Basty bet
Жуалылықтар жаңа оқу жылын ерекше қуанышпен қарсы алды
1 қыркүйек – Білім күні. Бұл күн барша адамзат үшін ерекше мереке. Әсіресе, мектеп табалдырығын жаңа аттаған 1 сынып оқушылары үшін маңызды, ұмытылмас күн. Яғни, алғашқы қоңырау үнімен бірге өмірде жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.
Жуалылықтар жаңа оқу жылын ерекше қуанышпен қарсы алды. Себебі, облыс көлемінде алты жаңа мектеп ашылса, оның үшеуі біздің ауданымызда ашылуда. Яғни, Диқан, Алатау орта мектептері мен Ақтасты негізгі мектебі. Аталған мектептердің ашылуы ауыл тұрғындары үшін көптен күткен үлкен қуаныш. Аядай, ескі мектепте оқыған балалар енді жаңа, зәулім, заманауи үлгідегі мектепте білім алады.
Сонымен бірге жерлесіміз Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай орталықтағы іргелі білім ордасы №1 мектеп-гимназияға Шерағаның есімі берілді. Бұл да барша жуалылықтар үшін үлкен қуаныш, маңызды әрі тарихи күн.
Аудан орталығындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда өткен мерекелік шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысып, сөз сөйледі. Ж.Әлижанұлы ұстаздарды, оқушылар мен ата-аналарды Білім күнінен бастау алған жаңа оқу жылымен құттықтап, игі тілегін білдірді.
-Биыл Қазақстанның халық жазушысы және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына орай облысымызда төрт мектепке Шерхан Мұртазаның аты берілді. Оның бірі – осы білім ордасы. Бұл – жуалылықтар көптен күткен қуаныш. Сондықтан баршаңызды мектептеріңізге Шерхан Мұртазаның аты берілуімен құттықтаймын!
Биылғы оқу жылында аудан бойынша жалпы білім беретін 39 білім шаңырағында алғашқы қоңырау соғылуда. Оған 10 724 бала баруда. Оның ішінде 900-ден астам бала мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған 1 сынып оқушылары. Сіздердің мектептеріңізге 152 бүлдіршін келіп отыр.
Жалпы мемлекет тарапынан білім саласына көрсетіліп отырған қолдау өте көп. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт сапалы білім беру» Ұлт жоспарының аясында білім нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жаңа мектептер салынып, біраз мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, соңғы үш жылда ауданда үш жаңа мектеп салынып, сегіз мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында елімізді жан-жақты күшті мемлекеттердің қатарына қосатын білімді жастар болып табылады. Сондықтанда барлықтарыңызға сапалы білім, саналы тәрбие алып, алған білімдеріңізді мемлекетіміздің өркендеп, өсуіне жұмсайды деген сенімдемін,- дей келіп, аудан басшысы жаңа оқу жылына толағай табыс тіледі.
Сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков іргелі мектепке Шерхан Мұртазаның есімі берілуі мектептің ұстаздары мен оқушыларына үлкен жауапкершілік жүктегеніне ерекше тоқталып өтті.
Сөз кезегі ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебековке берілді.
Ардагер ұстаз ерекше тебіреніспен жүрекжарды лебізін білдірді.
-Бүгінгі күн қайталанбайтын, тарихқа алтын әріптермен жазылатын күн. Адамның өмірі қойылған есіміне көп байланысты болатынындай, білім шаңырағы да сондай. Мектебіміздің атына заты сай болып, ешқандай ұстаз, ешқандай оқушы атына дақ түсірмеуі керек. Бұл – үлкен жауапкершілік.
Мектеп – ұлттың айнасы, қасиетті шаңырақ. Сондықтан ұстазға артылар жүк қашанда ауыр. Еліміздің болашағы бүгінгі ұстаздарымыздың еліміздің болашағы жастарға берген тәлім-тәрбиесіне байланысты.
Адамның ой-өрісі, жан дүниесі, тәрбиесі бәрінен де жоғары болуы керек. Сондықтан балалар көп еңбектенуі, ізденуі керек. Шерхан Мұртазаның шығармаларын әрбір оқушы терең зерттеп, оқуы қажет.
«Білімдінің қолында алтын шырақ» деген. Құрметті оқушылар, білімді, зейінді болыңдар!- деді ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков.
* * *
Диқан ауылындағы жаңа мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев қатысып, сөз сөйледі.
-Бүгін жаңа 180 орынға арналған мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын!
Білім – адам мен өркениетті жалғайтын алтын көпір. Облысымызда биыл 22 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның алтауы жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп отырса, оның үшеуі Жуалы ауданында.
Әрине, мұның барлығы мемлекет қолдауының нәтижесі. Мұғалімдерге де аянбай еңбек етуге барлық жағдай жасалуда дей келіп, Еркін Құлымбайұлы жаңа оқу жылына толағай табыс тіледі.
180 балаға арналған мектеп құрылысын жүргізген «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС-нің басшысы Салауат Талғатұлы Диқан орта мектебінің директоры Майра Молдақұловаға мектеп кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
Құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді. Сонымен қатар Диқан ауылының тумасы, психология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Мұқан Әтенұлы да игі тілегін білдірді.
Облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы бар кітаптың бастауы болған Әліппе оқулығын 1 сынып оқушыларына салтанатты түрде табыс етті.
Көп кешікпей мектептің летнасын қию рәсімі өтіп, салтанатты жиынның қонақтары мектеп ішін аралап көрді.
* * *
Жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашқан Алатау орта мектебінің кілтін мердігер «Агроспецстрой» ЖШС директорының орынбасары Әдімұрат Дүйсенбаев мектеп директорының міндетін атқарушы Нұрбосын Искаковқа табыстап, ақ тілегін білдірді.
Кеш қонақтары облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев және аудан әкімі Жалғас Әлижанұлының құттықтау сөзінен кейін ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы, ардагер ұстаз Тоқтағұл Құдайқұлов ақ батасын берді.
Мұнда да лента қию рәсімі өтіп, қонақтар 100 орындық мектептің ішіне кіріп, құрылысымен танысты.
Аталған үш мектептегі іс-шараға да облыстық білім басқармасының бас маманы Гүлзира Дәрібайқызы қатысты.
Ауданымыздағы барлық мектептерде алғашқы қоңырау салтанатынан кейін «Білімге құштарлық, еңбексүйгіштік және отаншылдық» тақырыбында бірыңғай сынып сағаттары өтті.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»