Basty bet

Ұлы суреткер Жуалыға келгенде…

Үстіміздегі жылы сұңғыла суреткер, заңғар жазушы ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтың туғанына 125 жыл толып отыр. Сөз зергері, жазушы Мұхтар Әуезов 36 жасында Жамбыл облысының Жуалы ауданына, оның ішінде, қазіргі Бақалы (бұрынғы Қызыл диқан) ауылында екі рет болған. Бұл 1933 жылдың жазы мен күзі болатын.
Осы сапарында заңғар суреткер екі әңгіме, төрт очерк жазып «Социалды Қазақстан» газетінде жариялаған.
Жуалыға қарай созылған қара жол бойынан бір де бір жолаушы ұшыраспаған. Жазушы жүрегі зор апат-ашаршылықтың зұлматты зардабы бұл өлкені де айналып өтпегенін ет жүрегі сезді һәм сыздады.
«Суворов» колхозының басқарма төрағасы Алексей Калашников өзін «жазушымын» деп таныстырған жігіттің құжатын көріп: – Қайда барамын десеңіз де көлік дайын, – деп жазушы қолын қайта алды, өзінің аты-жөнін айтып таныстырды, әрі қарай шаруашылық туралы қонақты хабардар ете бастады.

Біз 1930 жылы 700 гектар, 31-ші жылы 1300 гектар, 32-де 2087, ал биыл 2672 гектар егін еккенбіз. Көршіміз «Құрама», «Қуаныш», «Қызыл пресня», «Қызыл күншығыс», «Талапты», «Қызыларық» сияқты қазақ-орыс колхоздарына науқан сайын жәрдем етеміз. Біздің колхоз – аудандағы ең ірісі, байы. Қазақстанның ең жақсы колхозы ретінде Қазақстан халық комиссарлар кеңесінің көшпелі қызыл туын жеңіп алдық».
Хабарыңызға рахмет. Мен қазақ ауылын көрсем деп едім…
Дұрыс, Қызыл диқанға барыңыз. Бірақ, бүгін демалыңыз, ертең апарамыз.
Жазушының көңілін кірбің шалды. Жуалыда басшылардың арасында қазақтардың жоқ екеніне ренжіді. Оның үстіне барлық жерде жазу тек орыс тілінде болғанына таң қалды. Қабырғаларға айнала ілінген көсем суреттері, плакаттар. Бірақ аудан қазақ тілімен жазылған плакатқа жарлы ма, әлде не? Бір плакаттан басқаның бәрі орысша.
Таңертең Мұхтар Омарханұлын Бақалы ауылына әкелді. «Өңі қызыл-сары, бурыл сақал» Ақбайдың тіл сындыруына қызыққан жазушы, ол кісіні қайта-қайта сұрақтың астына алды. – Боқоймыз. Осында бір Шойбек балалары дегендер бар. Аталары бұрын бұл боқай (бақа) ішінің жуаны, мықтысы болған. Осы жақында бір үйін бай-құлақ деп тазартты. Солар енді «орыстан шығамыз, қазаққа кіреміз» деп іріткі сап қояды.
Шойбектен тараған Әбдікерім, Әбдірайым, Молдакәрім, Әмірсейттің өзін айтпағанда, олардың балалары да қоқан-лоққыны көрді. Әбдірайымның ұлы Садық пен Шойбектің ұлы Әмірсейіт ІІ дүниежүзілік алапат соғысқа қатысып, жарадар боп елге оралып, колхоз жұмысына белсене араласқан. Сол Әмірсейіт тірі болғанда биыл 100-ге толатын еді.
– Шойбекті «Сен бай-құлақсың» деп шолақ белсенділер мен коммунистер қудалап, анам бишара талай түндерді жылаумен өткізгені, қашып бұқпантайлаумен өмір сүргеніміз көз алдымда. Әкемнің тақтайдан мектеп үйін салдырғаны, Бақа ата өзені бойынан қаздырған құдығы бар еді. Әкем тәркіленгенде, мектеп үйін де бұзып, өртеп жіберген. Себебі, мектепті салғызған адам – бай болған.
Әкем орта шаруа болатын. Көп қудалауға ұшырады. Жер аударылды, сотталды. Түрмеде ауру тауып, қайын жұртын паналап, (Айша бибі ауылында) сонда дүние салды. Айымпатша анамды бірде «шаш ал десе, бас алатын әпербақандар тыққан (көмген) астықты тап» деп ұрып, ұраға құлатқан. Күз кезі, ұрада бақа-шаян, жылан бар. Анам сорлы құлап, қайта тұрып, тысқа өрмелегенде әлгі қаныпезерлер нәлді етіктері мен бет-жүзіне қарамай, қайта-қайта теуіп, бет-аузы қан жоса, сау тамтығы қалмай жараланғаны, тұра алмай, өлімші болып жараланған еді.
Ұлы Мұхтар келгенде әкем халықты аштықтан сақтап қалу үшін бар малын бақа руындағы ағайындарына таратып берген. Сол малды алапат аштық кезінде кедей-кепшіктер талғажау етіп, таудан алды теріп, бақияның (орыс – орман еккен) топырақ астында қалып, келесі көктемге жеткен қалдығын қазып, теріп, содан нан пісіріп, өлмес күнелткен. Әлгі айтылғандарды талшық етіп, адам өлмеген.
Шешем кейін қудалана берген соң, менің есім-сойымды Шойбек әкемнің атынан Молдакәрімге, өз атымды Әмірсейіттен Әміртайға ауыстыруға мәжбүр болған, – дейді Әмірсейіт өткен күнді еске алып.
…М.Әуезов Ақбай атамыздың да, колхоз бастығы Калашниковтың да, звено жетекшісі Науменконың әңгімесіне көңілі толмағанымен, заман ағымына бағынған азаматтар екенін түсінді де, түсін бермеді. Ақбай өзін жамандаса, бастық халық тұрмысын емес, көрсеткішті алға тартты. Қазақ ауылдарына, қазаққа деген көзқарасын білгенде, намыстан ұлы тұлға жарыла жаздады. Ал Настя Науменконың әткөншек (көшіп, жер ауып келген қазақтарға) жиіркене қарайтынын сезді.
Ұлы Мұхтардың Жуалы сапарынан 1933 жылы жазған «Біз әткөншекпіз» деген мақаласын қарадық. Бұл «Егемен Қазақстанда» жарияланбаған. Цензура жібермесе керек. «Қабағын кірбіңдетіп, жиырып, маған қарамай, айдалаға, алысқа қарап тұрып сөйледі. – Біз әткөншекпіз. Таластікіміз… Бір 11 үй анау стансаға орналасты, соның колхозына… 15 үй тағы колхозға орналасты…»
Бұдан өтіп, екінші пәтерге келдім… Біраз ғана кірпіштің арасына шоқ қойып, соған талтая қақтанып отырған бір безгек ауру. Қасында кебісін жамап отырған кемпір. «Бұрыннан отырған безгек ауру: жалпақ бет, әйел жүзді көсе сары. Деміге отырып, отты көсей түсіп, көп сөйлейтін сол”.
Бейсенбай бұрын жүрген жерлерді айта кеп: – Таластан көктемде кеткесін совхозда істедік… Аш болғамыз жоқ ек… »
Толық аяқталмаған сөйлем, ой бұл мақалада көп. Бүгінгі көзқараспен оқысаңыз, жазушы жүрегі қан жылайды. Аштыққа ұрынғандардың тіршілігін ашық айта алмай, оқушының өзіне ой тастайды. Жуалы сапарынан жазылған қай мақаладан болсын Сіз аштыққа ұрынған халықты, өткен жылы малынан айырылған колхозды табасыз. Кейіпкер сөзімен береді, сондықтан олардың сөйлеу мәнерін сақтап қалған. (Бұл ұлы суреткердің 55 томдық толық шығармалар жинағының 8-ші томынан алынған очерктер мен әңгімелерден үзінді).
Жазушы: «Ажарланайын, қуланайын, көрікті ғып көрсетейін деген әңгіме емес. Бұл олардың өмірі мен ісі. Күнделікті шындығы. Сондықтан ашық керек, жаңа бұлтақсыз түсінікті, олар іс адамы. Сөйлегенде тілдері баян етпейді, істері баян етеді. Бұл олардың стилі».
Жазушының Жуалыдан жазған шығармаларында сол кеңестік құрылымды мазақтап тұрғандай сезіледі. Сөздерінде мүкір бар. Атқарған істерінде береке жоқ. Жазушы Жуалыдан аттанар шағында тағы да алғаш су ішкен Тасбастауға келеді. Бірнеше күннен жолсерік болған бала жігіт те үнсіз. Жазушы да үнсіз, терең ойда. «Жері құнарлы, астықты, малды өлкенің тұрмысы нашарлағанда, алыстағы қазақ ауылдарындағы тұрмыс қандай болды екен? – деген ой мазалап отыр еді. Республика басшыларына «Колхоз үшін тартыс» атты роман жазуға уәдесінің орындалмасын сезді. Қайран, алдамшы өмір – ай?..
Әлден уақытта бір-бірін жетектеп, аяқтарын ілби басып келе жатқан топты көрді. – Ашаршылыққа ұрынғандар ғой, бұл ақтабан қашан тыйылар екен? – деп жолсерігіне қарады. – Аға, Сіздер – ел ағалары аман болсаңыздар, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар» заман келер… – Айтқаның келсін!..
М.Әуезов мінген арба қайта қара жолға түсті… Осы оңтүстік сапарында заңғар жазушы Түркібасыдағы Тұрар Рысқұлов ауылында да болған еді (бұрынғы Ванновка), ол елде де Жуалыдағыдай көрініс-тін.
Әуезов түркі әлеміне зерделі зерттеумен, терең таныммен келді. «Әдебиет тарихы» деген еңбегінде 30-ға жетпеген жас ойшыл былай деп жазады: «Қазақ елінің ескілігі жалғыз қазақтыкі емес, жалпы түрік жұртының ескілігі деп санау керек. Бұрынғы түрік, монғол дәуірі жүрген заманда, Алтын Орда, Ақ Орданың күндері айтылатын жерлер бар. Ноғайлы, Қырым, қыпшақ, қырғыздардың бір жалаудың астында бір ел болып жүрген кездерін айтады. Бұл – түрік жұртының жік -жікке бөлінбей тұрған күндері. Бірін-бірі жат демей, бауыр көріп жүрген кездері». Осы пікір растығына оның «Қобыланды», «Шора батыр», «Едіге», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» туралы деректі, дәлелді ойларын жалғастырған.
Ұлы суреткер 25 жасында «Еңлік-Кебек» пьесасын жазды. Бұл туынды 1927 жылы Қызылордада (сол кездегі астана) жарық көріп, ғажап еңбекке қызыл цензура тарапынан қатаң тыйым салынып, атын атауға да болмайтын қауіпті кітаптар тізіміне ілігіп, архив түнегіне батырылды, тек 1991 жылы ғана оқырманмен қауышты. Кеңестік режімде түркологиямен айналысудың нақақ қуғын- сүргін, зобалаң апатпен тең екенін көрсетеді.
Классиктің «Қилы заман», «Қараш-қараш оқиғасы», «Көксерек» атты повестері, «Абай жолы» эпопеясының өзі түркі әлемінің азаттық жолына, еңсесі езілген елдердің отаршылықпен күресіне арналған. Мысалы, «Қараш – қараш» оқиғасының арқауы Түркістанның тұтастығы жолында күрескен Тұрар Рысқұловтың әкесі туралы екені белгілі. Бұл – жазушы Мұхтар мен қайраткер Тұрардың мұраттас дос екенін айғақтайды.
Мұхтардың ұлт тағдырына араша түсіп, қудалау көрген шығармаларының бірі – «Қилы заман». Кеңес өкіметінің қылышынан қан қатып тұрған шақта жазушының Жетісудағы Албан көтерілісінің ақиқатын жазуы – нағыз ерлікке пара-пар. Отаршылдыққа қарсы дауыс көтерген отты сөздер шығарманың әр тұсында асқан батылдықпен көрініс тапқан. Жәмеңке, Ұзақ батыр, Тұрлықожалар қол бастап, қитұрқы саясаттың шеңгеліне тосқауыл қояды. Көтерілісшілердің запыранға толы кекті сөзін жазушы бүркемей ашық жазып, айқын көрсетеді. «Жерді алды, қонысты алды. Күн көріп отырған суды алды. Өз жерімізді өзімізге сатты, өгей баладай болдық. Әділмін деген патшаның бір сөзінде тұрмай, екі айтқанына ел көптен наразы еді. Бүгін мына солдат деген сөзді шығарып, тағы жалған сөйледі. Оңалар деп ек, – түзелмеді. Ел шыдамы түгесілді. Бұдан әріге шыдай алмаймыз». Мұның бәрі бодандық езгіден тұншығып, тәуелсіздікті, азаттықты көксеген жазушының өз үні, өз тілегі еді. Көтерісшілерді патша әскері зеңбірекпен атқылып, жұртты қырғынға ұшыратады. Осыны жазушы әсерлі, жүрегімен жылап, қансырап отырып суреттейді. Олардың шейіт, ақ екенін, «Еркек тоқты – құрбандық» деп елі үшін жан берген жүрек батырлары, намыс ұлы екенін жазады. Ал ардан күсіп, патшаға сатылған Оспанды бар жанымен жек көре, жер-жебіріне жете әшкерелейді.
Қаламгер «Сөніп-жану» әңгімесінде қазақ баласының қала мәдениетіне үйреніп, өміріне ене бастаған жаңалықтар мен өзгерістерді бейнелейді. Ал «Қорғансыздың күні» әңгімесінде Ғазиза тағдыры арқылы қазақ қызының адамшылық, ар құрбанына өжет болмысын ашады.
Мұхтар кестелі ой мен көркем сөздің шебері көсемсөзде кемеңгерлігін көрсетті. Ол Мағжанның түрікшілдігін ұнатты. Сол тұста «Қазақтың қазіргі күйі» мақаласында Түркияда болып жатқан ілгерішіл реформаларды қазақ оқығандарына өрнек ету пікірін: «Япония еліне сыртқы жаудың саясаты килігіп, патшалықты құртуға айналғанын көріп, оқыған азамат күшін салып, өнерлі жұрттардың бәріне барып шарлап, үлгі алып, Японияға сол үлгілерді жайып, белді бір патшалық қылып әкетіп отыр… » деп жазды.
1914 жылы жиһангер соғыста түрік немістермен одақтасып, орыспен соғысты. «Қазақ» газеті бар, жалпы ұлтшылдар түрік тілегін тіледі. «Түрік жеңсе екен» деп қазақ даласы түгел тіледі.
1921 жылы Алаш көсемдері Семейге жиналып, бәрінің әдісі – отаршылдықты сылтау етіп, Алашорда жолын іске асыру еді… Мұхтардың 1923 жылы Ташкенге бару себебі басмашылармен сабақтас болу екені осы күні айқындалып отыр. Ленинградта Мұхтар Әлихан Бөкейханұлымен бірге тұрды. Бұл кезде 1929 жылы ашылатын Алашорданың жасырын ұйымында болғаны үшін 1930 жылы Мұхтар абақтыға жабылып, 1,5 жыл абақтыда отырды.
1920 жылы Бұхарада «Түркістан ұлттық бірлігі» құрылып, Анадолыдан Ататүріктің арнайы өкілі Субхи Сейсаллы-оғлы келіп, жиын өткізіп, қазақ, башқұрт, түркімен, өзбек зиялылары қатысып, маңызды шешім қабылданған. Қазақтан М.Әуезов, Х.Болғанбаев, Д.Әділовтар қатысқан. Тіпті Мұхтар Бұхара халық республикасының негізі заңын жазуға қалам күшін жұмсаған.
Көптеген Алаш қайраткерлерін «Түріктің тыңшысы, жапон шпионы, пантюркист» деп айыптағаны белгілі. Осындай жазықсыз жаладан зәбір шегіп, теперіш көрген М.Әуезов арнайы хат жазып, саясаттан бойын аулақ ұстайтынын, шығармашылықпен айналысатынын жария етті.
Ташкентте тамырлас түркі елдерінің көрнекті тұлғаларымен, Мүнаууар Қари, Файзолла Хожаев, Садреддин Айни, Сүлеймен Шолпан секілді жадитшіл зиялылармен етене араласқан жас Мұхтардың ғылымға, түркітануға терең бетбұрғаны байқалады. 1922 жылы САГУ-ге оқуға түседі. «Манасты айтушы ортасы» деген тақырыпта баяндама жасайды. Тыңдауға атақты этнограф Әбубәкір Диваев, Сұлтанбек Қожанов қатысады. Мұның өзі Мұхаңның «Манас» тақырыбына ерте барғанын көрсетеді.
Әлемге әйгілі «Манас» дастаны қырғыз ұлтының бойтұмары болса, осы эпосты алғаш қағазға түсіріп, дүние жүзіне мәлім етіп, насихаттаған мәшһүр ғалым Шоқан Уәлихановпен алып эпосты зерттеуді соны белеске көтерген академик, жазушы М.Әуезовты бауырлас қырғыз халқы ардақты перзенті санап, мақтаныш етеді. «Манас» туралы монография 1934 жылы жарық көрді. Эпосты ыждағатпен зерттеген М.Әуезов «Манас» жырын қызыл идеологиялық шабуыл жасаушыларынан білімдарлықпен қорғап, эпостың қайтадан өмір сүруіне кепілдік береді. Ызғарлы Мәскеуден «Манасты», «зиянды, буржуазияшыл, діншіл, халыққа жат эпос» деп жариялап, қара құйын соқтырып, үкім шығарғалы келген профессор А.Боровков дегеніне жетпей қалады. Манас рухы жеңіске жетті деген сүйінші хабар ақбас Алатаудан асып, бүкіл бауырлас жұртты тебіренткен еді. Алаштың азулы көкжалы беделі биіктеп, кейін жас Шыңғыс Айтматов сияқты желкілдеп өсіп келе жатқан жас бауырлас жазушыларды қолдап, демеді. Осыдан оның түгел түркіге ортақ саялы бәйтерек болғанын айғақтайды. Келешегінен зор үміт күткен академик – жазушы «Ш.Айтматов – өнерлі перзент» деп бағалаған. Шыңғыс болса «Мен сапарға шықсам, бір қолымда «Манас», енді бір қолымда «Абайды» ала жүремін деген.
Кемел жастағы кемеңгер әлемдік өркениетті елдерді аралағанда түркі халықтарының ұлы тұлғалары мен тамырлы мәдениетінің дүниежүзілік тарихтан алатын орнын салқын ақылмен салмақтап, түрлі кездесуде салиқалы ой түйгені байқалады. «Индия очерктері», «Америка әсерлері», «Жапония күнделігінде» әлемдік озық мәдениетпен түркілік мирастарды шендестірген толғамдары жеткілікті.
«Қайда жүрсе де тамырын іздеп, хатқа түсіруге дағдыланған данышпан Индияға 1526 жылы басып кірген «ұлы моғол нәсілі» Бабур жаулап алған ел астанасын Дели деп атаған. Моғолдар үнді елін 1707 жылға дейін билегенін Мұхтар жазған. «Моғол мәдениеті қатты дәуірлеп, Еуропада, Мысырда, Арабстанда, Иран мен Орта Азияда мол төркіні бар еді. Еуропа шегіне барып орнаған Кордова халифатының мәдениетімен анық жалғас» деп жазды.
Сөз зергері Мұхтар өткен ғасырдың 40-шы жылдарының қарсаңында ұлы Абай туралы роман жазу ниетін қолға алады. Өзі айтқандай, – «Мен жазатын кейіпкерлер және оның замандастары әлдеқашан ұлы дүниелік болып кеткен. Көш ұзап кеткен. Көш орнындағы күлді үрлеп, күл арасынан сөніп бара жатқан аздаған жылтыраған от ұшқынын үрлеп, қайта жағуға мәжбүр болдым», – деп жазған. Ұлы туындының алғашқы томы 1942 жылы басылды. Алапат соғыс майданында жүрген қазақ сарбаздары Мұхаңа хат жазып: – Өте тамаша жазылған, оқыдым, келесі томын асыға күтеміз, – деген еді.
Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Қазақ халқының өткенін зерттегісі келетін ғалымның бірде – бірі бұл кітапты жаман ете алмайды. Ғалым – филолог одан қазақ әдеби тілінің тууы мен қалыптасуын көреді; ғалым – этнограф көне заманмен қоса небір тұрмыстық бейнелер мен өмір құбылыстарын біледі; ғалым – юристер шариғаттан бастап, билер кесіміне шейінгі даланың заң жобаларынан бағалы мағлұматтар жинайды» деп жазды.
Николай Тихонов Мұхтарды «Шалқар шабытты және бақытты жазушы» деген. Расында М.Әуезов – «Абай жолы» секілді ұлы туындыны дүниеге әкелген шалқар шабытты, қазақ әдебиетін әлемдік дәрежеге көтерген бақытты жазушы.
Ұлы жазушының Абай туралы жазған ұлы шығармасы санамызға сіңіп кеткені соншалық, Абай десек, алдымен ойымызға Мұтар оралады. Ал сырттағы елдің есіне қазақ дегенде Әуезов есімі түседі. Өйткені Әуезов Абай арқылы қазақтың кең даласын, таңғалдырар табиғатын, қонақжай халқының ғажап тұрмыс – салтын әлемге паш етті.
М.Әуезовтың ұлы туындысы әлемге ортақ адамгершілік идеясын жырлап, өрісті ойы, құдыретті дарынының арқасында Абайдай асылды әлемге танытты. Сол арқылы өзі де халқының зор құрметіне бөленіп, үлкен даңқ тұғырына көтерілді.
«Абайды Абай еткен – Құнанбайдың иығы» деген қанатты сөз бар. Ал баласын Абай атамыз сияқты данышпан тұлға етіп тәрбиелегісі келген ана «Абай жолын» оқымаса бола ма? Ол қаншама көркем әдебиет болса да, ондағы Құнанбайдың, Зере әженің, Ұлжан ананың бейнесін оқығанға ой салады.
Заңғар сөз зергері Мұхтардан «Тіл туралы не айтасыз?» – дегенде: – Көгенкөз халқыма қаратып мінбер орнатып, «Соңғы діліңізді айтыңызшы! – десе: – Тілімнің ұшында жүрген соңғы сөз төмендегіше: – Темір тозады, тас үгітіліп құмға айналады. Ғасырлар бойы бізбен бірге жасасып келе жатқан тіліміздің қадірін кетіріп алмайықшы!» деп жауаптаған.
Тіліміз биік өреден ойып өз орнын алып, ХХІ ғасыр қазақ ғасыры боп, әлемде ғұмыр кешіп жатқан 26 млн қазағымыз 100 млн-ға жетіп, еліне, жеріне ие болып, Мәңгілік Елге айналса! – дегіміз келеді.
Ұлт жанымен бірге қайнасқан адамзат жыршысы, ақыл-ой алыбы, парасат көсемі ұлы Мұхтардың туғанына 125 жыл толу мерекесі тойлана берсін, құтты болсын! Ұлы туындыны оқып, нағыз қазақ бола беруге жазсын құдіретті де, мейірімді де, қайырымды жаратқан Иеміз!

Найкен Қайыпбекова,
Айсұлу Молдақұлова,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылары.
Тараз қаласы

Таңдаулы материалдар

Close