Basty bet

Өнегелі адамды тек өнегелі ұстаз ғана тәрбиелей алады

Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет – тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы – оларды адамгершілік, рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керек. Сонда ғана нағыз толыққанды тұлғаға айналады.

Осы ретте, өмірінің 40 жылын ұстаздыққа арнап келе жатқан жоғары санатты ұстаз Рая Қалтайқызымен ұрпақ тәрбиесі туралы аз-кем сұхбаттасқан едік. Ардақты ұстаз “ең бірінші баланың жан дүниесіне үңіле білу қажет” дейді. Педагог оқушыны түсіне алатын жан болуы тиіс деген ойды алға тартты.
Білікті ұстаз Күреңбел ауылында дүниеге келген. Күреңбел орта мектебін бітірген соң, Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп шығады. Алғашқы еңбек жолын Пушкин атындағы орта мектепте 1983 жылы бастайды. Қарапайым мұғалім болып жұмысқа кіріскен ол әр жылдары директордың тәрбие ісі жөніндегі, оқу ісі жөніндегі орынбасары болып абыройлы қызмет етеді. Оқу процесімен бірге тәрбие саласына да өзіндік үлесін қосып, шәкірттерін білім нәрімен сусындауда.
Рая Омарова бүгінгі таңда Пушкин атындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді. Әріптестерінің арасында сыйлы, өзіндік орны бар ұстаз. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ізінен ерген шәкірттер тәрбиелеуде. Жас мамандарға жол көрсетіп, олардың қалыптасуына өз үлесін қосуда.
-Мектеп – ата-аналардың тәрбие ісіне бағыт-бағдар беріп, балаларды жан-жақты тәрбиелеуге күш салады, – дейді Рая Қалтайқызы. -Балаға негізінен үш ортадан тәрбие жұғады, үш орта бала тәрбиесіне әсер ететін фактор. Біріншісі – ата-ана, екіншісі – ұстаз, үшінші – достары. Негізінен тәрбие беру кілті – ата-ананың қолында. Ұлы педагог А.С.Макаренко: “Баланы жас кезінде, әсіресе, бес жасқа дейін тәрбиелей білу керек” дейді.
“Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды” деп даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, тәрбие отбасындағы тәртіптен басталуы тиіс. Әрбір бала өзіне есеп бере алуы қажет. Ата-ана да баласына өз-өзіне есеп беруге дағдыландыруы керек. Баланы алаламай, мейіріммен қатар, тәртіпке бағынуды үйрету қажет. Сонымен қатар, әр отбасында бала әкеден иемденуі керек. Кейбір отбасында баланы ата-әжесі шектен тыс еркелетіп, әкесі баласының дұрыс емес жерін түзесе, қариялар сөзін сөйлеп шығады. Бұл дұрыс емес бағыт. Балаға әкесін құрметтеуді үйретуі қажет. Отбасында баланың ортасына түсіп, оның қателігін бетіне басып отыру да дұрыс емес. Қайта ұлттық құндылықтармен сусындатып, оны дұрыс тәрбиелей алуымыз баршамыздың міндетіміз.
Сонымен қатар, ұстаз өз сөзінде мектепте бала тәрбиесіне қатысты үштік одақ жұмыс істейтінін айтты. Бұл одақтың мақсаты – ата-ана, мектеп, ұстаз болып бірігіп, тығыз байланысып, саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш салу. Одан бөлек, мектептегі тәрбие үрдісіне өзін-өзі басқару ұйымы енгізілгенін атап өтті. Білім ошағында “Аналар”, “Әкелер”, “Әжелер” клубы, “Аталар” кеңесі жұмыс істейтінін айтып, бұл жұмыстарды қайта жандандыру қажет екенін де тілге тиек етті. Жалпы, ұрпақ тәрбиесіне ауыл болып атсалысу қажеттігін, қазыналы қариялардың өнегелі сөздері мен ақылдарына құлақ түріп, қауым болып қиын балалармен жұмысты үйлестіру керек екенін де жеткізді.
-Тәрбиеде шек жоқ. Бұл саланың ауқымы кең. Өмірде мінсіз бала жоқ. Түрлі мінезді, болмысы әртүрлі бала кездеседі. Олардың мұндай ерекшеліктерін негізге ала отырып, дұрыс әрі нәтижелі жұмыс үйлестіре алуымыз қажет. Біз тек баланы ғана емес, отбасын да дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Өйткені, біздің кезімізде ата-ана баласының теріс қылығы немесе оқу үлгерімінің төмендігі үшін ұялатын. Ұстазға сенім артып, баласының дұрыс емес әрекетін бірге түзеуге шақыратын. Қазір керісінше, барлығына мектепті кінәлайды. Тиісінше, үйде дұрыс әңгіме айтылып, балаға білім өзінің болашағы үшін керек екені айтылуы тиіс. Мұғалімді құрметтеуді, оқуға зер салуды ата-ана үйде баланың бойына сіңіргені абзал.
Біздің күнделікті уақытымыздың басым бөлігі осы мектепте өтеді. Түрлі жайттарға тап боламыз. Кейде күніге сабаққа кешігетін балалар кездесетін. Ол оқушылармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ата-анасымен байланысып, бұл әдеттен арылуға шақыратынбыз. Күнделікті ерінбей сол баламен жұмысты үйлестіріп, нәтиже шығаратынбыз. Бала өз қателігін түсініп, түзелетін. Міне, сол себепті, баланы қалай тәрбиелесек, бала соған қарай бейімделеді.
Әрбір ата-ана мұғаліммен тығыз байланыста болғаны жөн, онсыз бала тәрбиесінде жақсы нәтижеге жету мүмкін емес. Бірлесіп жұмыс жасағанда ғана бала бойына ізгі қасиеттерді толғынан сіңіруге болады.
Тәрбиенің ең маңызды түрінің бірі – ең алдымен өз халқын, өз Отаннын сүюден басталуы да ерекше.
Менің түсінігім бойынша – мұғалім мамандығы жасандылықты қаламайды, уақыт талабынан қалыс қалуға төзбейді. Балалар – біздің болашағымыз. Ертеңіміз, болашағымыз өсіп келуде. Бізден жаңа қоғам ғана жасалып келе жатқан жоқ, жаңа адамда жасалып келеді. Ұстаз шәкіртін түсіне білу керек. Сену керек. Дос болу керек. Ұстаз болу – қиын, бірақ ардақты іс – шәкірт пен ұстаз арасында достық сезімнің берік болуы қажет. Бала жүрегіне жол таба білмеген мұғалім кейде оны өзіне қарсы қойып алады, бала ерегіскіш келеді.
Бала тәрбиесі – үлкен өнер. Әр балаға, әр түрлі тәсіл керек. Біреуіне ақыл айтсаң да жетеді, біреуіне ақыл жүрмейді, мінез-құлқына қарай басқа амал табу керек. Бала жүрегі кішкентай ғана күй сандық, ол кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімдердің қолында әр кез сол кілт жүру керек, – дейді білікті ұстаз.
“Еліміздің ертеңі саналатын жастарға сенім артамын” деген ұлағатты ұстаз отбасында аяулы жар, ардақты ана. Өмірлік серігі Нұрмахан Омаров екеуі екі қыз, бір ұлдан жеті немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Алдағы уақытта Рая Қалтайқызы білім ошағында абыройлы еңбек етіп, зейнетке шығуды жоспарлап отыр.
Қорыта келе, өмірін осы қызметке арнаған адамды, өз өнерін, бойындағы барлық қасиеттерін дарытқысы келетін адамды нағыз ұстаз деп атауға болады. Олай дейтінім, болашаққа ізгілік нұрын себушілер – олар. «Жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады». Өнегелі адамды тек өнегелі ұстаз ған тәрбиелей алады. Сонда ғана, жастар болашағының шоқтығы биік болмақ.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close