Basty bet
ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ – ҚОҒАМ ДЕРТІ
Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заңбұзушылық біздің елде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекет үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз де куә болып отырмыз.
Негізінен, қай халық та отбасындағы зорлық-зомбылық туралы айтуды жөн санамаған. Әрі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдіреді. Зорлыққа төзімсіздік отбасында, баланың кішкентай кезінен бастап тәрбиеленуі керек. «Анасын көріп, қызын ал» дейміз. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де, «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма? Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Осындайда, шыдамның да шегі бар және оның салдары да қорқынышты екенін айта кету керек.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы – құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтап қалу. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – әкімшілік құқық бұзушылық немесе отбасылық мәселе емес, кез-келген басқа зорлық сияқты қылмысқа жатады. Әйелдер күш көрсетіп жатса да төзімділік танытады, жұрт алдындағы абыройын ойлап, күйеулеріне қарсы берген арыздарын да қайтып алып жатады.
Отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керектігін түсіндіру қажет. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Ондай әйелдер көбінесе психологиялық және материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Тек күйеуінен ғана емес, жігіт болған баласынан зәбір жейтін аналар да бар.
Зорлық-зомбылық құрбандары саналатын әйелдердің проблемасы – барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлық- зомбылыққа төзіп жүре береді. Кейбір әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, әрі қарай өмір сүре береді. Олар ешқашан өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен, оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда сиреп барады. Сондықтан, оларды арнайы заңмен жауапқа тарту керек деп есептеймін.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Талқыланып жатқан заң жобасы, тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің құқығы тең сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болатыны сөзсіз. Осындай ұзақ төзудің соңы әйелдің денсаулығына зиянын тигізіп жатады. Орталыққа әйелдердің басым бөлігі жағдайдың ушығып, бар амалы таусылған сәтінде барып хабарласады. Тіпті күйеуінен немесе оның туыстарынан қаймығып қоңырау шалуға қорқатынын, олармен арнайы мамандардың сөйлесуін өтінетіндер де бар, мүмкіндігінше отбасын сақтап қалу мақсатында ол әйелдің жолдасымен, қажет болса туған-туыстарымен әңгімелесіп, татуластыру жұмыстары жүргізіледі.
Зорлық көрген әйел балаларын алып, үйінен, жып жылы шаңырағынан кетуге мәжбүр, не үшін? Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен дағдарыс орталықтары жұмыс істейді, ал агрессор ер азаматтармен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты біздің елде пилоттық жоба ретінде арнайы жоба қолға алынып жатыр. Осы бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себебі анықталып, жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйретеді. Психолог, психотерапевт мамандар оның ызасы не себепті пайда болғанын, неге біреуді ұруға әуес екенін зерттейді.
Негізгі мақсаты – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал ету. Осы пилоттық жоба нәтижелі болса, бүкіл Қазақстанда жүзеге асырылады. Осындай сабақтарды, заң аясында барлық агрессор ер азаматтарды оқытуды міндеттеу керек деп ойлаймын. Әйелдер мен балалар отбасының ең әлсіз мүшелері болғанымен, олар жанұяның негізгі құраушылары. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық тек бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның алдында тұрған қатер. Қоршаған ортада болып жатқан мән-жайларға бейжай қарамай құқық бұзушылықпен, зорлық-зомбылыққа қарсы күресу әрбір азаматтың өз ар-ұяты алдындағы борышы.
Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді…
Әзірлеген
Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»