Basty bet

Адал еңбектен бақыт тапқан шаңырақ

Адамның ғұмыр жолы – өзін ғана емес, айналасындағы адамдарды да тәрбиелейтін тағылымды мектеп. Ал сол өмір мектебінің ең алғашқы әрі ең маңызды баспалдағы – отбасы. Адамның азамат болып қалыптасуы, бойына ізгілік пен имандылық, еңбекқорлық пен жауапкершілік секілді қасиеттердің сіңуі ең алдымен отбасындағы тәрбиеге байланысты. Отбасы – махаббат пен мейірімнің, сыйластық пен құрметтің, береке мен бірліктің алтын бесігі. Ынтымағы жарасқан шаңырақта өскен ұрпақ өмірден өз жолын табуға ұмтылады. Сондықтан отбасы құндылықтары – бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның тірегі. Осындай өнегелі ғұмыр мен берекелі шаңырақтың иелері – Бейжанбек Бейсалыұлы мен Айжамал Шотайқызы. Екеуінің тағдыр жолына көз салсақ, маңдай термен келген жетістіктің, өзара түсіністік пен отбасылық жауапкершіліктің, ұрпаққа берілген тәрбиенің жарқын үлгісін көреміз.

Бейжанбек Бейсалыұлы 1941 жылы Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Талапты ауылында дүниеге келген. Әкесі ел қатарлы еңбек еткен, маңдай терін төгіп, балаларының қамын жасаған шаруа адамы еді. Колхозда қой бағып, отбасының тұрмысын түзеуге күш салды. Балалары да әкесінің еңбегін көріп өсті. Сөйтіп Бейжанбек атаның бала күнінен санасына адал еңбектің қадірі сіңді. Әкеден қалған ең үлкен мұра да осы еді. Ол – «еңбек етсең, елге пайдаң тиеді, маңдай термен тапқан наның тәтті» деген өмірлік ұстаным.
Бейжанбек Бейсалыұлы Талапты ауылындағы сегіз жылдық мектепті тамамдаған соң еңбекке ерте араласты. Ол кездегі ауыл тіршілігі бүгінгідей техникаға бай емес. Қол еңбегі басым, шаруаның салмағы ауыр кезең болатын. Ауылда сол жылдардан сыр шертетін «Неміс көшесі» деген атау әлі де бар. Саяси қуғын-сүргін жылдарында бұл өңірге неміс ұлтының өкілдері көптеп қоныстанып, ауыл тіршілігіне бейімделіп кеткен еді.
– Олардың көбісі техниканың тілін жақсы білетін еді. Ол жылдары ауылда техника аз болатын. Жер жыртып, шаруашылықтың көп жұмысын солар атқаратын. Біз оларға қызыға қарайтынбыз. Техниканың тілін меңгеріп, біз де еңбек еткіміз келді, – деп еске алады Бейжанбек ата. Осы қызығушылық оны аудан орталығындағы механизаторлар даярлайтын мектепке алып келеді. Арнайы мамандық алып, туған ауылына оралған жас жігітке алғашқыда ескі «Беларусь» тракторы беріледі. Бұл техника оның еңбек жолындағы алғашқы серігі еді.
Жас механизатор ауылдағы егін егу, жер жырту, жиын-терін жұмыстарына білек сыбана кіріседі. Таңның атысы мен күннің батысына дейін егістік басында жүріп, бар күшін туған жерінің шаруасына жұмсады. Ол жылдары еңбек тәртібі де қатал болатын. Бір-екі сағат тынығып алып, қайтадан жұмысқа кірісетін. Маңдай термен атқарылған жұмыстың нәтижесі де көп ұзамай көрінді. Еңбегі бағаланып, оған жаңа трактор сеніп тапсырылды. Бейжанбек Бейсалыұлы қызылша мен картоп алқаптарында еңбек етіп, мол өнім алуға атсалысты. Ол жүгері өсіруге айрықша мән берілген тұста да ол шаруашылық науқанына белсене араласып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Еңбегі еленіп, аудандық депутаттыққа сайланды.
– Еңбегім еш кеткен жоқ. Жұмысымыздың бағаланғанына қуанып, туған жерді гүлдендіру үшін еңбек еттік. Жастық шақта шаршауды білмей, елдің шаруасына араластық, – дейді Бейжанбек Бейсалыұлы.
Механизатор болып талай жыл тер төккен азамат кейін көлік жүргізушісі қызметіне ауысты. Сол кездегі колхоз басшысы Затыбек Елшібаевтың тұсында оған көлік сеніп тапсырылып, ауылдың күнделікті тіршілігіне қызмет етті. Жүргізушілік жұмыста да жауапкершіліктен танған жоқ. Ауыл азаматы Рахман Мырзахметовпен бірге 25 жылдай қызмет атқарып, елдің қажетіне жарады. Зейнет жасына дейін рөл тізгінінде жүріп, адал еңбегімен отбасын асырады.
Бейжанбек ата – Талапты ауылында трактор тізгінін алғаш ұстаған аға механизаторлардың бірі. Бүгінде жасы ұлғайғанына қарамастан, әлі де ширақ. Бау-бақша егіп, үй шаруасына араласып, немере-шөберелерінің тәрбиесіне көңіл бөледі. Оның бар тілегі – ұрпағының амандығы, шаңырағының тыныштығы.
Ал, Бейжанбек атаның өмірлік жары Айжамал Шотайқызының тағдыр жолы да еңбекпен өрілген. Айжамал апа 1947 жылы Мақтарал ауданының Елич ауылында дүниеге келген. Әкесі Шотай 1939 жылдары Жуалы жерінен Мақтарал өңіріне канал қазу жұмыстарына жіберілген екен. Бригадир болып еңбек етіп жүрген кезінде Ұлы Отан соғысына аттанып, майданнан елге аман-есен оралады. Ал соғыс жылдарында азаматсыз қалған анасы Майкө апа отбасының бар ауыртпалығын жалғыз көтереді. Тоғыз құрсақ көтерген анадан үш бала аман қалған. Соғыс аяқталғаннан кейін Шотай ата да елге оралып, бейбіт өмірдегі еңбегін жалғастырады. Еңбекқор әкенің маңдай тері отбасының тұрмысын түзеп, балаларының алаңсыз өсуіне жағдай жасады.
– Әкем еңбекқор жан еді. Әттең, сол кездегі еңбегі дер кезінде бағалана бермеді. Бірақ біз әкеміздің арқасында бай-қуатты тұрдық. Еңбекке адал болуды әкемізден үйрендік, – деп еске алады Айжамал апа.
Бала күнінен Айжамал апаның алғырлығын, пысықтығын ата-анасы да аңғарған. Оның білімге құштарлығына сеніп, болашағынан үлкен үміт күтті. Кейін отбасы Жуалы жеріндегі Орақ-Балға елді мекеніне қоныс аударып, Айжамал апа осындағы Талапты ауылындағы сегіз жылдық мектебінде білім алады. Мектепті жақсы аяқтап, болашағын медицина саласымен байланыстыруды көздеп, Тараз қаласындағы медициналық училищеге оқуға түседі.
Оқу орнын бітіріп, ауылға оралған соң фельдшер болып қызмет атқарады. Бейжанбек Бейсалыұлы екеуі 1966 жылы шаңырақ көтеріп, өмір жолдарын бір арнаға тоғыстырды.
Жас отбасының тіршілігі де еңбекпен басталды. Айжамал апа он жыл бойы ауылда фельдшерлік қызмет атқарып, елдің денсаулығын сақтауға үлес қосты. Ол кезеңдегі медицина қызметкерінің жұмысы бүгінгідей жеңіл емес еді. Қазіргі заманның мүмкіндіктері жоқ, шалғайдағы қыстақтарға жетудің өзі үлкен мәселе болатын. Соған қарамастан Айжамал апа қойшылардың балаларына уақтылы екпе салып, жүкті әйелдердің жағдайын бақылап, науқастарға медициналық көмек көрсету үшін күндіз-түні қызмет етті. Ол Диқан, Қайрат, Көлбастау, Орақ-Балға және Талапты ауылдарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, елдің алғысын алды.
Бұл ретте оның жан жарының көмегі ерекше болды. Боранды күн мен жаңбырға қарамай, сырқаттанған адамға жету үшін жолға шығатын. Ауылдағы ағайынның жағдайын өз отбасынан бөле-жара қарамайтын ерлі-зайыптылар елдің қажетіне жарауды азаматтық парыз санады.
Айжамал апаның білімге деген құштарлығы оның өмір жолында талай мүмкіндіктің есігін ашты. Ол Мақтарал ауданында арнайы дайындықтан өтіп, көлік жүргізуші куәлігін алады. Сол құжаты еңбек жолында жарап, қызметіне қажетті мотоциклге ие болады. Енді ол шалғайдағы қыстақтарды мотоциклмен аралап, қойшыларға медициналық көмек көрсетуге бұрынғыдан да еркін мүмкіндік алды.
Алайда Айжамал Шотайқызының ізденісі мұнымен тоқтаған жоқ. Ол мамандығын өзгертіп, білім саласына бет бұрды. Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы педагогикалық училищеде сырттай оқып, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгерді. Медицина саласынан білім беру ісіне ауысу, әрине, оңай болған жоқ. Бірақ мектеп қабырғасынан алған берік білімі мен еңбекке деген ынтасы оған бұл белесті де бағындыруға жол ашты. Осылайша Айжамал апа 25 жыл бойы ұстаздық етіп, талай баланың сауатын ашып, білім нәрімен сусындатты. Ұстаздық жолда да абыройға бөленіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Еңбек еткен жылдары қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, партия қатарына өтіп, ел ішінде сый-құрметке ие болды.
Алайда қызмет пен отбасын қатар алып жүру оңай болған жоқ. Сол жылдарды Айжамал апа ерекше тебіреніспен еске алады.
– Біздің кезіміздегі жұмыстың жауапкершілігі өте жоғары еді. Кейде жұмыс деп жүріп, үйдің шаруасына үлгере алмай қалатынмын. Ата-енемізбен бірге тұрдық. Олар маған үнемі қолдау көрсетіп, түсіністік танытты. Үйдің шаруасы да шаш етектен болатын. Үлкен қайынағамыз Далжанбек пен абысыным Айдаркүл де ата-анамыздың қолында болды. Ағамыз еңбекқор жан еді. Еңбегі лайықты бағаланды. Ал Айдаркүл жеңгеміздің бізге жасаған көмегін ешқашан ұмытпаймын. Мен үлгермеген шаруаның көбін сол кісі атқаратын. Біз ауыл үшін, ел үшін қызмет етіп, еңбек еттік, – дейді Айжамал апа.
Бұл сөздердің астарында сол дәуірдегі отбасы тіршілігінің тұтас бір шежіресі жатыр. Үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, ағайын арасындағы өзара көмек – қазақ отбасының ғасырлардан жалғасқан асыл қасиеттерінің бірі. Бейжанбек ата мен Айжамал апаның шаңырағы да осы құндылықтарды берік ұстанды. Олар өмірге төрт ұл, бір қыз әкеліп, барлығына жоғары білім беруге тырысты. Балаларына бірнеше мамандық меңгеруге мүмкіндік жасап, өмірден өз орындарын табуына жағдай жасады. Ең бастысы, перзенттеріне дүниеден бұрын адамдық қасиетті жоғары қоюды үйретті.
– Балаларға үнемі адал еңбек етуді, ешкімнің ала жібін аттамауды айттық. Біліммен, ақылмен әрекет етуді үйретуге тырыстық. Қазақта қай ата-ана баласының жақсы азамат болып, өмірден өз орнын тапқанын қаламайды. Біз де сол арманмен өмір сүрдік. Шүкір, балаларымыздың әрқайсысы өз жолын тауып, еңбек етіп жүр, – дейді Айжамал апа.
Бұл сөз – қос қарияның ата-ана ретіндегі өмірлік ұстанымының өзегі. Бүгінде олардың перзенттері әр саланың тізгінін ұстап, ел игілігіне қызмет етіп жүр. Тұңғыштары Элизаветта Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте химия және биология пәндерінен сабақ береді. Үлкен ұлы Дидар аудандық орталық ауруханада бас экономист болып еңбек етеді. Ұлдары Дәуір такси қызметінде жұмыс істесе, Бақтияр заң саласында қызмет атқарады. Ортаншы ұлдары Данияр жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ол туған ауылына жанашырлық танытып, өткен жылы Б.Момышұлы ауылында жаңа мектеп ғимаратын салып, жерлестерін жұмыспен қамтуға атсалысуда. Сонымен қатар, аудан оқушыларының заманауи білім алуына жағдай жасауға үлес қосып келеді. Баласының елге пайдасы тиіп, туған жеріне қызмет етіп жүргенін көрген ата-ана үшін бұдан асқан қуаныш, бақыт бар ма?!
Бейжанбек ата мен Айжамал апаның шаңырағы бүгінде немере-шөберелердің шат күлкісіне бөленген. Қос қария ұрпағының өсіп-өнгенін көріп, ақ батасын беріп, кейінгі буынға өздерінің өмірлік тәжірибесін айтып отырады. Қазір олармен бірге немересі Нұрқадыр мен келіні Жазира тұрады.
Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді. Шын мәнінде, баланың болашағына салынған ең алғашқы іргетас – ата-ананың өнегесі. Бейжанбек ата мен Айжамал апаның перзенттері де ата-анасынан адалдықты, еңбекқорлықты, білімге ұмтылысты, елге қызмет етуді үйренді. Бүгінде қос қарияның ең үлкен байлығы – артында қалған ұрпағы. Олардың тілегі де біреу ғана: балалары мен немерелерінің амандығы, шаңырақтарының берекесі, елдің тыныштығы.

Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close