Basty bet
ЗАҢСЫЗ ҚАРУ-ЖАРАҚ ТАСЫМАЛЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бөлімшелері сеніп тапсырылған учаскелерде жасырылған қару-жарақтардың екі дерегін анықтады.
Атап айтсақ, Жамбыл ауданына қарасты Бесағаш елді мекеніне қарама-қарсы, шекара сызығынан 500 метрдей жерде Жамбыл облысы бойынша ҰҚК және Шекара қызметі департаменті қызметкерлерінен құралған бірлескен жедел топ ағаштың астынан 1 аңшы қаруын, 1 дана тегіс оқпанды қару мен 27 дана патронды қару анықтады. Бұл дерек бойынша ҰҚК департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы, 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғады.
Ал, Қордай ауданына шекаралас Қордай елді мекеніне қарама-қарсы жерде шекара наряды жасырылған 12 дана патронды тапты. Табылған оқ-дәрілер Қордай ауданы бойынша полиция бөліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен тапсырылды.
Сондай-ақ «Айша бибі» және «Сортөбе» өткізу пунктерінде шекарадан оқ-дәрілерді өткізбекші болған екі дерек тіркелді. Одан бөлек, 17 аңшы патроны мен 200 грамм оқ-дәрі, 87 дана аңшы патронының гильзалары анықталды. Аталған оқиғалар бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 484-бабы, 1-бөлігімен әр дерекке 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, табылған оқ-дәрілер Жамбыл және Қордай аудандарының полиция бөлімдеріне тапсырылды.
Шекара маңында қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді анықтау, сондай-ақ олардың шекара арқылы тасымалдануына тосқауыл қою – мемлекеттік шекара арқылы тыйым салынған заттарды криминогендік элементтермен заңсыз тасымалдаудың үздіксіз әрекеттерінің дәлелі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын күзету мен қорғау бойынша тапсырманы жүзере асыру аясында Шекара қызметінің бөлімшелері басқа да құқық қорғау және құзырлы арнайы органдармен бірлесіп, Жамбыл облысының шекаралас аймақтарында заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қызметті жалғастыра береді.
Камила Әбсеметова,
шекара басқармасының кітапханашысы