Basty bet
Қыз тәрбиесінде қателесуге болмайды
Қыз өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өсірген жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген.
Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқаны бар. Сол тәрізді ата дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болсын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсетіні анық. Қазақ қызының бойындағы асыл қасиеттерімен бірге сыр-сымбаты да өзге ұлттан дараланып тұруы тиіс.
Қызды «жат жұрттық» деп қадірлеп, төрге отырғызған. Басқа үйдің отын жағып, түтінін түтетіп, барған жеріңде шешесі үйретпепті демесін деп анасы қызына бойындағы бар жақсы қасиетін сіңіруге тырысады.
Әрбір баланың өмір жолы, тәрбиесі отбасынан, одан соң мектеп қабырғасынан бастау алары сөзсіз.
Сондықтан да, мектепте оқып жүрген қыз бала, ол – үйдегі ата-ананың көз қуанышы, мектепте ұстаздарының мақтанышы бола білуі тиіс.
Осы мақсатта Көлбастау ауылындағы №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте қыздар тәрбиесіне байланысты «Қыз Жібек» қыздар клубы құрылған. Клубтың төрайымы жоғары санатты мұғалім Гүлнұр Қондыбаева.
«Қыз Жібек» қыздар клубы туралы, оның құрылу мақсаты жайлы біз клубтың төрайымы Гүлнұр Әлімханқызымен сұхбаттасқан едік.
– Клубты құрудағы мақсатымыз- қазіргі қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін шынайы қазақ аруын қалыптастыру және білім алушыларының сырласатын, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын текті қыздар ортасын құру.
Клубтың қыздарымен өткізетін іс-шаралар жоспарын алдын ала мектеп директорымен кеңесіп, бекітіп аламыз. Арнайы бекітілген жылдық жоспар арқылы жұмыс істейміз. Жаңа оқу жылы басталғалы бекітілген жоспар бойынша іс-шаралар, дөңгелек үстел, шеберлік сағаттар өткізіп отырмыз.
Қыздарды біз үш буынға бөліп жұмыс жасаймыз. Олар 1-4 сынып оқушы қыздары, 5-7 сынып қыздары және 8-11сынып оқушы қыздары. «Қыз Жібек» қыздар клубының мүшелігінде жалпы 82 оқушы қыз баласы бар.
Мектепте оқушы қыздарымен айына бір рет жиналыс өткізіледі. Олар өздерінің ойларындағы әңгімелерін ашық айтып, біз оларға өз ақыл-кеңесімізді береміз.
Мұндай іс-шараларға мектеп психологі мен дәрігер міндетті түрде қатысады. Психологтар қыздарға өздерінің психологиялық кеңестерін беріп отырады. Мектеп медбикелері «Қыз баланың жыныстық жетілуі және гигиенасы» тақырыбында жиналыс өткізіп, кеңестер береді. Сонымен қатар, жоспарға сай теолог мамандарымен де кездесу ұйымдастырылып, жүргізіледі. «Қазақ халқының бала тәрбиесі жөнінде жиып-терген мол тәжірбиесі бар. «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты анаға» – деп қараған халық ұл бала тәрбиесін ата мен әкеге міндеттесе, ал қыз баланы тәрбиелеу – әжелер мен аналардың ісі деп санаған.
Қазіргі кезде қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу аса қажетті. Өйткені қыз бала ертеңгі бойжеткен, халықтың болашағы. Осы мәселеге байланысты, мектепте тәлім-тәрбие беретін арнайы жоспармен құрылған «Аналар» клубы да жұмыс жасайды. Өмірлік тәжірбиесі бар, жетістікке жеткен аналармен кездесу, пікір алмасулар өткізіліп тұрады. Ата-ананы, үлкенді сыйлауға, халықтың салты мен дәстүрін қадірлеуге кеңестер беріледі.
Қазіргі таңда қыздар түрлі онлайн курстарға қатысып, білімдерін, шеберліктерін шыңдап жатады. Білімді әр жерден алмай, белгілі, тәжірбиелі арнайы бағыт беретін шығармашыл топтар жұмыс жасаса құба құп болар еді,- дейді қыздар клубының төрайымы Гүлнұр Қондыбаева.
Мектептің тәрбие жүйесі – көпқырлы жүйе. Оған барлық ұжым, отбасы, қоғам бірлесе жұмыс жүргізу қажет. Мектеп пен отбасы біртұтас, ынтымақтаса жұмыс жүргізсе ғана нәтиже дұрыс болады. Ертеректе қыздар халық ауыз әдебиеті мен жазбаларын оқып, сұлуларға еліктеп, күлім көзді, сыңғыр сөзді болуға еліктесе, қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы түрлі нәрсе көріп, еуропаға еліктеп, сәл қазақы қалпымыздан ауытқушылық байқалады. Ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпау үшін ұлттық тәрбиені санаға сіңіріп, ұлттық тәрбиемізден айырылмауымыз қажет. Киген киімі, істеген ісі, сөйлеген сөзіне қарап, оның ұқыптылығына, іскерлігіне назар аудару қажет.
Ақын Абай: «Жаман тәрбие – болашақтағы қайғыңыз» деген. Қыз – әдемілік пен іңкәрлік символы. Қыз баласы жібектей мінезімен, уыздай тәтті қылығымен, іскерлігімен, ұқыптылығымен, ізеттілігімен, иманды, инабаттылығымен ғана сыйлы. «Қызға қырық үйден тыйым, қала берді қара күңнен тыйым» деген аталы сөз желкілдеп өскен қыр қызғалдағына көрсетілген қысым емес, қайта пәк күйінде құлпырып өссін, жаман аттан аулақ болсын деген ниеттен туған.
Қазақ қыздарынан қаншама ақылгөй даналар, мейірімді аналар, отбасының құты мен берекесі бола білген тұлғалар шыққаны тарихымыздан белгілі. Әлі де шыға беретініне кәміл сенеміз.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»