Basty bet

Ауруханадағы ең жауапты бөлім

Қайбір мемлекет, қайсыбір қоғам болсын, оның ең басты құндылығы – оның халқы. Адам мен адамның қауіпсіздігі, оның ішінде, денінің сау болуы және білім мен кәсіп игеруі бірінші орындарда тұратын маңызды мәселе екені белгілі.
Денсаулық – басты байлық. Сондықтан ұлт денсаулығын нығайту мәселесіне мемлекет те үнемі басымдық береді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауының үшінші бағдарында жан-жақты тоқталды. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды.
Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан, аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн» деген Президент саланың дамуына ерекше екпін бере отырып атап өтті. Ұлт саулығын сақтағанда ғана ұтарымыз көп болмақ.

Қасиетті Жуалы өңірі тұрғындарының денсаулығын нығайту ісінде аудандық орталық аурухана ұжымының атқарып отырған еңбегі мен жүйелі жұмысының маңызы зор.
Аудандық орталық аурухана 2014 жылдан бері шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын болып аталады. Аудан тұрғындарына медициналық қызметтерді – 111 төсектік орны бар стационар, клиникалық-диагностикалық зертхана, 250 келушіге арналған емхана, 4-ші дәрежелі шұғыл көмек көрсету бөлімі, сегіз ауылдық дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік пункт және 34 медициналық пункт көрсетеді.
Сонымен қатар, бір жылжымалы медициналық кешен автобусы, 10 «УАЗ» маркалы санитарлық көлік, екі «Ларгус» көлігі және бір реанимобиль көлігі бар. Орталық ауруханада жалпы – 678 адам қызмет атқарады. Оның ішінде, 78-і дәрігер, 340-ы мейірбике, 124-і тазалықшы және 115-і басқа да қызметкерлер.
Ауруханадағы хирургия бөлімі, терапия, күндізгі стационар, қабылдау, жан сақтау, балалар, перзентхана және жұқпалы аурулар бөлімі, тағы басқа бөлімдерде науқастардың денсаулығын нығайтып, олардың өмірін сақтап қалуға бағытталған барлық шаралардың жасалып отырғаны анық.
Аудандық ауруханадағы ең жауапты бөлім ретінде қабылдау бөлімін атап өтсек, қателесе қоймаспыз. Бұл бөлімде тәуліктің кез келген мезгілінде әртүрлі жағдайлармен медициналық көмекке мұқтаж науқас жандар көптеп түсіп жатады. Соның ең негізгісі – оқыс оқиғалардан болған жарақат алулар. Оның ішінде, жол-көлік оқиғалары мен жол апатының салдарынан зардап шеккен науқастар. Одан бөлек, өндірісте жарақат алғандар, т.б. оқыс оқиғалардан зардап шеккендер бар. Ал ол тізімге сәбилер мен жас балаларды да қосуға болады. Өмір болғаннан кейін бәріміздің басымыз ауырып, балтырымыздың сыздамай тұрмайтынын ескерсек, бір сөзбен айтқанда, қабылдау бөліміне еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін келіп, қажет әрі шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмекке жүгіне алады.
Аудандық орталық аурухананың қабылдау бөліміне дәрігер Ермұхан Құсайынов басшылық жасауда. Дәрігердің еңбек демалысында болуына байланысты аталған бөлімге жетекшілік ету міндеті уақытша негізде маусым айының басынан бастап білікті маман, хирург дәрігер Шолпан Чмаеваға жүктелген.
Денсаулықтың қадірін ауырмай тұрып білмейтініміз өте өкінішті. Аталған бөлімге барғандағы басты мақсатымыз – осындағы дәрігерлермен және медбикелермен сөйлесіп, сұхбат алып, медицина қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне мақалалар дайындау болатын. АОА-ның қабылдау бөліміне аптаның сейсенбі күні барғанбыз. Алайда аталған бөлімнің көмегіне жүгінетін науқастар санының көптігіне байланысты дәрігер Шолпан Чмаеваны бір сағаттай күтуге тура келді. Сырттай байқап отырмыз. Мұнда келетін науқастардың санаты да әртүрлі. Кішкентай сәбилерді іші ауырып, мазасызданғаннан кейін аналары осында әкеліп жатса, кейбірі жарақаттарын қайта таңуға, ал ендігі бір науқастар шұғыл жағдайда келіп, көмек алып жатқанын өз көзімізбен көрдік.
Жалпы қабылдау бөлімінде бір жауапты дәрігер, алты медбике және алты санитарлық қызметкер ауысыммен әрі тәуліктің кез келген мезгілінде уақытпен санаспай жұмыс жасайды.
-Мұнда әртүрлі паталогиялармен ауырып келген науқастардың барлығына тиісті медициналық алғашқы көмектер көрсетіледі. Бір атап өтерлігі, мұнда медициналық көмек тәуліктің барлық мезгілінде 24 сағат бойы жүргізіледі. Оның ішінде, науқастарға жағдайына қарай көмек көрсетіліп, ары қарай сауығып кетуі үшін бөлімдерге жіберіледі. Ал бір реттік көмек алып, үйлеріне қайтарылатын науқастар да бар. Науқастарға педиатр дәрігерден бастап, эндокринолог, хирург, терапевт, тағы басқа дәрігерлер қажетінше көмек көрсетеді. Мысалы, біздің бөлімге жас сәби ауырып түсті делік. Науқасты алғашқы көріп, жедел көмек көрсетілгеннен кейін тиісті дәрігерлер осында жедел шақыртылады. Олар науқасты қайта қарап шығып, тиісті диагнозын қойғаннан кейін ғана жатқызу қажет болса, жатқызады немесе үйіне қайтарылады.
Бөлімде науқастарды қарап-тексеру бөлмесі және жарақат таңу, диагностикалық, сонымен қатар интенсивті терапия палаталары жұмыс жасайды. Мұнда науқастың артериалдық қан қысымын өлшейтін танометрден бастап, дене қызуын өлшеуге арналған термометр, шпатель, заманауи ЭКГ аппараты, рентген және УДЗ (УЗИ) аппараттары бар. Мұның науқастарды тиісті қарап-тексеріп, ауруды дер кезінде анықтап, жедел медициналық көмек көрсетуде көп көмегі бар. Жұмысымыз өте қауырт. Науқастар мұнда тәуліктің кез келген мезгілінде түсіп жатады. Біз оларға уақтылы көмек қолын созуға әркез кәсіби тұрғыдан дайын болуымыз қажет,- дейді қабылдау бөлімінің дәрігері Шолпан Диқанбайқызы.
Мұндағы жұмыс процесіне өзіміз де куә болып, жұмыстың аса жауапты әрі қауырт екенін бағамдадық. Ең бастысы, науқастарға көмек көрсетуге қажетті медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектің қоры жеткілікті. Орта есеппен алғанда, аурухананың қабылдау бөлімінде бір тәулікте 40-тан астам науқасқа ем-дом жасалып, түрлі медициналық көмек көрсетіледі. Ал бұдан екі-үш жыл бұрын коронавирустық инфекцияның өршіп тұрған кезінде қабылдау бөлімінде бір тәулікте 60-70 науқасқа дейін көмек көрсетілген.
Иә, ол кезде аурухананың барлық бөлімінде жұмыс қиын жағдайда жүргізіліп, дәрігерлер мен медбикелердің көбісі адам өміріне аса қауіпті «Қызыл аймақта» бастарын қатерге тіге отырып жұмыс істегендері белгілі. Алайда кейіннен мемлекет тарапынан көтермелеулер мен марапаттауларға өз ісінде нағыз шеберлік пен жанкештілік көрсеткен денсаулық сақтау саласы мамандарының ұсынылмай қалғаны өте өкінішті…
Ендігі кезекте қабылдау бөлімінің дәрігері Шолпан Чмаева туралы айта кетсек дейміз. Шолпан Диқанбайқызы облысқа қарасты Жамбыл ауданының Түркісіб ауылында (Тараз қаласының маңында) қырғыз отбасында туып-өскен. Алматыдағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. 2012-2017 жылдары аралығында осында жалпы медицина мамандығында білім алған ол кейіннен Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында С.Данияров атындағы медицина мамандарын қайта даярлау институтында оқып, ординатурада білімін жетілдірген. Саладағы алғашқы еңбек жолын 2020 жылдың басында Жуалы аудандық орталық ауруханасына қарасты емхана бөлімінде хирург дәрігер болып бастаған.
Екі жарым жыл осында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін ғана ауруханаға қарасты хирургия бөліміне стацинонарлық хирург болып ауысып, жұмысын жалғастырып келеді. Жас хирург Шолпан өз сөзінде, ауруханадағы Қалдыбай Байрамов сияқты салада тәжірибесі өте мол, жоғары санатты, білікті дәрігерлерден саланың қыр-сырына қанығып жатқанын айтады. Жас маманға алда үйренер нәрсе әлі де өте көп. Білімі мен кәсіби шеберлігін жетілдіруді басты мақсат етіп қойып отыр. Оның өмірлік ұстанымы – ел-жұртқа адал қызмет ету, адамдарға жақсылық жасап, өмірден өз орнын табу.
Айта кету керек, хирург дәрігер Шолпан Чмаеваның осында жолдамамен жұмысқа орналасуына «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының шапағаты тиген. Ол ауданнан және облыстан берілетін бір жолғы көтермеақымен қоса, тұрғын үй сатып алуға берілетін қомақты қаражатқа да қол жеткізіп, оған аудан орталығынан баспана сатып алғанын айтады. Отбасында жары Бауыржан Таубеков екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған үлгілі ата-ана.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close