Basty bet
Күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралды
«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Өңірлерді дамыту және экологиялық мәселелер» және «Жастарды қолдау» қоғамдық кеңестердің бірлескен отырысы өтті.
Кеңес отырысын партия аудандық филиалы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Зиядхан Бүрлібаев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Бірінші мәселе – «Қоғамдық маршрутты анықтау және қозғалысын реттеу» туралы аудан әкімдігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков, екінші «Аудан аумағындағы өрт сөндіру гидранттарының ахуалы және оларды жөндеу барысы» туралы «Жуалы-Су» мекемесінің инженері Нұрбақыт Үсенбай, үшінші мәселе партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасындағы мәдениет саласына қатысты көрсеткіштердің орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Естаева және төртінші «Жастардың бос уақытын тиімді өткізу шаралары, спорт, өнер және т.б үйірмелермен қамтылу үлесі мен сапасы» бойынша аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов баяндама жасады.
Отырыс барысында партия аудандық филиалының атқарушы хатшысы Марат Нарымбеков, аудандық №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Кеңесбек Әбдіраймов, кеңес мүшелері Айбек Елекбаев, Эльмира Әбішева, Ақбота Қаңтарбаева, Мұхамеджан Әсемов өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кеңес отырысының күн тәртібіне қойылған мәселелер толығымен қаралып, отырыс жабық деп жарияланды.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»