Basty bet
Қарапайым еңбек – абыройлы міндет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды», – деген болатын. Бұл – өз ісіне адал, маңдай терімен ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамдарына берілген үлкен баға. Өйткені, еңбек – елдік мұраттың берік тірегі. Қоғамның алға жылжуы тек үлкен қызмет атқаратын азаматтарға ғана емес, күнделікті қарапайым тірлікте тынымсыз еңбек етіп жүрген жандарға да байланысты. Әр мамандықтың қоғам өмірінде өзіндік орны бар. Кейбір еңбек иелері көпшілік назарында бола бермегенімен, кез келген мекеменің қалыпты жұмыс істеуіне елеулі үлес қосады.
Сондай жандардың бірі – Б.Момышұлы ауылындағы №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда ғимарат жөндеуші болып еңбек етіп жүрген Нұржан Таубаев. Ол – қарапайым еңбекті абыройлы міндет деп білетін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын еңбекқор азамат. Нұржан Тұрғынұлы 1972 жылы Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылында дүниеге келген. Ауылдағы бұрынғы №13 А.Гайдар атындағы орта мектепті бітірген соң, Ақбастау ауылында орналасқан бұрынғы СПТУ-15 оқу орнында электр мамандығын меңгереді. Кәсіптік білім алғаннан кейін ол Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Ол Ресейде әскери қызмет атқарып, 1992 жылы елге аман-есен оралады. Әскерден келген соң ауылдағы «Ленин» колхозында түрлі жұмыстарға араласып, еңбекке шыңдала түседі. Қырманда, картоп алқабында, шөп шабу және егін жинау науқандарында маңдай терін төгеді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін колхоз-совхоздар тарап, ауыл тұрғындарының біразы жұмыссыз қалған қиын кезеңде Нұржан Тұрғынұлы да еңбектен қол үзбей, «екі қолға бір күрек табылады» деген ұстаныммен кез келген жұмысты атқаруға дайын болды. Әртүрлі жұмыстарды атқарып, мал шаруашылығымен де айналысты. Ал, ғимарат жөндеушісі болып еңбек етуі 2012 жылдан басталады. Содан бері ол мектеп ғимаратының қалыпты жағдайда сақталуына, тазалығы мен техникалық жай-күйінің жақсы болуына өз үлесін қосып келеді.
Оның күнделікті атқаратын жұмысы сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда, мектеп сияқты үлкен мекеменің қалыпты жұмыс істеуі үшін оның еңбегі аса маңызды. Ол ғимараттағы түрлі ұсақ және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мектеп ұжымы мен оқушылары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға атсалысады. Ғимарат жөндеушісі ретінде қабырғаларды жөндеу, есік-терезелерді ретке келтіру, жарық жүйелерін қалпына келтіру және басқа да шаруашылық жұмыстарын атқарады. Әрбір тапсырмаға мұқият қарап, жұмыстың сапасына ерекше мән береді.
Нұржан Тұрғынұлының тағы бір ерекшелігі – өзіне жүктелген жұмыспен ғана шектелмей, қажет кезде әріптестеріне қол ұшын созуы. Ұжымда ақкөңіл мінезімен, қарапайымдылығымен және жауапкершілігімен сыйлы. Әріптестері оны сенімді, кез келген жағдайда көмек көрсетуге дайын азамат ретінде бағалайды.
Шын мәнінде, еңбек адамының басты қасиеті – өз жұмысына деген адалдық, жауапкершілік және табандылық. Нұржан Тұрғынұлы осы қасиеттерді өмірлік ұстанымына айналдырып, талай жыл бойы адал еңбегімен ұжымның құрметіне бөленіп келеді.
– Кез келген жұмысты немқұрайлы атқару – менің табиғатыма жат. Қандай істі қолға алсам да, оны соңына дейін жеткізіп, сапалы орындауға тырысамын. Өйткені, адал еңбек еткен адам ешқашан ұтылмайды деп ойлаймын. Мектеп – балалар білім алып, мұғалімдер еңбек ететін қасиетті орта. Сондықтан оның таза, жинақы әрі жайлы болуы – менің күнделікті жұмысыма тікелей байланысты. Таңертең мектепке келіп, айналаға қарап, бәрінің ретімен тұрғанын, сыныптар мен дәліздердің таза әрі жинақы екенін көргенде, еңбегімнің нәтижесін сезінемін. Мектептің тап-таза, жарқырап тұрғанын көргенде, шаршағанымды ұмытып, көңілімді мақтаныш сезімі кернейді.
Менің ата-анам да бала кезімнен: «Қандай жұмыс істесең де, шын ниетіңмен, адал атқар. Себебі, ол – сенің несібең, маңдай теріңмен тапқан наның», – деп айтып отыратын. Осы сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды. Сондықтан өзіме жүктелген жұмысты ұсақ-түйек деп бөлмеймін. Мектепте балаларға өз жұмысымды таныстырып, еңбектің қадірін түсіндірудің де маңызы зор. Кейде оқушылар жөндеу жұмыстарына қызығушылық танытып, «Аға, мұны қалай жасайсыз?» деп сұрап жатады. Олардың еңбекке деген қызығушылығын көргенде қуанамын. Себебі еңбектің қадірін бала кезден түсінген адам қандай кәсіпті таңдаса да, өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.
Мен үшін жұмыстың үлкен-кішісі жоқ. Ең бастысы – өз ісіңді адал атқарып, айналаңа пайдаңды тигізу. Бүгінгі еңбегім мектептің жайлылығына, оқушылардың сапалы білім алуына септігін тигізсе, одан артық қуаныш жоқ, – дейді Нұржан Тұрғынұлы.
Нұржан Тұрғынұлы – отбасылы, ұлдарынан екі немере сүйіп отырған бақытты әке. Жұбайы Айнұр Қаражігітова «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-ында еңбек етеді. Үлкен ұлы Нұрхат та аталған кәсіпорында жұмыс істейді. Екінші ұлы Ринат – кәсіпкер. Ал, Рахат Алматы қаласында заңгер мамандығы бойынша білім алып жүр. Кенже қызы Жанерке – 10 сыныптың оқушысы.
Еңбегімен елге қызмет ету үшін міндетті түрде биік лауазым иесі болудың қажеті жоқ. Өз ісіңді сапалы атқарып, жауапкершілікпен еңбек ету – қоғамға жасаған үлкен қызмет. Нұржан Тұрғынұлының өмір жолы осыны дәлелдейді. Оның қарапайым еңбегі мен азаматтық ұстанымы – кейінгі буынға үлгі боларлық өнеге!
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”