Basty bet

Мамандығын мақтан тұтатын білікті тіс дәрігері

Дүниеде мамандықтың түрі өте көп. Заман дамып, құндылықтар құлдыраған сайын тиісінше, мамандықтардың кейбірі жойылып, оның орнынан біз естіп, білмеген жаңа мамандықтар пайда болу үстінде. Бір-ақ, бір нәрсе анық, ол – қандай маман болсаң да, оның нағыз шебері болу. Десек те, шын шебер, бір саланың білікті маманы болу екінің бірінің маңдайына жазылып, бақытына бұйырмаған. Абай хакім айтатын, «Болмасаң да ұқсап бағу» керек әрине…

Бала кезінен таңдаған мамандығын жақсы көріп, болашақта «тіс дәрігері болсам» деген арманның асқақ қанатында өскен аудандағы білікті тіс дәрігерінің бірі – боралдайлық азамат Батухан Сүлейменов. 30 жылдан аса уақыт осы саланың «ыстық-суығына» бірдей төзіп, қажырлы еңбек етіп келе жатқан білікті маман 1969 жылы Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында шаруа азаматтар Әділбек пен Пернекүл Сүлейменовтардың отбасында өмірге келген. Ол осындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін қазіргі Құлан агротехникалық жоғары колледжінің (бұрынғы Луговойдағы Жамбыл зооветеринариялық техникумы) ветеринария факультетінде оқып бітіріп, одан кейін өз ауылындағы «Путь коммунизма» колхозында І бөлімшеде қой шаруашылығында веттехник болып алғашқы еңбек жолын бастаған. Бұл мамандықты оқып бітірсе де, оны іштей ұната қоймаған жас талап 1992 жылы Шымкент қаласындағы медициналық училищеге құжат тапсырып, барлық емтиханнан сүрінбей өтіп, аз уақыттың ішінде тіс дәрігері мамандығының қыр-сырын меңгеріп алады.
-Тіс дәрігері ретінде алғашқы еңбек жолымды ауданға қарасты Кәріқорған ауылдық медициналық пунктінен бастап, 1997 жылы тіс дәрігері болып Күреңбел дәрігерлік амбулаториясында жұмысымды жалғастырдым. Мен бұл мекемеде 20 жыл табан аудармай еңбек еттім. 2017 жылы жан-жақты ойлана келе, өз алдыма жеке тіс емдеу кабинетін ашсам деген ниетпен Қарасаз ауылынан үлкен ғимараттың бір бөлмесін жалға алып, тіс емханасын аштым. Міне, содан бері де жеті жыл өте шыққан екен. Ең бастысы, өз кәсібім өзіме ұнайды. Мен бұл істен жан рақатын табамын. Тісін емдетуге келген клиенттерім де қызметіме дән риза. Мұнда негізінен қызмет түрлерінен – тіс жұлу, емдеу және тіс салу қызметтері көрсетіледі. Бағасы да қолжетімді деп ойлаймын. Біз әрдайым клиенттің жағдайына қараймыз. Көрсетілетін қызметтің де бағасы соған қарай белгіленеді,- дейді білікті тіс дәрігері Батухан Әділбекұлы.
Қандай кәсіп болсын, оны бастау және аяққа тұрғызу көп ізденіс пен күш-жігерді қажет ететіні анық. Батухан да жеке кәсіпті ашу үшін жан-жақты ойланып, тыңғылықты дайындық жұмыстарын жасады. Ол үшін Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Қорғас бекетінен тіс дәрігерлік креслосы, тағы басқа жұмысқа қажетті құрал-жабдықтар қомақты қаражатқа сатып алынды. Тіс емдеу кабинетіндегі жұмыс ашылған күннен бастап қалыпты жүргізілу үстінде. Мұнда тіс дәрігерінен бөлек, бір медбике тұрақты жұмыспен қамтылған. Тіс емдеу кабинетіне келетін клиенттердің де дені ауыл-аймақтың тұрғындары. Қошқарата, Боралдай ауылдық округінің Көлтоған және Ертай ауылдарынан, Күреңбел, Қарасаз, т.б. ауылдардан осында келіп қызмет алатындардың саны жетерлік. Тиісінше, тұрақты клиенттерге де жеңілдіктер қарастырылған деуге болады. Қазір Б.Сүлейменовтың тіс емдеу кабинетінде орта есеппен күніне 4-5 адамға сапалы қызмет көрсетіледі. Мұнда балаларға да қызмет алуға барлық жағдай жасалған.
-Дәрігер болу екі адамның бірінің қолынан келе бермейді. Дәрігер болу үшін адамға жылы жүрек пен жан мейірімділігі, кішіпейіл мінез, ең бастысы, қолдың ептілігі, білімнің жоғары болуы және сезімталдық қасиеттер ауадай қажет. Адамның бойында мұндай қасиеттер болмаса, дәрігер болу да мүмкін емес. Денсаулық – Алла тағаладан адамға берілген нығметтердің бірі. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығын өзі күтуі қажет. Адамға басқа ағза мүшелері қандай қажет болса, тіс те сондай қажет. Аурудың көбісі ауыз қуысы мен тістен басталады. Себебі, тістің асты шайнау мен қорытуға үлкен әсері бар. Сол себептен тісті жуып, оған күнделікті күтім жасаудың маңызы өте зор. Қалай десек те, адамның денсаулығы – өз қолында,- дейді тіс дәрігері.
Білікті тіс дәрігері Батухан Әділбекұлы тіс дәрігері болып еңбек ете жүріп отбасын құрып, елге пайдасы тиетін саналы ұрпақ тәрбиелеуді де ұмыт қалдырған жоқ. Ол отбасында асыл жары Күлшахан Мұсабекова екеуі төрт ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Үлкен ұлы Бекжігіт мектепті үздік бітіріп, қазір елордадағы Астана медициналық академиясында жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығының 7-курсында білім алса, қызы Сымбат М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығымен жоғары білім алу үстінде. Қалған ұл-қыздары мектеп қабырғасында оқиды.
Жұртшылықтың алғысына бөленген білікті тіс дәрігерінің біз байқаған бір қыры міне осындай. Жалпы таңдап алған мамандықты сүйген маманның да қадір-қасиетінің жоғары болатынына ешбір дау болмаса керек…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close