп нәрсеге қол жеткізесін. Еңбек пәнінің мұғалімі болып жүріп, мектепте оқушыларымен көптеген іс-шара өткіздім. Өйткені сенің жеткен жетістіктерің сол оқытып жатқан оқушың арқылы көрінеді. Биыл құдай қаласа білім ошағындағы соңғы жылым. Былай қарасаңыз, кеше ғана жұмысқа кірген жас маман едік, 40 жыл уақыттың қалай өткенін білмей де қалдық. Қай уақытта болсын, жастар аман болып, елімізді әрі қарай көркейте берсін дегім келеді. Біз солардың жасап жатқан жақсы істеріне әрқашан қуанып жүре берейік, – дейді білікті ұстаз Бауыржан Әлжанов.
Бауыржан Исқақұлы жоғары санаттағы педагог-зертеуші. Ол өзінің адал еңбегінің арқасында аудан, облыс, республикадан көптеген марапатқа ие болған.
Кейіпкеріміз ұстаздықтан бөлек, отбасында асыл жар, ардақты әке, мейірімді ата. Ол өзінің өмірлік жолдасы екеуі отбасында 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп, олардан 9 немере сүйіп отыр. Ұл-қыздары да әкесінің жолын қуып мұғалімдік мамандықты таңдаған.
Ұлағатты ұстаздың өмір жолына, еңбегіне қарасаңыз өмірінің тең жартысына көбін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған жан екенін анық көресіз.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close