Basty bet
Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!
(қаржы жүйесінің үздігі, қасиетті өңірге белгілі қадірлі қария, Жамбыл облысының Құрметті азаматы – Жарас Мұратайұлының рухына арналады)
«Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт.
Ел бірлігін сақтаған татулықты айт…».
(Жамбыл Жабаев).
Әңгіменің әлқиссасын белгілі қаламгер, дінтанушы Дамира Ибрагимнің үшінші басылымындағы «Адамзаттың асыл Тәжі» кітабынан алған үзіндіден бастағанды жөн санадым: «…Біз, бәріміз де Құдайдың құлы, Мұхамедтің (с.а.у.) үмметі болғанымыз үшін ерекше шүкірлік етсек керек?! Алланың құдіретімен айрықша жаратылған жанның туғаннан өмірден өткенге дейінгі өмірбаянын әрбір мұсылман көкірегіне түйіп, көзінің қарашығындай сақтап білсе, нұр үстіне нұр болатыны хақ!
Өйткені, мүбәрәк Пайғамбарымыз адам баласына аса қажетті екі дүниенің пайдасы мен зиянын жібекке тізген меруерттей етіп мөлдіретіп талғап айтып кеткен екен. Пайғамбарымыздың хадис-киелі сөздерінің әр лебінен шипа, пенденің ауыр жолына тура бағыт-бағдар сайрап тұр емес пе? Әрбір адам өз бойынан табылуын қалайтын сабыр, ұстамдылық, қанағат, дарқандық, кішіпейілділік, батылдық сияқты көркем мінез-құлықтар бар. Бұл – адамды нағыз адам ететін асыл қасиеттер болып саналады қоғамда, өмірде».
…Айбарлы Алатау мен қарт Қаратаудың дәл түйіскен тұсында орын тепкен табиғат көрінісі өзгеше, берекелді де топырағы құнарлы өңірлердің бірі – Жуалы ауданы екені ежелден белгілі. Киелі Әулиеата аймағындағы өзгелерден еңсесі жоғары, жұлдызы биік осынау өлкеге заңғар биік Тәңіртаудың баурайы қасиетті тұрақ болып, даласы бауымен астасып, өзендері көлімен ұштасып жатқан қасиетті туған жеріміз бәрімізге қымбатты әрі қастерлі!
Бақ қонып, Қыдыр дарыған Жуалыдай қасиетті өңірде дара болмысымен туған елінің айнадай бейнесі бола білген асыл азаматтар аса көп емес. Бүгінгі таңда аудан халқы сондай зиялы азаматынан айырылып, ауыр қайғыға душар болған күндер өтіп жатыр… Жуалы ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, киелі Әулиеата аймағының Құрметті ардагері, қоғам қайраткері, саналы ғұмырының көп бөлігін елдің қаржы саласының жұмысына арнаған (43 жыл), оның 30 жылға жуық уақытында басшы лауазымында болған, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысхатымен бес рет марапатталған есімі өңірге белгілі айбынды ардагер, айтулы азамат – Жарас Мұратайұлының бақилық болғанына да біршама уақыт болды.
Дана халықтың ең асыл қасиеттерін бойына ана сүтімен сіңірумен бірге, өзіне дейінгі қазақ зиялыларының үлгісімен тәрбиеленуге ұмтылып, зейінін берсе де, ділін бермеген, сондықтан ол кісіден дүбәралықтың құйттай да белгісін таба алмайтындай болып көрінетін маған. Айтулы азаматтың бойынан ұлттық рух қалай сезіліп тұрса, ұлтжандығы да өзіне көркем үйлесіп тұрушы еді.
Міне, жерлесіміз, Жарас Мұратайұлының бақиға көшіп, арамыздан алыстағанына да қырық күнге жақындапты. Айтпай келіп, қимасыңды қиып түсетін өлім де бір – мейірімсіз тажал емес пе?! Тыныш күніңмен, қуаныш-шаттығыңды от тілімен жалмап, өзегіңді ерітер өрт екені де жасырын емес. Тосыннан келген қайғылы хабарды алғаш естігенде, бәріміз көзге жас алдық. Көңіл айтуға келген қаралы топ та күңіреніп, әулеттің, отбасының ауыр қайғысын бірге бөлісті. Түс көргендей болды. Өкінішке орай, құдыреттің жазуы өзгерген жоқ. Бұл жағдайдың түс емес, өңі екендігіне сендірді…
Аудан тұрғындарына бұл қазаның салмағын саралап жатудың өзі артық. Жарас Мұратайұлының адами өркениетте алған орнымен және аудан мен Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, оның салық, қаржы, байланыс т.б. салаларының жұмысы мен жоғары жетістіктеріндегі қалдырған айрықша қолтаңбасы, салған ізі баршаға аян. Бұл – ақиқат!
Менің білуімше, біріншіден, ол кісі – намысшыл болатын. Қазақта: «Намыссыз азамат өзгелер түгілі, өзінің көсегесін көгертпейді» деген қағида бар. Ұлы тұлға, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Парыз» туралы ұғымы да – ұлттық ұғым екені даусыз. Адамның барлық азаматтық, пенделік қасиеттері туралы тәптіштеп жазылған сұңғыла психолог-парызға келгенде айрықша тебіреніп кетеді екен. «Парыз – ерліктің жүрегі» деп бейнелейді. Баукең әлемде парыздан артық қуатты күш жоқ, әрі болмайды да деп ой түйеді.
Қазақтың ең ұлы, ең қасиетті сөзі, ол – намыс! Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес. Намысың үшін өлсең бопты дегені де содан екен деп ойлайсың. Тақыр жерге шөп шықпайды. Жарас Мұратайұлының шыққан тегі Ұлы жүз Дулат тайпасының Сиқым руы – ерлігі үзілмеген әйгілі рулардың бірі. Қысталаңнан шыққан судың ағысы қатты, жер астындағы бұлқынған жанартаудың қысымы жоғары, әйтеуір бір жерден тесіп шығады екен. Жақаң сөз жоқ, қандай қиыншылықтарды басынан кешіріп, әлеуметтік шырғалаңдарды жеңе білген қоғамда өз орнын тапқан тұлға. Яғни, өмірде өзінің асыл затын, тектілігін танытып, елінің бары, ұлтының ары болуға ұмтылды, оған тырысты, болды да…
Екіншіден, ол кісінің бойынан қамқорлық пен кешірімділік қасиеттері анық сезілетін. Әрине, ол болмысынан қарапайым еді. Амал қанша, «Қарыс жерде қаза бар, өзекті жерде өлім бар» деген даналар. Келешекті, болашақ заманды көру – ол кісінің пешенесіне жазылмапты, өкінішті… Аясы шектеулі, азабы бойынан асатын заманға, өмірге «шүкір» деп өткен. Дегенмен, ол биыл өзінің 89-шы көктемін қарсы алған бақытты қария!
Дәстүрлі халық есебінде, 80-90 жастың аралығы «ақ үрпек қарт» деп, ал, 90-100 жастың аралығы «селкілдек қарт» деп аталады. «Селкілдек» сөзі – сөкет емес, керісінше қарттықтың ең биік шыңына жетіп, дене қимылы баяулап, нәзік тартқан шақты білдірсе керек. Жалпы, 90 жас – даналықтың, қадір-қасиеттің және үлкен өмірлік тәжірибенің символы! Бұл жастағы қазыналы қарттар қоғамның алтын қоры, батагөйі, жас ұрпақтың адастырмас ақылшысы болып саналады!
Өмірде адам баласы үш нәрсеге ынтық болады емес пе?! Емін-еркін өмір сүруге, екіншіден, жұрттың құрметіне бөленуге, үшіншіден, келешекте пайдасы тиетін игі еңбек жемісін молықтыруға. Осы үш «ынтық» шарттар орындалса, төмендегі өнегелі істер іс-жүзінде асырылатын көрінеді: «Дүние-мүлікті адалдан жинау, қолдағы дәулетті ұқыпты ұстау, жақсы күту, жиған-тергенді күнделікті керекке, үй-ішінің, туған-туыстың қажетіне жарату (мұның пайдасы ақыретте тиеді екен), қолдан келгенше пәле-жаладан сақ болу шарттары. Осы иманды «дүниелер», бейнелеп айтқанда, Ағаның іс-әрекетіне сәйкес келіп, аталған «үш ынтық» нәрсеге ие болды ғой деуге негіз бар деп ойлаймын.
Біз еңсесі биік, қасиетті өлке Жуалы ауданында туып-өсіп, осында тұрғанымызды мақтан тұтамыз. Енді біз – кешегі бабамызға ғана емес, бүгінгі бағамызға, ертеңгі шамамызға да қарап, оны мақтан тұтуға ұмтылуымыз керек-ақ…
Асыл азамат Жарас Мұратайұлының өнегелі өмір жолына үңілер болсақ, ол 1937 жылдың 9-шы тамыз күні ауданның Қошқарата ауылында дүниеге келген. Сол кездегі Талдыбұлақ мектебінің жеті класын бітіріп, 1953 жылы Жамбыл қаласындағы статистикалық техникумге оқуға түсіп, оны 1956 жылы тамамдағаннан кейін «ХХІІ партсъезд» колхозында екі жылдай уақыт есепші болып жұмыс істеп, осында алғашқы еңбек жолын бастайды. 1958-1962 жылдары Түркіменстан Республикасының Чарджоу қаласында әскери борышын өтеп, полк штабында қызмет атқарады. Сол кездегі полк командирі, Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі болған, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов жиырмадан жаңа асқан қатардағы солдаттың қасиетін байқап, оны үйіне шақырып қонақ етеді.
Әскерден елге оралғаннан кейін Жамбыл қаласындағы ағаш өңдеу-жиһаз фабрикасында экспедитор, 1964-1965 жылдары аралығында Жуалы аудандық атқару комитетінде «инструктор» болып қызмет атқарып, 1968 жылы Алматы қаласындағы халық шаруашылығы институтының қаржы-несие факультетін сырттай бітіреді. 1965-1997 жылға дейін Жамбыл облысының қаржы саласында қызметте болып, тоғыз жыл (1971-1980жж.) облыстың Т.Рысқұлов ауданында қаржы бөлімінің меңгерушісі болып абыройлы қызмет атқарып, кейіннен туған өңірге оралып, осында аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі ретінде де бірқатар игі істердің бастауында тұрғанын баса айтуға тиіспіз!
1994-1997 жылдары Жуалы ауданы бойынша салық басқармасының басшысы, 1997 жылы зейнеткерлікке шығып, «Қазпочта» мекемесінің аудандық филиалының директоры, ал, 1999 жылдан 2003 жылға дейін «Отан» республикалық-саяси партиясының аудандық филиалының төраға орынбасары болып қызмет атқарды. 2003-2018 жылдары арылығында 15 жыл бойы үзіліссіз Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына басшылық жасағаны өз алдына бөлек әңгіме…
Т.Рысқұлов және Жуалы аудандық кеңестеріне 14 жыл бойы депутат болып сайланған Жарас Мұратайұлы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойлық медальдарымен, Республикалық ардагерлер ұйымының «Құрмет белгісі» медалімен, Жамбыл облысы әкімдігінің «Өнегелі еңбегі үшін!», «ҚР Қаржы министрлігіне – 100 жыл!» медальдарымен және аудан, облыс, республика деңгейіндегі тиісті көптеген Құрмет грамота, Алғысхаттармен марапатталған.
Жұбайы – Бейбіткүл Сәулембаева қазіргі уақытта зейнеткер, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ардақты әже. Екі ұл, бір қызы бар. Үлкен ұлы – Талғат Мұратаев Жамбыл облысының ішкі істер департаментінде ұзақ жыл қызметте болып, полковник шенінде зейнетке шыққан. Екінші ұлы Қанат Мұратаев аудандық №1 Балалар өнер мектебінің директоры. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, РФ Суретшілер Шығармашылық одағының мүшесі, «Мондиал АРТ» Франция Өнер Академиясының мүшесі. Ал қызы – Гүлнар Мұратаева әкесінің жолын қуып, қазір есепші, қаржыгер қызметінде.
Жарас Ағаның немерелері – Исламбек полиция майоры. Ал Бексұлтан, Асылбек – Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің офицерлері. Мадина – Чехия мемлекетінде «Болашақ» бағдарламасымен оқуын аяқтаған білікті маман, архитектор-сәулетші. Айдана – Ресейдегі Санк-Петербург академиясының қаржы-есеп мамандығын бітірген. Камила, Амина – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін қызыл дипломмен аяқтаған, болашағынан мол үміт күттіретін мамандық иелері.
Әкесі – Мұратай Дербісәліұлы, Анасы – Қанымқыз Қылышбекқызынан туған Жарас Мұратайұлы ұл-қызынан жеті немере, екі шөбере көрген бақытты жан, ұлағатты ата болып ғұмыр кешкені анық…
Жақаңдай саналы ғұмырының көп бөлігін қаржы саласының жұмысымен қоса, туған елдің гүлденіп, дамуына арнаған ардақты азаматты танып-түсіну, ең алдымен – қазіргі қоғамда ақиқаттың айтыла бастауының жемісі. Сонан соң айтулы азаматтың әрине, өмір-тіршілігі, арман-аңсары – тірілер үшін ғибрат. Түптеп келгенде, өмірдің мәні де, сәні де оның сабақтастығында жатса керек. Ілгері буын бастаған өнегелі істер кейінгі буын арқылы жалғасын тауып жатса, өмірдің бағасы арта түсіп, ұлттың төлтумалығы орнықты болып, адамдардың жан-жүрегіне сенім мен мақтаныш сезімі ұялап, жасампаздық рухы салтанат құрады. Мұның бәрі – өз кезегінде ауданның мәдени-рухани өмірінің ілгерілеуіне кепіл болатын тиісті заңдылық, әлеуметтік құбылыс, креативті бағыт екені анық!
Дегенмен, Жарас Мұратайұлының қаржы саласындағы ұзақ жылғы жемісті қызметі – тағдырының негізгі тетіктері сияқтанған, өмірінің қағазға түсіп қатталмаған мұрағаты болуы керек. Өткенге салауат, барына берекет тілетіп, қанағат қақпасын алдыңа тосатын да, арман мен аңсаудың желісін түзетін де, заман мен замана тұлғаларының қадір-қасиетін сездіретін де бәлкім, осындай сәттер болуы мүмкін!
Жалпы, бюджеттің қалыптасуы – салық төлемдерінен құралатынын бәріміз білеміз. Ал, салық түсімі салық төлеуші субъектілерінің экономикалық жағдайы мен адалдығына байланысты екенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. Міне, қаржының осы екі бағытында да да қажырлы еңбек еткен Жарас Мұратайұлы «Қаржы шыңырауы – ең терең шыңырау» деген ұстанымды жақсы меңгерген, өз уақтысында салық пен бюджет жүйесіндегі экономикалық талдауды терең, әрі байыпты жасаған білікті маман. Тексеруге емес, үйлесімді талдауға машықтанған салық басшысы ретіндегі методикасы қанша салықтық резервтерге жөн сілтегенінен де хабардармын.
Өткен ғасырдың 1941-1945 жылдарындағы соғыс пен одан кейінгі қиын кезеңге тап болған аға ұрпақтың қазақ халқының тарихы жөніндегі түсінігі атүсті де тым біржақты болғаны аян. Әсіресе, мезгілінен ерте есеюге уақыт мәжбүр еткен «санатқа» жататын Ағалардың бірегейі – Жарас аға! Ердің ерлігі неде? Адамгершілігі неде?! Меніңше, адамның ерлігі басына іс түскенде, қиындық көргенде, сағының сынбауында… Басынан ұшқан бақ-құсын ерлігімен, еңбегімен қайтара білуінде деп ойлаймын. Жалпы, кешегі күні қоғамда, өмірде «Ер-азамат» қиындық көргенде жанына жоламай, замандастығын, туыстығын, араластығын жасырып, қоғамда бүгін ермін деп жүрген жантық, жасық пенделер де жоқ емес…
Қарттыққа қақпасын ерте ашпай, 85 жасқа келгенше көштің басында жүрген Жарас аға жеті мүшел жасты (85 жас – кәрілік) артқа тастап, сегізінші мүшел жасты (97 жас – қалжырау) бастаған тұлға болатын. Бірақ, оны алғаш көрген адам бес мүшел беруге тайсақтар еді. Түріне қарап қана емес-ау, өзінің күнделікті жүріс-тұрысымен, саламатты өмір сүру болмысымен де Жарас аға өз құрдастарына қарағанда, әлдеқайда жас әрі белсенді көрінгені анық!
Ол егескенге елдік, тірескенге тірлік айтқан, кішіге де, үлкенге де бірдей әділеттілік танытып, ел ішіндегі ынтымақ-бірлікке ұйытқы болып, қасиеттің өңірдегі көптеген игілікті істің бастауында болып, басы-қасында ақылшы болып жүрген қадірлі қария болды деп санаймын. Өзінің ой-пікірін тіке айтатын Жарас аға ешкімнің көңіліне қарап, жалтақтамаушы еді ғой… Болмысынан өте ұқыпты, кіршіксіз таза, өзіне жарасымды киінуді де ұнатқаны жасырын емес!
«Құдай құрағанды – пенде шашып тауыса алмайды» деген бар, яғни: біріншіден – Алланың ісіне адам араласа алмайды, Құдай ісіне киліккен күнәһар болады дейді. Екіншіден – адал жолмен жинаған дүние берекелді, мол болады, сарқылып не таусылып қалмайды екен. Жарас аға – Алланың ісіне араласқан жоқ, пайымдауымша, дүние-мүлікті де адалынан жинады. Қай уақытта болсын, үйіне келген кісілерді жасына, лауазымына бөлмей, тек үйінің төрінен дәм-тұз ұсынғанын талай рет көргенбіз.
Жарас ағаны үнемі еске алған сайын, ол кісінің ерекше азаматтық бейнесі көз алдымнан кетпейді. Менің пайымдауымша, бір ғажабы өмірдің сергелдеңін көп көрсе де Жақаң оған ешқашан мойыған жоқ. Келісті біткен келбетінен нағыз қазақ азаматына тән өжеттілікті, мейірбандықты көріп таңқалып жүрдім. Әсем табиғатымен кез келген жанды өзіне баурап алатын қасиетті Қошқарата ауылында дүниеге келген Жарас Мұратайұлы жас кезінде қиыншылықтың, жетімдіктің қасіретін көп көрсе де, өмірге зор сеніммен қарап өскені көрініп-ақ тұратын Осындай айрықша қасиеттерінен болар, айналасында жұмыс кезінде де, қызметтен тыс уақыттарда да өңір мен аймақтың зиялы лауазымды азаматтары, сыйлы ардагерлері, болашағы зор креативті жастар жанынан көптеп табылатын. Жарас аға салыстырмалы түрде алғанда, ешқандай жоғары лауазымның иесі болған емес. Ешқандай мемлекеттік жоғары ордендермен марапатталған да жоқ. Бірақ, ол кісі осы марапаттың барлығына ие болған тұлғадай Өзінің жарасымды тұлғасы мен батыл болмысын айшықтап көрсете білді.
Осындай әрдайым ардақтап, есімі мен еңбегін жерлестері мақтан ететін Жамбыл облысындағы санаулы ардақты азаматтардың бірі – Жарас Мұратайұлы туралы естелік жазу қиын екенін енді ғана түсінгендеймін. Ол кісінің жарқын бейнесі, мінезі, жемісті еңбегі көз алдымызда ап-айқын сайрап тұрса да, мен үшін қалай болғанда да құрметті азамат, саналы қария, еңбек ардагері – Жарас аға жөнінде бір ауыз сөз айтпай, үндемей қалу інілікке жараспайтындай көрінеді…
Жарас ағаның өмірінде оған жар болуға жараған, қиын-қыспақта мықты тірегі болған, сүйікті де сүйкімді, батыр да батыл, адамгершілігі мен түсінігі жоғары, әйел балаларының үлгісі, Жақаңның жұбайы – Бейбіткүл Қыраубайқызының алдында бас иемін!
Адамдардың өмірде қалыптасуының өзі де әртүрлі болады емес пе?! Бәйтеректің жан-жағына жайылған тамырлары сияқты бірі жуан, бірі әлсіз, енді біреуі қисық-қыңыр. Бұтақтары да сондай. Бір діңнен нәр алып жапырақ жайғанымен жеміс беруі де, мықты болуы да әртүрлі. Қарттыққа бас ұрғандардың қалыптасу деңгейін де біркелкі дей алмаймыз. Дәл осы сияқты, егде тартқан адамдардың жалпы атауы «қарттар» делінгенімен, олардың бірін ақсақал, екіншісін қария, үшіншісін шал деп саралайтын, топқа бөлетіні – өмірде берік қалыптасқан дәстүр. Осы атаулардың аражігі қандай? Айырмашылығы неде?! Оған нақты жауап айтуға қиналып қалатынымыз да шындық…
Ұзын сөздің қысқасы – Жарас Мұратайұлы осылардың қай тобына жатады?! Ол жағы – ел-жұрттың еншісінде. Жалпы, қоғамда қарияны, ақсақалды ауыл-аймағы маңдайалды ақылшысына баласа, данагөйіміз деп айбынын асырса, үлкеніміз деп ұлықтаса, данагөй қария, ақсақал атанып, ел-жұртының мәртебесіне бөленгенге не жетсін, шіркін?!
Амал нешік, осындай ардақты да абзал азаматтан айырылдық. Ардақ тұтар арыстарды ақ жауып, ақтық сапарға шығарып салып, қоштасқанда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың: «Талай шаштар ағарар, Талай тәнді жер алар. Талай буын қуарар, Талай өмір суалар» деген зарлы да запыранды өлең жолдары еріксіз еске түседі…
«Өлінің қамын тірі жер» деген. Олай болса, Ұлы Жаратушы Алла тағаладан тілеген дұға-тілектер марқұмның әзиз рухына тие берсін! Жарас Ағаның жарқын бейнесі, мейірімді жүзі мен айрықша адамгершілік болмысы ұзақ жылдар бойы естен шықпас, жадымыздан өшпес…
Бақұл болыңыз, қадірлі АҒА!
Әбдікерім Уркумбаев,
Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі.
«ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» және «Еңбек ардагері» төсбелгілерінің иегері.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы