Basty bet
Тұрғындар түрлі мәселемен қайырылды
Өткен сейсенбіде аудан әкімі Жалғас Мұртаза қоғамдық қабылдау жасады. Қабылдауға түрлі мәселелермен сегіз азамат келді. Мемлекеттік қызметте тұрақты жұмыс сұрап келген азаматқа аудан әкімі мемлекеттік қызметке тұру тәртібін түсіндірді. Тәжірибе жинау үшін әзірге келісімшартпен жұмыс істесем деген бұл азаматтың өтініші бойынша аудан әкімі тиісті сала басшысына мүмкіндік беру қажеттігін тапсырды.
Сонымен бірге екі азамат жер мәселесімен келді. Мүмкіндігі шектеулі азамат үйінің шатырын жабуға көмек сұраса, көмекке мұқтаж жандар бірі үйіне газ құбырын кіргізіп беруін, бірі үйін қоршап беруін өтінді. Қабылдауға келген басқа азаматтар да жеке мәселелерін жеткізді.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы әрбір сұрақ бойынша жауапты бөлім басшылары мен мекеме басшыларына тапсырма берді. Кейбір демеушілікпен ғана шешімін табатын мәселелерді де назарда ұстайтынын айтты.
Перизат Шымыртайқызы,
“Жаңа өмір”