Basty bet

Жауапты саланың жанашыр маманы

Әр мамандықтың өз қиындығы мен қызығы бар. Одан бөлек, жүрек қалауымен таңдаған мамандықтың артылар жауапкершілік жүгі де болатыны жасырын емес. Қай салада болсын өрлеу мен дамуға, жетістікке жету үшін сол мамандықтың үдесінен шығып, өз жұмысыңа жауапкершілікпен қараған абзал.
Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын денсаулық жанашырлары – мейірбикелердің арқалаған жүгі ауыр, міндеттелген жұмысы көп. Ал, қарапайым мейірбике қызметінен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде Индира Тойбекованың денсаулық саласында еңбек еткеніне 20 жылдай уақыт болған екен.
Түркістан облысының Түлкібас ауданында көпбалалы отбасында дүниеге келген ол орта мектепті бітірген соң, Шымкент медициналық училищесіне оқуға түседі. Жас маман Жуалы аудандық орталық ауруханасының хирургия бөліміне жұмысқа қабылданады. Ол күреңбелдік Биғалимен отау құрып, екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана.
Индира Тойбекова орталық ауруханада Т.Борашев, С.Жұмашев, Қ.Байрамов, Д.Мамедов сияқты білікті дәрігерлермен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп, науқастардың өмірі үшін күресіне куә болады.
Хирургия бөлімінде жас маманға Тоты Байтоқова, Алтыншаш Тілеуқұлова секілді тәжірибелі мейірбикелер жол көрсетіп, білгендерін үйретеді. Индира Тойбекова бұл ұстаздарының ақыл-кеңестерін әлі күнге дейін жанына түйіп, оны жұмыс тәжірибесінде қолдануда.
-Мейірбикенің жұмысы қиын, тірлігі қауырт. Қиын да қызықты жұмыс. Ең бастысы, өз жұмысыңды, мамандығыңды жақсы көре білсең болғаны. Жұмысыңды жан қалауымен, жауапкершілікпен атқарсаң, онда дертіне шипа іздеп келген науқастың да көңілін табуға болады.
Өмірім мейірбикелік қызметпен байланысты өрбіп келеді. Ең жауапты кезең операцияға дейінгі дайындық, шыққаннан кейінгі күтім. Постта әр науқастың көңіл- күйін бақылап, уақтысында екпесін салу. Сол себепті, мейірбикеге шапшаңдық, ұқыптылық, ең басты талап ретінде тазалық тұруы қажет. Мейірбике өз жұмысына жауапты болуы керек дегенді айтады. Сонымен қатар, мейірбике адамның жанын түсініп, оған әрдайым көмектесуге дайын тұруы қажет екенін, бір ұжымда еңбек еткен соң қызметтік этиканы да әрдайым сақтауы керек екенін тілге тиек етті.
-Мейірбике адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуы керек. Жұмыста ғана емес, кез келген уақытта көмек сұраған адамға медициналық антына адалдығын танытып, көмек көрсетуі тиіс.
Ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқаныммен, менің де білмейтінім көп. «Білгенім тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» демекші, бүгінгі жаһандану заманында бір орында тұралап қалуға болмайды. Менен де білікті мейірбикелер бар. Олардың тәжірибесіне жүгініп, заманауилықты да қоса меңгеру керек. Сондықтан қиын да қызықты жұмыста ізденіс пен жаңашылық ешқашан өзінің маңызын жоймайды. Ширақтық пен ұқыптылық, жұмысқа деген ынта әрдайым мейірбикенің бойынан табыла білуі тиіс. Өйткені, науқас бізден жанына жылулық пен мейірімділік күтеді, – дейді ол.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close