Basty bet

Рәміздер күні ұлықталды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздер күніне орай Б.Момышұлы ауылындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында «Туған жерім менің – Қазақстан!» атты патриоттық форумы өтті. Мерекелік шараға аудан орталығындағы мектеп түлектері, мемлекеттік қызметшілер, басқа да мекеме қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты. Форумды Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының қызметкерлері Ербол Бекжанов пен Мадина Свамбаева жүргізді.

Еліміз бойынша бірмезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көкке көтеріліп, Әнұран орындалды. Төл мерекемен құттықтау үшін алғы сөз аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаевқа берілді. Зиядхан Рымбекұлы жиналған көпшілікті аталған мерекемен құттықтап, көк Туымыз биікте мәңгі желбірей беруін тіледі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге, қастерлеуге әрбір қазақстандық міндетті. Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстанның рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілді. Биыл Мемлекеттік рәміздерімізге 31 жыл толып отыр.
Мерекелік шара «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілерінің «Елге тілек», «Қазақстаным», «Атамекен» әндерімен жалғасты. Келесі кезек мектеп бітіруші түлектердің «Жаса, Қазақстан» флешмобына берілді.
Шараның соңында аудан әкімдігінің денешынықтыру және спорт бөлімінің және «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» және №14, №15, №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары велошеруге қатысты. Велошерушілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп, орталық көшелермен жүріп, ауыл тұрғындарының патриоттық рухын асқақтатты.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close