Basty bet
Руханият шамшырағын жаққан жандарға құрмет
23 сәуір – ұлт руханиятының өзегіне айналған кітап пен оны қадір тұтқан қауымның мерейін асқақтататын айрықша күн. Осы айтулы датаға орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Кітапханашы – руханияттың шамшырағы» тақырыбында мазмұнды да мағыналы мерекелік кездесу кеші өтті. Тағылым мен танымға, құрмет пен өнерге толы бұл кеш кітап пен кітапханашы беделін биіктеткен рухани шара ретінде есте қалды.
Кеш басталмас бұрын-ақ мәдениет үйінің іші ерекше атмосфераға бөленді. Тақырыпқа сай безендірілген көрме бұрыштары, кітапхана ардагерлерінің фотогалереясы, жаңа кітаптар мен сирек басылымдар қойылған көрмелер – бәрі де келушілерді бір сәтте кітап әлеміне жетелегендей әсер қалдырды. Бұл көрініс кітапхананың тек білім ордасы ғана емес, тұтас руханияттың ордасы екенін айқын аңғартты.
Мерекелік кеш кітапхана қызметкерлерінің орындауындағы «Кітапхана гимнімен» ашылып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Жүргізушілердің жүрекке жетер жылы лебіздері мен әсерлі жыр жолдары кештің мазмұнын тереңдете түсті. Олар 23 сәуірдің мәнін айшықтай отырып, бұл күннің тек кәсіби мереке емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын және кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды күн екенін атап өтті.
Шара барысында аудандағы кітапхана саласының жетістіктері де кеңінен сөз болды. Бүгінде ауданда бір орталық, бір балалар және 23 ауылдық кітапхана оқырмандарға қызмет көрсетуде. Соның ішінде 21 кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталықтар мен төрт коворкинг орталығының жұмыс істеуі саланың заман талабына сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – кітапхананың тек дәстүрлі қызметпен шектелмей, жаңа технологиялармен ұштасқан заманауи орталыққа айналғанының айғағы.
Кештің шарықтау шегі – кітапхана ісінің ардагерлеріне көрсетілген құрмет болды. Саналы ғұмырын кітапхана саласына арнап, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосқан тәжірибелі кітапхана мамандары сахна төріне шақырылып, олардың еңбегі ерекше ықыласпен аталды. Аудан басшылығының атынан алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды. Бұл сәт – өткен мен бүгіннің сабақтастығын көрсеткен тағылымды көрініс болды.
Мерекелік бағдарлама өнермен өріліп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар мен оқырмандар орындаған әсем әндер кештің шырайын аша түсті. Әсіресе, патриоттық рухтағы және лирикалық әуендер көрермен жүрегіне жол тауып, кеш мазмұнын байыта түсті. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлерінің арнау өлеңдері мен ансамбльдік орындаулар кешке ерекше көрік берді.
Кітапханашылар – үнсіз еңбек етіп, үлкен рухани миссия атқарып жүрген жандар. Олар – оқырман мен білім арасындағы алтын көпір, мәдениет пен парасаттың сақтаушылары. Кеште мамандық иелерінің қоғамдағы маңызы кеңінен насихатталып, олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсетілді.
Шара соңында ұйымдастырушылар барша кітапхана қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тіледі. Оқырман саны артып, кітапқа деген сүйіспеншілік ешқашан сөнбесін деген ізгі ниет те айтылды.
«Кітапханашы – руханияттың шамшырағы» атты бұл кеш – тек мерекелік жиын ғана емес, рухани құндылықтарды дәріптеген, кітаптың қоғамдағы орнын тағы бір мәрте айқындаған тағылымды шара болды. Кітапқа құрмет – ұлтқа құрмет екенін ұғындырған осындай кештер көпшілік жадында ұзақ сақталары анық…
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»