Basty bet
Жастарға қолдау көрсету – мемлекеттің басты міндеті
Жыл соңында жастарды жұмыспен қамти алмаған өңірлер әкімдерінің жұмысына қорытынды берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осыны мәлімдеген болатын.
Ел Президенті өз сөзінде қазіргі таңда жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келгенін және жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас шығатындығын жеткізді. Сондай-ақ, елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатқанын, бірақ, нақты шараларға қарамастан, жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей отырғанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. «Әсіресе, Астана, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары – соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Жыл аяқталғанда тиісті қорытындысын шығарамыз», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция» аталатын үшінші бағдарында ел болашағына айналуға тиіс жастар туралы кеңінен ой қозғайды.
«Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді.
Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек.
Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн» дейді ел Президенті.
Осыған орай, аудандағы жастардың жұмыспен қамтылуы және бұл тұрғыда қандай шаралар жүзеге асырылып жатқандығы туралы жан-жақты зерттеп көрген едік.
Жуалы ауданында жалпы аудан халқының саны 52 990 адамды құраса, оның 13 924-і жастар.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жауапты мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, ауданда «NEET» (жұмыссыз, оқымайтын) санатындағы жастардың үлесі ағымдағы жылдың І тоқсанына 184 жасты құраған.
Талдау нәтижесінде анықталған жұмыссыз санатындағы 83 жастың тізімі ауданның жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне облыс арқылы жолданған.
Атап көрсетер болсақ, Б.Момышұлы ауылында – 24, Нұрлыкент ауылдық округінде – 11, Шақпақ ауылдық округінде – 9, Ақсай ауылдық округінде – 1, Жетітөбе ауылдық округінде – 13, Көкбастау ауылдық округінде – 3, Қошқарата ауылдық округінде – 3, Ақтөбе ауылдық округінде – 4, Боралдай ауылдық округінде – 4, Мыңбұлақ ауылдық округінде – 7, Қарасаз ауылдық округінде – 2, Қызыларық ауылдық округінде – 8, Билікөл ауылдық округінде – 1 жұмыссыз жас бар.
Жастармен ұдайы жұмыс жүргізіп отыратын орталық мамандарының айтуынша, қазіргі таңда аудандық Халықты жұмыспен қамту орталықтарымен осы тізім бойынша жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде.
Жыл басында NEET жастармен жүргізілетін іс-шаралардың жоспары бекітіліп, нақты индикаторлық көрсеткіштер айқындалған.
2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында үстіміздегі жылдың 1 қазанына жұмыспен қамту орталықтарының ықпалымен 29 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша 116 жас жұмысқа орналастырылған. Тұрақты жұмысқа – 54, уақытша жұмысқа – 62 жас орналастырылған. Сонымен қатар, үш жас әскерде, 18 жас бала күтіміне байланысты демалыста, 7 мемлекеттік қайтарымсыз грант иегері, біреуі микро кредит алған.
-Биылғы жылдың 9 айында аудан әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығына барлығы – 1592 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның 462 жасы тұрақты жұмысқа, қоғамдық жұмысқа – 101, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына – 126, әлеуметтік жұмыс орындарына – 23 жас жолданған. Одан бөлек, 22 жас қысқа мерзімді оқу курстарына, «Бастау» курсынан оқудан өткен жастар – 708, 58 жас – қайтарымсыз грант қаражатын жеңіп алса, алғашқы жұмыс орнына – 14, «Жасыл ел» бағдарламасына – 85 жас жұмысқа тартылып отыр. Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген жастардың саны – 15.
Жыл басынан бері жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында, тоқсанда бір рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып отырады.
2022 жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына 100-ге жуық жасты тарту көзделсе, бүгінгі күнге оның 85-і орындалды. Орталықтың жастарды ақпараттандыру және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында «Жастарға кеңес беру» бойынша қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 2 960 жасқа кеңес берілді.
Жастар арасында өткізілген шаралардың маңыздылығы мен ауқымына және жастардың қамтылуына баса назар аударылуда, – дейді аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Бегасылұлы.
Иә, екі қолға бір күрек табылатынындай, жұмыс істеймін деген әрбір жасқа әрдайым жұмыс табылатындығы белгілі. Ол үшін әр жас табыс тапқысы келсе, жұмысты талғамауы керек секілді, меніңше?! Сіз қалай ойлайсыз?
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы, жастардың жанашыры Ақжан Ахметовтың сөзінше, өтірік жалған ақпараттардың көп берілетіндігінен жұмыссыз жастар көбейіп жатыр.
-Жасы келген кісілер зейнет жасына келіп қалса да жастарға орнын беруге құлықсыздық танытады. Жастарға жұмыс көп табылуы үшін аудан орталығында өндірістік зауыттар болуы керек. Сондай-ақ, зейнет жасы ұлғайған сайын жастардың жұмысқа орналасуы қиындайды, Сол себепті де зейнет жасын төмендету керек. Қайтарымсыз грант қаражаты ретінде жастарға бір миллион теңге беріп жатыр. Ал, бұл қаржымен жастар бірден кәсіпкер болып кете алмайды. Жеке кәсіпкерлік ашып жұмыссыз жастардың қатары азайды деген жалған ақпаратқа кейде өзіміз де сеніп қаламыз. Статистикаға жұмыс жасамау керек, – дейді Ақжан Ілиясұлы.
Ал, жұмыссыздық туралы аналарымыздан немесе әкелерімізден сұрай қалсақ, «Біздің кезімізде оқу аяқтаған студентті жолдамамен жұмысқа өздері жіберетін. Ол уақытта «жоқ» дей алмаймыз. Бұйырған жерге барып, жұмыс істейтінбіз. Сондай кең заман еді ғой» деп отырады.
Хош. Егер ауылда жұмыс болса, сыртта жүріп не тәйірі? Ал жастар орталықтарының айтуынша, жұмыссыз жастарға жұмыс жоқ емес, жұмыс бар. Бірақ менсінбейді дейді. Айлығын, жұмыс дәрежесін ұнатпайды екен. Маңдай термен келген нан тәтті дейміз ғой. Бірақ біздің қоғам оны көтермейді. Мемлекеттен жәрдем ал, кәсіп аш, мүмкіндік көп дейді. Бірақ кей жастың жалқаулығы басым. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине.
Қарапайым мысал келтіріп көрелік. Жаз мезгілі басталысымен елде жастар арасында «Жасыл ел» бағдарламасы іске асырыла бастайды. Бұл қосымша табыс тауып, отбасына аз да болса көмек беруге талпынуға жақсы мүмкіндік. Бағдарлама бойынша әр ауданда 100 шақты жас уақытша жұмыспен қамтылады. Олар маусым, шілде, тамыз айларында көгалдандыру, абаттандыру, тазалық және күл-қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізеді. Бірақ бұл тек сол ауданның орталығында ғана жүзеге асырылады. Ал шалғай елді мекендердің жастары тағы тасада қалады.
Әр ауылға осы бағдарламамен 5-6 адамды жұмысқа тартып, жастардың бос уақытын тиімді өткізсе. Әсіресе, ауыл жастарының тасада қалмай, уақытша болса да жұмыс істеуіне мүмкіндік болса» дейді ауыл жастары. Ол рас, шет ауылдан аудан орталығына келіп жұмыс істеу оңай емес. Жол ақысы, жататын жері бар деген секілді. Одан соң «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бірнеше жылдан бері жастардың сүйікті жобасына айналды. Осы арқылы үй алып, ауылда қызмет етіп жүргендер баршылық. Бірақ қаладан жас ауылға келе ме? Келсе, сол ауылдың тумасы бағдарлама шарапатын көріп жүр.
Алдымен, әр бөлім, оның ішінде білім, кәсіпкерлік бәрі бар, әр аптада ашық есік күнін өткізіп тұрса. Мәселен, не істерін, жолын білмеген жасқа ерікті түрде жол сілтеп, бағыт көрсетілсе. Одан соң қарапайым қол жұмысын істеп жүрген ауыл жастары өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылса. Егер мемлекеттен берілер гранттан үмітті жас болса, оның жасаған жобасының жүзеге асуына, дұрыс кәсіп бастауына жол көрсетілсе.
Әрине, кәсіпкерлігі дамыған ауылдың жастары жұмыссыз жүрген жоқ. Өйткені ол сол ауылдың шаруашылығында білек сыбана еңбекпен біте қайнасып жүр. Ал ондай мүмкіндігі жоқ жастар ше? Не істемек керек?
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»